Қалалық №2 сот жаңа ғимаратқа көшті

Күні , 268 рет оқылды

IMG_1283


Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында және ҚР Конституцияcы күні қарсаңында Орал қалалық №2 сотының жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Жоғарғы соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров қатысты.


– Қазіргі заман талабына, әлем­дік стандартқа сай салынған жаңа ғимаратта соттың әділ шешімде­рі қабылданып, сот ісі ашық әрі айқын болады деп сенемін. Бұрын қазақ елінде әділдіктің символы  билер институты болды. Жаңа қоғамда олардың рөлін әділ судьялар атқаруда. Елбасының қол­­дауы арқасында елдің сот жүйесі заман талабына сай дамуда, – деген Еліс Нұрқасымұлы облыс әкімі Алтай Көлгіновке ҚР Жоғар­ғы со­ты­ның төрағасы Қайрат Мә­мидің  алғысхатын  табыстады.

– Бүгін өңіріміз үшін елеулі оқи­­ға болды. Конституция күніне  орай жаңа сот ғимараты бой кө­терді. Бұл ғимараттың ашылуы ерекше мәнге ие. Себебі Елба­сы­мыздың бекіткен «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспарында сот жү­йе­сін жаңғырту бағыттары белгі­ленген. Жаңғырту ма­­териалдық-техникалық жағынан да қа­расты­рылуы қажет. Судьялар жә­не сот жүйесінің қызметкерле­рін бүгін­гі ерекше оқиғамен құттықтай­мын. Жаңа ғимарат сот жүйесі қыз­метінің жоғарылауы­на септі­гін тигізері сөзсіз, – деді Алтай Көлгінов.

Өз кезегінде сөз алған сот са­ла­сының ардагері  Қуаныш Әбуов­тың айтуынша, ол осыдан 39 жыл бұрын қалалық соттың бұрынғы ғимаратының салтанатты ашылуы­на қатысқан. Құқық қорғау ор­гандарында 41 жыл қызмет еткен доғарыстағы судья сол кездегі қыз­метін еске алды. «Ол кезде екі-үш судья бір кабинетте отыра­тын. Сот актілері қолмен толтырылатын. Тіпті кейде сот отырыстары дәліздерде өтетін еді. Ал жаңа ғи­мараттың ішінде сот қызметінің барлық жағдайы қарас­тырылған», — деді Қуаныш Әбуов.

Ғимаратты салған «Жиенбай» ЖШС директоры Александр Қара­ғойшин қалалық №2 соттың төр­ағасы Мұрат Иманбаевқа бейнелік кілтті табыстаған соң, жаңа ғимараттың  лентасы  қиылды.

Қалалық №2 соттың жаңа ғима­раты жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Оның жалпы көлемі 7478 шаршы метрді құрайды. Мұн­­да барлық қажетті және қауіп­сіз­дік жағдайлар қарастырылған. Қызметкерлер үшін жалпы 31 ка­бинет, оның ішінде 15 сот отырысы залы, екі күту залы, адвокаттар мен прокурорларға арналған ка­бинеттер, медиация бөлмесі, мұрағат және медициналық кабинеттер бар.

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика