Аналар бас қосқан тұңғыш форум

Күні , 4 385 рет оқылды

IMG_2399


Кеше облыстық қазақ драма театрында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің ұйымдастыруымен бірінші аналар форумы өтті. Оның жұмысына көп балалы және патронатты аналар, облысымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, түрлі салада еңбек етіп жүрген белсенді және іскер әйелдер қатысты. Форумға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Алқалы жиынға қатысушыларға қош келдіңіздер айтқан өңір басшысы қоғамдағы, отбасындағы ана рөліне тоқталып, Елбасының «Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды. 25 жылдағы барлық жетістіктеріміз сіздердің белсене атсалысуларыңыздың арқасында ғана мүмкін болды. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар» деген сөзін еске салды. Облыс басшысының айтуынша, облысымыздағы халық саны 600 мыңнан астам адамды құраса, оның басым бөлігін әйелдер (әйелдер – 329 889, ерлер – 308 559) құрайды. Олар бала тәрбиесінде, үй шаруасында, азаматтық және мемлекеттік қызметте, өндірісте, сауда айналасында, басқа да салаларда еңбек етеді. Өңірімізде 8 мыңнан астам көп балалы ана бар. Соңғы жылдары облыста атқарушы және өкілетті органдарда басшылық қызметтегі әйелдер саны (ондай әйелдер — 114, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты — 1, облыс әкімінің орынбасары — 1, аудан әкімдерінің орынбасарлары — 5, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары — 15, облыстық басқармалардың, аудандық және қалалық бөлімдердің басшылары — 36, түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, хатшылары — 56) өсіп отыр. Сонымен қатар білім беру саласында 17 мың, денсаулық сақтау саласында 8,5 мың нәзікжанды жұмыс істейді. Бүгінде өңірде 34 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі болса, солардың басым бөлігін (20600-ін) ақжаулықтылар басқарады.

— Отаншыл ұрпақты тәрбиелеп, ел ертеңінің еңсесін көтерер ұлдар мен қыздарды өсіріп, баптап, қоғамдық өмірде қажырлы еңбегімен атсалысып жүрген азаматшалардың бір бөлігі осы залда отыр. Болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі табандылығыңыз, өмірлік ұстанымыңыз, еңбекқорлығыңыз, даналығыңыз үшін мың да бір рақмет! — деген облыс әкімі Алтай Көлгінов бүгінгі қоғамдағы әйелдер алдында тұрған міндет-мақсаттарды саралады. Басты құндылықтардың бірі – отбасы институтын нығайту, қыздар тәрбиесі, жастар арасындағы суицидтердің өсуі, жас ұрпақты радикалдық діни секталардың арбауынан сақтау мәселелері сықылды түйінді түйткілдерге қоғаммен бірлесе отырып жіті назар аудару, жалпы кейінгі толқынға рухани-адамгершілік тәрбиесін беру жөніндегі ойымен бөлісті. Форумға қатысып отырған Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионованың анасы Наталья Михайлқызына ел намысын қорғайтын спортшы тәрбиелегені үшін және спортшының өзіне жеңісі үшін алғыс айтты.

Форумда аналар кеңесінің төрайымы, Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, қалалық мәслихат депутаты Шалқыма Құрманәлина облыстың қоғамдық-саяси дамуындағы және ұрпақ тәрбиесіндегі аналар рөлі жайында баяндама жасады. Жиында сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Л. Тұрсынова, «Аналар үйі» қоғамдық жобасының жетекшісі Н. Лисицына және өзгелері бала тәрбиесі, қоғамдағы әйелдер белсенділігін арттыру мәселелері жайындағы ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиын соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика