Дамудың алғы шебінде

Күні , 119 рет оқылды

%d0%bd%d0%b0%d2%93%d0%b0%d1%88%d1%8b%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2-%d0%b6%d0%b0%d2%a3%d0%b0-%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%82


Ел үміті мен сенімі артылған судьялар қауымдастығы тағы бір зор серпіліс қарсаңында тұр. Еліміздің әділ билік өкілдері өзінің кезектен тыс VІІ съезіне дайындық үстінде.


Бұдан жиырма жыл бұрын, 1996 жылғы 19 желтоқсанда Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы судьяларының бірінші съезінде ел тарихында тұңғыш рет судьялар қауымдастығы құрылып, жарғысы, мақсат-міндеттері белгіленгеннен бері сот жүйесінің ең өзекті мәселелері судьялардың ең басты форумында  талқыланып  келеді.

Өткен съездердің басты көтерген мәселелеріне қысқаша шолу жасасақ, судьялардың бірінші съезінде сот тәуелсіздігінің қоғамдық кепілдігін қамтамасыз ету, судьялар біліктілігі мен беделін арттырудағы негізгі жұмыс бағыттары анықталды.

1999 жылғы съезде Елбасы судьяларды тағайындауда ашықтықты қамтамасыз ету және бұқаралық ақпарат құралдарына судьялыққа үміткерлер тізімін жариялау қажеттілігі жөніндегі ұсынысын білдірді. Қазіргі таңда бұл үрдістер жалғастырылып, ашықтық пен жариялылық сот-тың кадр саясатының басты тетіктерінің  бірі  болып қалыптасты.

Судьялардың үшінші съезінде Елбасының сот жүйесінің алдына қойған нақты сегіз тапсырмасы тарихи маңызын жойған жоқ. Соттардың қызметінің ашықтығы мен жариялылығы, жалпыға бірдей қолжетімділігі және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмысы бүгінде соттардың қызметінің құрамдас бөлігіне және соттардың қызметін бағалаудың негізгі критерийлердің  біріне  айналды.

Астанада өткен Қазақстан Республикасы судьяларының ІV съезінде басым бағыт ретінде сот төрелігін жүзеге асырудың халықаралық стандарттарына қол жеткізу міндеті қойылды. Қазақстандық сот жүйесінің халықаралық стандарттарға іс жүзінде жақындастырылуының арқасында 2011 жылғы қыркүйек айында Ыстамбулда өткізілген Халықаралық судьялар ассоциацияның орталық кеңесінің мәжілісінде Қазақстан Республикасының Судьялар одағы аталған халықаралық ұйымның тең мүшесі ретінде танылды.

Әлемнің жетпістен астам елі дауыс беруге қатысатын мұндай беделді халықаралық қауымдастықтың ықыласына бөленушілік – еліміздегі сот реформасының  зор жетістіктерінің  бірі.

Судьялардың V съезінде Елбасы ұлттық заңнаманы дүниежүзілік құқықтық стандарттармен неғұрлым белсенді үйлестіру міндетін қойды.

Жаңа ғасыр бастауындағы жобалар кейінгі жылдары нақты іске, өмір шындығына айналды.  Сот сатыларының дербестігі күшейтіліп, істерді қараудың жеделділігі мен сапасы арттырылды.  Сот қаулыларын орындаудың баламалы әдістері, жеке сот орындаушылары институты өмірге келді.

Алқабилер соты жұмыс жасап тұр. Мамандандырылған соттар жүйесі дамытыла түсуде. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық, әкімшілік соттарының қатарына соңғы жылдары қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот пен кәмелетке жасы толмағандар істері жөніндегі ауданаралық соттар қосылды. Болашақта дамыған елдердегідей салық соттарын құру жобасы да бар.

Дауларды шешудің баламалы әдістері жетілдірілді. Тергеу әрекеттеріне сот бақылауы орнатылып, бүгінде тұтқынға алу мен қамауда ұстауға санкцияны соттардың беруі қалыпты үрдіске айналды. Тергеу судьясы институты енгізіліп, оның құзыреттіліктері кеңейтіле түсуде. Сот кадрларын даярлау мен біліктілігін арттырудың қазақстандық жүйесі қалыптастырылуда.

Сот жүйесін дамытуға қатысты іргелі заңдардың қабылдануы өз нәтижелерін беруде. Бітімгершілік институттары дами түсіп отыр. Медиаторлардың қатысуымен қаралатын істердің саны жылмажыл артып келеді.

Соттардың қызметіне ақпараттық технологиялардың жаңа жетістіктері батыл енгізілуде. Автоматтандырылған электрондық құжат айналымы, соттардың интернет кеңістігінде болуы, сот процестерін бейнеконференц байланысы желісінде өткізу, процеске қатысушылардың сотқа келмей-ақ, интернет арқылы сотта өзінің құжаттарының жылжуымен танысуға мүмкіндік беретін ақпараттық сервистерді пайдалануы сот жүйесінің бүгінгі күнгі өмір шындығына айналып отыр. Қазіргі кезде соттарда барлық іс жүргізу электронды жүйе арқылы жүзеге асырылуда. Компьютерлік жаңа технологияларды игеру сот қызметкерлерінің білімбіліктілігі мен дағдысын жаңғыртып, уақыт көшінің алғы сапына жетеледі.

Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында дамыған 30 елдің қатарына жету мақсаты тұр. Еліміз өркениет дүниесімен терезесін теңестіріп, болашаққа қадамын нық басып келеді.

Судьялардың VІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Судьялардың халықаралық қауымдастығының Қазақстан Судьялар одағын толыққанды мүшелікке қабылдауы біздің сот жүйесін реформалауда жеткен жетістіктеріміздің мойындалуының белгісі» деп атап көрсете келіп, «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан — 2050» Стратегиясының басты межелерінің бірі – осы. Ендеше, міндеттеріңіз айқын, бағыттарыңыз белгілі. Өздеріңізге артылған үмітті ақтап, адал жұмыс істейтіндеріңізге сенемін. Сіздерге әділ төрелік пен адал қызмет серік болсын» деген тілегін жеткізген еді.

Еліміздің сот жүйесі өзіне артылған сенімді ақтап келеді. Елбасының бес институттық бағдарламасының «Заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған екінші бағытын жүзеге асыру мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында сот жүйесіне берілген тапсырмалар қысқа мерзім ішінде орындалып,  2016 жылдан бастап еліміз бес сатылы сот жүйесінен үш деңгейлі жүйеге көшті. Бірінші сатыдағы барлық істер – аудандық соттарда, апелляциялық істер – облыстық соттарда, ал кассациялық тәртіптегі істер Жоғарғы сотта қаралуда.

Ұлт жоспары аясында мемлекеттің, қоғамымыз бен экономикамыздың дамуына іс жүзінде нақты құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік беретін 59 заң күшіне енді. Жаңғыртылған заңдар қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыратыны сөзсіз. Сот төрелігіне қолжетімділікті жақсартып, сот өндірісін оңайлату мен жетілдіруге, заманауи ақпараттық технологияларды және бітімгершілік рәсімдерін кеңінен қолдануға мүмкіндік беретін жаңа Азаматтық  процестік кодекс, «Жоғарғы сот кеңесі туралы» заң күшіне енді. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық іс жүргізу және әкімшілік құқықбұзушылық кодекстеріне тиісті өзгерістер енгізілді.

Судьяларға қойылып отырған біліктілік талаптары күшейтілді. Судьялықтан үміткерлерді таңдаудың жаңа жүйесі жасалды.

Сот процестерінің бейнебайланыс жүйесін пайдалана отырып, өткізілуі және аудиобейнежазбаны судьялар мен процеске басқа да қатысушылардың тоқтата тұруына немесе редакциялауларына мүмкіндік берілмейтіндігі барша сот процесіне қатысушыларды тәртіпке салып, сот процестері мен қабылданған сот шешімдерінің шынайылығын қамтамасыз етуге оң өзгерістер әкелді.

Алдағы съезде  Судьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданады деп күтіліп отыр. Қазіргі кезде бұл маңызды құжат судьялар қауымдастығында кеңінен талқылану үстінде. Жаңа жоба қазірдің  өзінде беделді халықаралық деңгейдегі сарап комиссияларының оң қорытындыларын алып отыр.

Заманымыз жаңарып, заңдарымыз жетіліп, билігіміз бен бірлігіміз жарасып, тірлігіміз берекелі бола түсті. Судьялар қауымдастығы өзінің алдында тұрған жауапты да зор міндеттерін абыроймен  атқара  берері сөзсіз.

Мейрамбек  НАҒАШЫБАЕВ,

Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық  істер жөніндегі  сот   алқасының төрағасы


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика