31.08.2016, 19:44
Қараулар: 27
Веложорық ұйымдастырылды

Веложорық ұйымдастырылды

DSC_0999


ҚР Конституциясының 21 жылдығына орай Жымпиты-Орал бағытында веложорық ұйымдастырылды.


Тамыздың 29-ы күні сағат 11.30-да Сырым ауданының орталығынан шыққан велошабандоздар сағат 20-00-де Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының алдына келді. Оларды Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылары қарсы алды.

– Ата заңымыз күні қарсаңында веложорық шарасын өткізу дәстүрге айналып келеді. Осыдан екі жыл бұрын Ақсай-Орал, былтыр Чапаев-Орал бағыттарында велошабандоздарымыз жолға шықты. Салауатты өмір салтын насихаттау, балалар мен жастарды велоспортпен айналысуға шақыру мақсатында ұйымдастырылып отырған бұл шараға отызға жуық спортшы қатысты. Олардың арасында жастар, орта және аға буын өкілдері бар, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Дәурен Мұқанов.

Айта кетейік, 10 қыркүйекте, қала күніне орай Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығынан П. Атоян атындағы стадионға дейін веложорық өтеді. Oған кез келген жан қатыса алады. Бұл жолғы веложорыққа да шамамен 600 шақты адам қатысады деп күтілуде.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Салтанат АЙТМАҒАМБЕТОВА,

веложорықтың ең жас қатысушысы:

– Алыс қашықтықтағы веложорыққа екінші рет қатысуым. Алғаш рет екі жыл бұрын Ақсай-Орал бағытындағы веложорықта өзімді сынап көрген едім. Ұнағасын биыл тағы шықтым. Аса қатты шаршаған жоқпын. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Мен облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 10-сыныбында оқимын. Велоспортты бала кезден ұнатамын, алдағы өмірімді осы спортпен байланыстырғым келеді.

Қазболат  ҚҰРМАШЕВ,

облыстық  велоспорт  бойынша БЖСМ  директоры:

– Аудан орталықтарынан қалаға дейін және қала ішінде болатын веложорықтарға негізінен біздің тәрбиеленушілеріміз қатысады. Орал-Жымпиты бағытында жолға шыққандардың арасында ардагерлеріміз, бапкерлеріміз, шәкірттеріміз болды. Бәрі де жақсы жетті.

Жалпы спорт мектебімізге 174 бала келіп, велоспорттың қыр-сырын үйреніп жүргенімен, бәріне бірдей велосипед жетіспейді. Екі балаға біреуден келеді. Сол себепті веложорықтарға кезектесіп шығады. Десек те, өз ісіне берілген бапкерлеріміздің арқасында шәкірттеріміз бұл спорт түрін жақсы меңгеруде. Республикалық, халықаралық жарыстардан жеңімпаз, жүлдегер болып оралуда.