31.08.2016, 20:06
Қараулар: 135
Қолы шебер Жанар

Қолы шебер Жанар

SAMSUNG CAMERA PICTURES

SAMSUNG CAMERA PICTURES


«Багира» кафесінің қожайыны, ағаштан түйін түйген шебер Жанар Садарова есімі ауылдастары арасында құрметпен аталады.


Бүгінде Жанардың қолынан шыққан үстелдер, орындықтар, киім-кешек, ілгіш, шкаф, қолжуғыш, кереует, сөре, жиһаздар көз тартып, әр шаңырақтың ажарын ашып тұр. Қолына электрлі тескіш құралын алып, көзіне көзілдірік киіп, жұмысына кіріскен сәтінің де куәсі болған едік. Ер адамдардың батылы бара бермейтін істі ұршықша үйіріп алып кеткен ол жақында жаңа бір қырынан танылып, ауылдастарын тағы бір  сүйсінтті.

Көз жауын алардай құмыра, гүл, жан-жануарлар мүсініндегі кәдесыйлар  жасап, саттыққа шығарды. Нәтижесі де жаман емес. Жанардың анасы Рабиға апаның айтуынша, балаларының бәрі де кішкентай кездерінен сурет салған. Ісмерлікке икемді.

Жиһаз жасау оңай шаруа емес. Нағыз шұқыма жұмыс. Дегенмен іскер жан өзін осы салада байқап көруді ойлады. Мұндайда жанашыры – анасының ақыл-кеңесі ауадай қажет. Нағашыларынан дарыған іскерлік те Жанарды айналып өтпеген-ді. «Іс тігуді қолға алсам, қалай болар екен?» деген ойын ортаға салды. Анасы оның бұл талабын құптай қоймады. «Ұсақ жұмыс, қалай болар?» деген күмәнін алға тартты. Ойлана келе құмыра, крахмалға салынған гүлдер, жан-жануарлар бейнесін жасады. Бұл істе қылқалам құдіреті нәтижесін берді. Алдымен суретін салып, яғни макетін құрып алды. Қатесін өзі тауып, оны түзеу арқылы еңбегін жандандыра түсті. Гүлдің сабағына салфеткаларды шиырлап байлады, жібек маталарды крахмалдап, қызылды-жасылды гүлдердің әр алуанын жасап шығарды. Ал құмыра жасауды алғаш қолға алғанда баклашка, әйнектерді пайдаланса, кейін бұл жұмыстың түрлі жасалу жолдарын зерттеп, шығармашылық жұмысын жандандыра түсті. Мәселен, жануарлар мүсіні дәретхана қағаздары арқылы іске асты. Алдымен ағаштан сұлбасын ойып алып, оны әрледі. Әрбір ұсақ тетіктерін де аса жауапкершілікпен атқаруға тырысты. Жан-тәнімен беріліп істеуінің нәтижесінде осылай әдемі дүниелер өмірге келді. Әсемдікке ерекше ынтазарлық Жанардың еңбектен, тәуекел етуден қашпайтынын байқатады. Ізденіс – оның басты мұраты. «Ниет, қызығушылық болса, адамның қолынан келмейтіні жоқ», — дейді іскер жан.

Жалпы, Садаровтар отбасының ептілігі арқасында әр жерде қолтаңбалары қалған. Олардың көлік жөндеу, үй құрылысын жүргізу, темір қақпа, жиһаз жасаумен айналысатындары бар. Әулеттің үлкені Мүсілім ағаш шебері болса (мамандығы мұғалім), Палласовка қаласында тұратын Нұрлан құрылыс жұмысына икемді. Темір қақпалар жасаумен айналысады. Мереке – көлік жөндеудің майталманы. Ал Садаровтар отбасының отағасы, марқұм Бисенбай аға техника тілін жетік меңгерген жан болыпты. Әке-ана қанымен дарыған осынау қасиет ұрпақтарын да табыс төріне жетелеуде.

Гүлнар ҚАДЫРОВА,

Бөкей ордасы ауданы