Жемқорлықтың жолын жұмыла кескен жөн

Күні , 235 рет оқылды


Cыбайлас жемқорлық – қоғамның көлеңкелі тұсында тамыр жайып отыратын ауыр індет. Ширек ғасыр ішінде әлемге танылып келе жатқан мемлекетіміздің кең қанат жаюына тұсау болып отырғанын мойындауға тиіспіз. Демократия тетіктері мығым орнығып келе жатқан елімізде әрбір адамның моральдық-құқықтық теңдігі қорғалуы үшін барлық жағдай жасалуда.


«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасымыз: «Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті  дамытудың жаңа кезеңі бастау алды. Менің Жарлығыммен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды. Осылайша  тек  мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр. Бұл жерде жемқорлықпен күрестің өзі барынша дәйекті бола түседі және жүйелі сипатқа ие болады»,  – деген еді. Сонымен қатар  соңғы  жылдары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңдары аясында құқықбұзушылыққа қарсы әрекет қатаңдай түскені белгілі.

Елбасы бекіткен 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның ықпалы түрлі мемлекеттік органдарда, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, кәсіпкерлік сала мекемелерінде айрықша байқалады. Заңбұзушылықтың алдын алуға байланысты дөңгелек үстел, семинар, есеп жиындары, БАҚ арқылы ағарту шаралары үздіксіз қолға алынуда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаменті былтыр 250 қылмыстық құқықбұзушылықты анықтады. Ал бұл көрсеткіштің мемлекетке тиген залалы орасан зор. Латын тілінен алынған «corruptio» сөзінің этимологиялық төркіні «параға сатып алу», «пара» деген мағынаға саяды. Рим империясы дәуірлеп тұрған кездің өзінде-ақ «corrumpire» түсінігі болған. Яғни  «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау» деген түсініктің аясында құқыққа қарсы іс-әрекетті білдірген. Ерте заманнан-ақ, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы қатаң айыпталып отырған.

Тұрғындардың құқықтық  сауаты бекем бола түскен сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейе түсетіні анық. Мемлекеттік саясатты тиімді жүргізуге зор кесел келтіріп отырған парақорлықтан аулақ жүру, құқықбұзушылықты әшкерелеу – баршаға міндет. Бұл ретте мемлекеттік аппаратта жүргізіліп жатқан реформалар бүгінде оң нәтиже беруде. Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі мен қабілеті терең талдау жүргізілетін конкурстар арқылы бағалануда, мамандардың мансаптық өсу жолы да таза болуына қатаң талап қойылуда.

Қазіргі уақытта қоғамдық бақылау институттарының құзыреті күшейтілуде. Халықаралық және ұлттық деңгейде сыбайлас жемқорлық деректерін талдау арқылы қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға қатысты зор жұмыстар жүргізілуде. Әрине, бұл іске қоғам тарапынан зор қолдау қажет. Ол үшін мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Жеке мүддесінен гөрі ел қамын ерте ойлаған жан парақорлық секілді жаман қасиеттен аулақ болатыны анық.

Бейбіт  ИРМЕНОВ,

Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл ұлттық бюросы  БҚО департаменті жедел басқарма басшысының орынбасары


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика