Бұқаралық билікті күшейтуге қам жасалуда

Күні , 162 рет оқылды

pri_9761


Елбасымыз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ауылдық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы қоғамда кеңінен талқылануда. Осы орайда кеше облыстық мәслихаттың мәжіліс залында аймақтық көшпелі кеңес өтті.


Жиынды облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева ашқан соң, ҚР Ұлттық экономика министрлігі өңірлік саясат, өңірлерді талдау және бағалау департаментінің директоры Жайық Шарабасов сөз  алды.

– Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу үшін халықаралық тәжірибе ескерілуде. Сондай-ақ Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасына сәйкес қажетті шаралар алынуда. 2018 жылы екі мың тұрғыны бар, 2020 жылы барлық ауылдық округте жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізіледі. Бұл бюджет салық түсімдерімен, айыппұлдармен және аудандық бюджет трансферті есебінен  толығатын болады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджет шығысы он екі бағытта жұмсалады. Оның қатарында мектепке дейінгі ұйымды материалдық тұрғыда қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру, ауыз су нысандарының жабдықтарын және автожолдар құрылысын жүргізу, күтіп-ұстау енгізілген. Коммуналдық меншік тұтқасы қолына берілген ауыл әкімшілігі қаражатты жергілікті қауымдастық өкілдерінің келісімі арқылы жаратады. Жалпы, заң жобасы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының экономикалық және қаржылық мүмкіндігін кеңейтуге, сол арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге, оған тұрғындардың ықпалын күшейтуге бағытталған, – деді ол.

Жиында ҚР Әділет министрлігіне қарасты Заңнама институтының жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Мереке Ғабдуалиев аталған тұжырымдама бойынша Еуропалық хартия үлгісі ұсынылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар ауылдық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала әкімдері аппаратының  жергілікті өзін-өзі басқарудағы орны, коммуналдық меншік маңызын айта келіп, алдағы уақытта қолданысқа енгізілген кезде кей мәселелердің туындау мүмкін екенін жасырмады. Мәселен, тұрғындарды айыппұлға тарту, оған жауапкершілікпен қарау тұрғысынан түсініспеушіліктер туындамас үшін алдымен құқықтық түсіндірме жұмыстары қолға алынғаны жөн.

Кеңесте Зеленов ауданындағы Переметный ауылдық округінің әкімі Аян Халауетдин 2014 жылы жергілікті өзін-өзі басқарудың арнайы шоты ашылғанын, содан бері жергілікті бюджет трансфертінен, жарнамадан және мемлекеттік мүлік есебінен (жалға беру) түскен 16 млн. 825 мың теңге кіріс қаржысының жұмсалу жайын баяндады. Оның айтуынша, оның ішінде 818 мың теңге елді мекенді абаттандыру және көгалдандыруға, 9 млн. 461 мың теңге көшеге шамдар орнатуға, 360 мың теңге оқушыларды тасымалдауға, 124 мың теңге тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар ол мемлекеттік сатып алу порталын жетілдіру керектігін жеткізді.

 Жиында біздің өңірмен қатар, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан келген аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Оларға министрлік өкілдері кеңінен жауап беріп, заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде тағы да талқыланатынын, соған орай ұсыныстарын жеткізетінін айтты.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика