31.08.2016, 20:40
Қараулар: 139
Дұғашы мен асыл мұраны сақтаушы

Дұғашы мен асыл мұраны сақтаушы

IMG_3850


Өткен жылы екі бірдей асылдың ұрпағымен сұхбаттасқан болатынмын. Бірі – немересі, бірі – шөбересі. Бірақ күнделікті қарбаласпен жүріп, тіпті ақпарат та жазылмай қалды. Ақтөбеде болған биылғы қанды оқиғадан соң асылымызды танудың маңызды екендігі анық болды.


Қазақты дінінен, салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан айыру арқылы қарусыз жаулау – отарлаудың басты құралы болғаны белгілі. Кеңес заманында терең білімділерді, соның ішінде сауатты имам, молда, тағы басқаларын да «халық жауы» деп айыптап, қуғындаудың басты себебі де осы екені анық. Соңғы жылдары еліміздің әр өңірінде діни сауатсыздықтың кесірінен орын алған қанды оқиғалар – осы көп жылдық солақай саясаттың жемісі. Жақында ғана Ақтөбеде болған жантүршігерлік оқиға тіпті тәуелсіздігімізге қатер екендігін көрсетті. Қатердің алдын алып, тамырымызды тауып, қазіргі буынмен қайта жалғау үшін ағартушылықпен айналысып, халыққа білім шашқан діни терең білімді тұлғаларымызды зерттеуді қолға алу – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Өңірімізде осындай тұлғаның бірі – Мәулімберлі Байшеркешұлы.

Әлқисса

IMG_0198Осыған дейін Мәулімберлі десе, Ақжайық ауданы Базартөбе ауылының маңындағы Мәулімберлі қорымы және сол жерде мешіті болған деген әңгіме ғана ауызға ілігетін. Қорымдағы құлпытастарға тіс батпай, не жазылғанынан да хабарымыз болмады. Тек 2014 жылы өңірімізге Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтынан тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Құрбанұлы Мүмінов бастап келген ғалымдар қорымдағы бірнеше құлпытастың мәтінін оқығаннан кейін Мәулімберлінің әкесі, өзі, ұрпақтары, өзімен аталас бірге тарағанның бәрі де оқымысты, діни сауатты, заманының озық ойлы адамдары болғанын білдік. Көзі қарақты оқырманның есінде болар, «Мәулімберлі қорымы – ғалымдар мекені» атауымен ескі қорымдарды зерттеу сапарының барысы бойынша 2014 жылғы 7 тамызда «Орал өңірі» газетінің №88 нөмірінде жариялаған мақаламыздың соңында: «Ғалымдардың өзі «Мәулімберлі қорымындағы тұлғалардың тарихи маңызы зор, болашақта арнайы мемлекеттік жоба жасап, соның аясында зерттеген жөн» дейді. Құрметті оқырман, осы Мәулімберлі қорымындағы тұлғаларға қатысты деректер, олардың ел үшін атқарған істері туралы әңгімелер білсеңіздер, тікелей ұрпақтары болсаңыздар, редакцияға хабарласуыңызды сұраймын» деп жазған болатынбыз. Алла қалауымызды қабыл алып, 2015-2017 жылдарға арналған «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы (БҚО-ның эпиграфикалық ескерткіштері ретінде)» атты ғылыми жоба бекітілді. Осы жобаның аясында өткен жылы осы саланың мықты маманы, ғалым Әшірбек Мүмінов және Бағдат Дүйсенов жергілікті өлкетанушылармен бірлесе Мәулімберлі және сол маңдағы Қарақоға қорымындағы барлық құлпытасты суретке түсіріп, өлшемдерін алды. Қазір ғалымдар ол ескерткіштердің мәтінін үш тілге толық аударды, жинақ етіп шығаруға дайындауда. Ұрпақтары да табылды. Соның ішінде көзі тірі жалғыз немересі Сәруәр әжемізбен және Мәулімберлінің ұстаған таяғын көзінің қарашығындай сақтап отырған Уахит шөбересімен кездесудің сәті түсті. Заманының мықты ғалымы, әулие, мешіт ұстап, бала оқытқан, ісі мен сөзі қабысқан, ұрпағына да мықты білім, дұрыс тәрбие берген, бірнеше рет Меккеге барған асылдың ұрпақтарымен болған сұхбатымыздың кей тұстары оқырмандарға да қызық болар.

20141104_203512Дұғашы – Сәруәр әже

Асылдың сынығы Сәруәр Ғазезқызының айтуы бойынша, ол Мәулімберлінің кіші ұлы Ғазездің қызы, 1931 жылы дүниеге келген. К. Ахметовтің «Кіші жүз Асқар (Байбақты, Жанбақты, Тынбақты және Тана руларының шежіресі)» кітабындағы мәлімет бойынша, Мәулімберліден – Қажығали, Нығыметолла, Зинолла, Ғабдрахман, Халиолла, Бақыт, Ғабдос, Ғазез болып тарайды. Бұл мәліметтер Сәруәр әжеміздің әңгімелерімен де қуаттала түсті. Сәруәр әжеміздің әкесі Ғазез Мәулімберліұлы 1880 жылы дүниеге келіп, 103 жасқа қараған шағында 1983 жылы өмірден өтіпті.

— Кішкентай кезімде, шамамен 7-8 жаста болармын, соғысқа дейін көп сөйлемейтін әкем әр нәрседен үркіп, көп көшіп жүрдік. Куйбышев облысы дейді, Опа дейді, Татарстан дейді, Бугуруслан дейді, әйтеуір, ана жерден мына жерге көшіп-қонумен болдық. Бала кез, мен не білейін? Жол-жөнекей ақлөпті құрып, үстін жауып жіберіп тамақтанамыз, — деп бастады әңгімесін әжеміз.

Өткен жылы Мәулімберлі қорымына барғанда оқылған құлпытастың бірінде Мәулімберлінің екі бірдей ұлына – үлкені Қажығалиға және Абдурахимға (шежіредегі Ғабдрахман болар) қойылғаны анықталып еді. Екеуі де 1919 жылы, бірі 50, екіншісі 44 жаста қайтыс болған. Екі бірдей оқымыстының бір жылда қайтуына қарап, олардың сол заманның саясатының құрбандары болды деп топшылауға болады. Ғазез атамыздың көп сөйлемей, бір жерге тұрақтамай, көшіп-қонуы ұрпағын аман сақтап қалудың амалы екені анық.

— 1939 жылы бәрін қуып әкеліп «Қызыл ақырап» деген колхоз құрды, қателеспесем, қазіргі Северный ауданы, «Победа» совхозы, қасында Пушкин деген ауыл болды. 1940 жылы ағамды, содан соң әкемді сол жерден армияға алып кетті. Анам Мүгілсін Тасмағамбетқызы жолдасы мен бас көтерген балалары соғысқа кеткеннен кейін өзі сырқатты болуына байланысты қауіптенді ме екен, ұрпағы біле жүрсін деп мені, кішкентай інім Ғалымжанды және апамды шақырып, былай деді: «Біз Ресей жерінен емеспіз, біз Тайпақтікіміз. Атамның аты – Мәулімберлі. Сендер Мәулімберлінің немересісіңдер. Сенің әкең – Мәулімберлінің ең кіші баласы. «Молданың баласы» деп көп қуалап, қашып көштік. Атаң Мәулімберлі екі рет қажыға барды. Үшіншіде «Мен ол жақтан келе алмаймын, мені жерлеп келесің» деп інісі Серғалиды ала кетті. Інісі Серғали жерлеп келді».

Сәруәр апа Мәулімберлінің ұстаған таяғы шөбересі Уахиттің қолында екендігін айтты. Меккеге соңғы үшінші мәрте барған Мәулімберлі атаны інісі Серғали жерлеген соң қайтарда атаның таяғын ала келген екен. Бірақ әкесі Ғазез қиыншылықта көшкен кезде үйде ұмыт қалыпты. Тек 1964 жылы Сәруәр апамыздың енесі қайтқанда, Әтібектен келген Жүсіпқали (Қара молда) деген адам ұмыт қалған таяқты сақтағанын айтады. Қаласа, алуына келісім береді. Міне, содан Ғазез ағай арнайы барып алған.

— Мәулімберлінің түр-келбетіне қатысты не айта аласыз, үлкендер ол кісіні сипаттап әңгімелеген жоқ па? — деген сауалымызға мына бір қызық жайтты айтып өтті.

— Ондай әңгіме болған жоқ. Бірақ 1949 жыл шамасы болар. Өте қиын, жоқшылық кез болатын. Бір күні түс көрдім. Түсімде басына сәлде ораған, шапан киген, орта бойлы қарт есіктен кіріп келіп: «Балам, налыма, егін шығады биыл, егін шығады» деп есікті жауып шығып кетті. Артынан шығып едім, көрмедім. Түсімді әкеме айтып едім: «Атаң ғой ол келіп жүрген» деді. Сол жылы шынымен егін өте жақсы шықты.

Кішкентай кезімде түс көріппін, өзімнің есімде жоқ. Кәрім ишан (Мәулімберлінің інісі Серғалидың ұлы болу керек) атамыз менің анама келіп: «Сен Сәруәрдың түсін жорымағансың. Ол – артымыздан қалатын дұғашы» деп ұрысқан.

Өткен жылы түс көрдім, түсімде құлағыма: «Қабдолмәжит, Қабдолқаят, Тасмағамбетқызы Мүгілсін» деген дауыстар келді. Бұлардың үшеуі де дүниеден өткендер. Қабдолмәжит пен Қабдолқаят – Мәулімберлінің ұлы Қажығалидың ұлы мен қызы, Тасмағамбетқызы Мүгілсін – өз анам. Қазір ойлап отырсам, Алла Тағаланың осы уақыт, осы жасқа дейін ғұмыр бергені – дұғашылық парызды өтеу үшін болар, — дейді Сәруәр әже.

20150710_214033Асатаяқты сақтаушы – Уахит аға

— Менің есімім – Уахит. Әкемнің аты – Насыр. Насырдың әкесі – Қалилолла, Қалилолланың әкесі – Мәулімберлі. Яғни мен Мәулімберлі атаның шөбересімін. Мәулімберлі атамыз Меккеге қыс айына таман бес кісі болып сапар шегіпті. Оның ішінде Өлеңтіден бір кісі, Сайқұдықтан бір кісі болған. Ас-суын даярлауға екі жанұя кісі алып, азыққа алдарына қой салып, 25 өгізбен, бір ат-арбамен жолға шығады. Аталарымыз уақытында аса ауқатты болған екен. Мамыр айының шамасында Құрбан айты болып, Мәулімберлі ата Меккеде құрбан шалады. Содан кейін елге қарай бет түзейді. Бірақ Меккеден бері шыққасын көп ұзамай дүние салады. Сөйтіп, атаны кері қарай Меккеге апарып жерлейді. Мәулімберлі атамыздың сүйегі Меккеде. Оның жайнамаз, шапан, аса таяғы кенже ұлы Ғазезге табысталған.

Ғазез 1983 жылы ақпан айында 102 жасында қайтыс болды. Ұзақ ауырған жоқ, айналасына бейнет көрсетпеді. Оның әдеті – тек қана қолдан тігілген киімді киетін. Ақ сақалды, өте діндар адам еді.

Кеңес үкіметі кезінде тұқымымыз қатты қудалауға түсуі себепті Ғазез атамыз тіс жарып, әңгіме айтпаған күйі кетті.

Ол қайтыс боларында менің нағашым – анамның туған ағасы Қажиахмет Сыралыұлына Мәулімберлі атаның аса таяғын аманаттап, былай дейді: «Бұл таяқты уақыты келгенде Насырдың баласы Уахитке табыстарсың. Әулеттен қолайлысы сол. Оның тазалық жолына да икемі бар». Ғазез атамыздың аса таяқты өзіне құда болып келетін менің нағашыма аманаттауының сыры – олар көрші тұрып, нағашым үнемі Ғазез атамның басын жуып, шаш-тырнағын алып беретін.

Қажиахмет нағашым 2000 жылы мамырдың 17-сі күні дүние салды. Ол қайтар алдында, мамырдың 15-інде мені шақырып алып: «Мына асатаяқ сіздің әулеттікі. Мен қайтқасын өзің ұстап қал» деді. Нағашымның қарасында оның ұлы Алдан әкесінің өсиеті бойынша өздері 17 жыл сақтаған асатаяқты маған тапсырды. Осы уақыттан бері асатаяқ менің шаңырағымда. Таяқты алғаным жайында, әулетімізге ортақ мұра ретінде сақталатынын Мәулімберлі атаның немересі – Ғазезқызы Сәруәр апайға және Ғазездің Сағи деген екінші баласынан туған немересі Қайыржанға ескерттім.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ

IMG_3987«Мәулімберлі»  білім  ордасы

Құлпытастарды зерттеуді жүйелі ұйымдастыруымыздың арқасында Мәулімберлі қорымындағы құлпытастар биыл толық үш тілге аударылып, ғалымдардың зерттеуіне тапсырылды. Ғылыми жоба шеңберінде тарихшы Жәнібек Исмурзин Орынбор, Уфа қалаларындағы мұрағаттардан тың деректер әкеліп, Мәулімберлі және оның ұрпақтары туралы сараптамалық материал дайындауда. Терең білімді, діни сауатты, мешіт-медресе ашып, көптеген шәкірт дайындаған Мәулімберлінің зиратына жақында ұрпақтары түнек салып, арнайы садақа берді. Мәулімберлінің туған немересі Сәруәр апамыздың ұлы Кәрім ағаның еңбегі бұл. Осыдан екі жыл бұрын дәл осы зират басына келгенімізде, бұрын қыз-қыз қайнаған өмірдің нышаны да болмады. Өртенген, құлазыған дала еді. Тек тынымсыз тіршілік болғандығының дәлелі құлпытастар ғана болатын. Биыл басқаша, қарақұрым адам, толған көлік, жаңа өмір басталғандай. Садақаға жүзге тарта адам қатысты. Осы қорымда ата-бабалары жерленгендерін білген ұрпақтары жан-жақтан ағылды. Тіпті Ресей аумағынан арнайы келгендері де болды.

Бұл жер тек ата-бабамыз жерленген қорым емес, сонымен қатар заманында осы маңдағы талайларды біліммен сусындатқан мешіт пен медресенің орны, яғни білім-ғылым ордасы болған жер. Жәнібек Исмурзин Мәулімберлінің әкесі Байшеркештің және баласы Қажығалидың құлпытастарының басында олардың өмірбаяны және еліміз үшін атқарған еңбектері туралы әңгімеледі (жақын арада Жәнібек Исмурзиннің Мәулімберлі және оның ұрпақтары туралы тарихымыздағы ақтаңдақтарды ашатын мақаласы жарық көреді, сондықтан естіп алғанымды алдын ала жарысып жазбадым). Үлкендер жағы көздеріне жас алып, алғыс жаудырумен болды. Туған елдің тарихы туралы дәрісті ата-бабаның басына барып алдық. Астан соң ұрпақтары көзі көрген үлкендердің айтуы бойынша деп мешіт пен медресенің орнын көрсетті.

Бұл – біздің  ата-бабамыз мақсатсыз көшіп-қонып жүрген надан емес, керісінше көшпелілік пен отырықшылықты қатар игерген сауатты, өз тілін, өз дінін, өз жерін ерекше құрметтеген, қорғаған ұлы даланың иесі екендігін дәлелдейтін орын. Сондықтан білім-ғылым ордасының орны болған бұл жерге арнайы белгі қою аса қажет-ақ. Болашақта елдің тарихынан сыр шертетін, ой салатын, ұлттық рухты көтеретін тарихи маңызды жерлерге белгі қоюды мемлекеттік деңгейде жүйелі ұйымдастыруды қолға алған жөн.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар