31.08.2016, 20:05
Қараулар: 35
Қала әкімінің марапаты

Қала әкімінің марапаты

image-31-08-16-03-00


Қалалық әкімдікте ел дамуының негізгі қағидалары мен бағыт-бағдарын, мемлекет пен қоғамның қатынасын анықтайтын Конституция күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған қала әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.


Шара барысында Конституция күні қарсаңында қызметке қабылданған мемлекеттік қызметкерлер ант қабылдады. Ант берушілердің қатарында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі экономикалық сараптама және бухгалтерлік есеп секторының бас маманы Данияр Қарекенов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектер мен ардагерлерді әлеуметтік қорғау секторының бас маманы Гүлнар Нұриденова, Зашаған кенті әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің жетекші маманы Айнұр Тәшімова болды.

Сонымен қатар қала әкімі конституциялық негіздерінің қалыптасуы мен дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға елеулі үлес қосқан азаматтарды алғысхаттармен марапаттады. Марапатталушылардың қатарында қалалық прокуратураның бөлім басшысы Асылбек Қадыралиев, облыстық әділет департаменті нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Мұрат Садықов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ БҚО филиалы бірінші басшысының міндетін атқарушысы Назымгүл Қуанышалиева, облыстық қазынашылық департаментінің бас қазынашысы Светлана Удалова және басқалар бар.

– Елімізде жақсы дәстүрлер қалыптасты. Солардың бірі – басты мемлекеттік мереке қарсаңында өңіріміздің лайықты азаматтарын марапаттау. Қоғамымыздың маңызды құндылығы – бұл қажырлы еңбек. Сондықтан Елбасы өз атынан және мемлекет атынан еңбегімен зор табысқа жеткен азаматтарға ерекше құрмет көрсетіп келеді. Сіздердің жетістіктеріңіз әріптестеріңізді және барлық азаматтарды жігерлендіретініне сенемін, — деді Нариман Төреғалиев.

Сондай-ақ қала әкімі Ата заң күні қарсаңында 16 жасқа толған азаматтардың жеке куәліктерін салтанатты түрде табыс етті.

– Сіздер басты құжаттарыңызды мереке қарсаңында алып отырсыздар. Бүгіннен бастап тәуелсіз еліміздің толық құқықты азаматы атанып, дауыс беру құқығына ие болдыңыздар. Келешекте сіздерді өз елін алға жетелейтін көшбасшы әрі отаншыл азаматтар қатарынан көреміз деген үміттемін, — деді Нариман Төреғалиев.

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар