Инвестициялық форум өтеді

Күні , 5 170 рет оқылды


Қыркүйектің 8-інде, қала күні қарсаңында Оралда «WestKazInvest-2016» III Халықаралық инвестициялық  форумы және тауар өндірушілердің көрмесі өтеді. Өңірдің экономикалық даму үрдісіндегі маңызды шараға ұлттық және өнеркәсіптік  компаниялардың, екінші деңгейдегі банктердің, қазақстандық және халықаралық даму институттарының өкілдері жиналады. Сонымен қатар Ираннан, Финляндиядан, Түркиядан, Біріккен Араб Әмірлігінен, Ресейдің шекаралас облыстарынан қонақтар келіп қатысады.


Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Миржан Сатқановтың айтуынша, форум өңірдің инвестициялық әлеуетін таныту, өңіраралық әріптестіктікті нығайту, өңірлер мен елдер арасында біріккен кәсіпорындар құру мақсатына арналған.  Нақты айтсақ, аталмыш шара облыстың инвестициялық ахуалын жақсартуда маңызы зор болуы тиіс.

Инвестициялық форум екі бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімінде облыстың іргелі кәсіпорындарының көрмесі ұйымдастырылып, оның барысында өңірдегі инвестжобалардың тұсаукесері жасалады.  Шараның екінші бөліміне экономиканы дамыту, жаһандану және инвестиция тарту саласындағы тәжірибелі сараптамашылар қатысып, ой бөліседі.

— Мысалға, Иран біздің өңірге әлеуетті нарық болып табылады.

Қазір бұл елден барлық санкциялық шектеулер алынып тасталды.

Сондықтан барлық ел Иранға ұмтылып, нарықтағы өз орнын алуға жанталасуда. Біздің кәсіпкерлер үшін де Иран Ислам Республикасымен әріптестіктің  жақсы келешегі ашылады деп үміттенеміз. Иран да елімізге өз өнімдерін экспорттауға құлықты, — деді Миржан Сатқанов.

Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға құйылған инвестиция  көлемі 194,8 млрд. теңгені құрады және бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштен 26.8%-ға  жоғары. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.  Соның ішінде облыста Қытаймен калий тыңайтқыштарын өндіру жобасы іске асырылуда. Араб инвесторларымен бірге мұнайды терең өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланған. Су тазалау және қоқыс қалдықтарын өңдеу бойынша фин компаниясымен келісімдер жүргізілуде. Сондай-ақ түрік инвесторларымен электр қалқандары өндірісі жобасы жүзеге асырылуда. Қорыта айтар болсақ, өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында жоспарланған жүйелі жұмыс бар. Алдағы өтетін форум облыс экономикасына отандық және шетелдік инвестициялар ағынын бұруды көздейді. Форумға қатысуға ынталы кәсіпкерлердің барлығы  www.westkazinvest.kz. тіркеле алады.

Альбина  БАЙҚОНАҚОВА


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика