31.08.2016, 19:46
Қараулар: 47
Сегіз рет құжат жоғалтыпты

Сегіз рет құжат жоғалтыпты

IMG_9976


«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалында азаматтарды арыз-шағымдары бойынша кезекті қабылдау өтті.


Аталмыш шараға қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектің сапасын бақылау облыстық департаментінің басшысы Серік Жалмұқанов, медициналық қызметке ақы төлеу бойынша облыстық департаменттің бастығы Бекмырза Ілиясов, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Алтын Орынғалиева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдә Исқақова, еңбек және әлеуметтік, көші-қон департаментінің басшысы Сатқан Төлегенов пен облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Бейімбет Мұқашев келушілердің сұрақтарына жауап берді.

Алғашқы келуші Орал қаласының тұрғыны Айнұр Тапалова екен. Оның екі баласы бар, өзі жұмыста жоқ. Жұбайының сырқатына байланысты тұрмыс тауқіметін кешіп отыр. Сондықтан әлеуметтік жәрдемге мейлінше мұқтаж. Шағымды тыңдаған Ділдә Исқақова оған тиесілі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшерін анықтап беретіндігін айтты. Ал Б. Мұқашев болса, келушінің өтінішіне қосымша түсінік  берді. М. Аймұрзиева да Тапалованың саласына қатысты арыз-шағымын тыңдап, өзіне келіп, әдейі жолығуын сұрады.

Жаңыл Қоянова – Круглоозерное ауылының тұрғыны. Төрт баласы бар, өзі жұмыссыз. Еңбек биржасы арқылы аспаз да, хат тасушы да болып істеген. Қазір жұмыссыз екенін айтып, өзінің ауылындағы психоневрологиялық диспансерге орналастыруын өтінді. Бұрын  сол мекемеде еңбек етіпті. Ділдә Салауатқызы шағым иесінің ең әуелі жұмыспен қамту орталығына барып, тұрақты тіркелуін сұрады. Содан соң жағдайды анықтап, мүмкіндігінше көмек беретініне уәде етті. Б. Мұқашев кезінде уақытша  жұмыс істегені үшін ақысын төлемеген кәсіпкерден тиесілі еңбегін өндіріп алатынын айтты.

Зеленов ауданындағы  Мичурин ауылының тұрғыны Мергүл Қадырова да жұмыс іздейді. Ол М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-ды 2007 жылы физика және ақпараттандыру мамандығы бойынша бітірген. Қазталов ауданында еңбек етіпті. Бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгеріп, екінші диплом да алған. Қазір тұрмыста, төрт баласы бар. Ұстаздық өтілі тоғыз  жылды құрайды. Енді бастауыш сынып мұғалімі болғысы келсе, қалалық мектептер басшылығы одан кәсібі бойынша санат және өтіл сұрап, маңына жақындатпайды екен. Ділдә Исқақова оған жұмыс жағдайы бойынша түсінік берсе, Б. Мұқашев жас маманнан санат пен өтіл сұраудың Еңбек заңына қайшы екенін айрықша атап өтті. Соған орай егер М. Қадырова қаласа, қолұшын беруге даяр.

Қабылдауға кезекті келуші Надежда Макарованың  жағдайы жиналғандарды таңдандырды. 54 жастағы бұл әйел сегіз рет құжатын жоғалтыпты. Өзінің айтуынша, құжат жоғалғанның кесірінен жеке меншігіндегі екі үйінен де айырылған. Үйленген ұлы, тұрмыста қызы бар. Бірақ олармен қарымқатынас жасағысы келмейді. Тұрғылықты жері болмағандықтан, Орал қаласындағы бейімдеу орталығын паналапты. Енді оның сұрайтыны – жеке басын куәландыратын құжаттар. Тағы да Ділдә Салауатқызы онымен жылы сөйлесіп және жоғарыда аталған орталықтың басшылығына хабарласып, Н. Макароваға барынша көмек көрсету жөнінде тәртіп берді. Қабылдау соңында Орал қаласының тұрғыны, зейнеткер Дәулет Есдәулетовтің шағымы да тыңдалып, соған орай тиісінше кеңес беріліп, ұйғарым қабылданды.

Серпін  САЯҚ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар