Қос жүлде түсті тағы да

Күні , 180 рет оқылды

горичева


Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы олимпиада ойындарында қазақстандық ауыр атлеттер Фархад Харки мен Карина Горичева қола жүлдегер атанды.


Қазақстанға Қытайдан келіп, Ақтөбе облысы атынан сынға түсіп жүрген дүнген жігіті 62 келіге дейін салмақта бар болғаны екі-ақ мүмкіндігін пайдаланды. Ол жұлқа көтеруден 135 келіні бағындырса, серпе көтеруден 170 келімен тоқтады. Қоссайыс қорытындысы – 305 кг. Бірден айту керек, оның жүлдеге ілігуіне осы жарыстың басты үміткері, екі мәрте әлем чемпионы, қытайлық Чэнь Лицзюньнің жұлқа көтеру кезінде жарақат алып, жарыс жолынан шығып қалуы себеп болды. Бапкерлердің ақылымен қазақстандық атлет күміс жүлдеге де таласуға ниеттенді, бірақ 177 кг зілтемірді бағындыра алмады. Аяқ астынан қытайлық жолдан тайғаннан кейін бұл салмақта колумбиялық Оскар Фигероа қоссайыс қорытындысында 318 кг (142+176) нәтижемен чемпион атанып, мәртебесі асса, индонезиялық Эко Юли Ираван күміс жүлдені (312 кг, 142+172) қағып әкетті. Міне, бақ пен сор деген осы.

Жарыстан кейін ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни енді шәкіртінің 69 келіге дейінгі салмаққа ауысатынын мәлімдеді. Ал 25 жасар Фархад Харкидің өзі Токио олимпиадасында алтын үшін айқасатынын жеткізді. Мұны уақыт көрсетеді.

Допинг дауынан кейін Лондон олимпиадасының төрт бірдей чемпионы (Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло) Риоға бара алмағаннан кейін Қазақстан құрамасы қатты әлсіреп қалғаны белгілі. Ф. Харкиге дейін Маргарита Елисеева (48 кг) бесінші, Арли Чонтей (56 кг) төртінші орынды иеленіп, жүлдеге қол созым жерде қалған еді.

10 тамызға қараған түні жарыс алаңына 63 келіге дейінгі салмақта талдықорғандық 23 жасар атлет, ересектер арасындағы әлем біріншіліктерінде әлі жүлде ала қоймаған Карина Горичева шықты. Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырғанына қарамастан, Карина үмітті ақтады. Ол жұлқа көтеруден 111 келіні бағындырып, екінші орында тұрды. Серпе көтеруден 132 келіні алғаннан кейін күміс жүлдеге де үміті болды. Дегенмен 137 кг салмақ ауырлау тиді. Сөйтіп қоссайыс қорытындысында (243 кг) қола жүлдені иемденді. Бұл салмақта үш мәрте әлем чемпионы, қытайлық Дэн Вэй ешкімге дес бермей, қоссайыс қорытындысында дүниежүзілік рекордты (262 кг, 115+147) жаңартты. Солтүстіккореялық Чхве Хе Сим 258 кг (105+143) нәтижемен күміс медальға қол созды. Бұл үшеуінің жасы 23-те болғандықтан, бәсекелестік алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін. Олардан бір жас үлкен, 2013 жылғы әлем чемпионы, осы олимпиададан шеттетілген ресейлік Тима Туриеваны да естен шығаруға болмайды. Дегенмен Қазақстанға төртінші медаль сыйлаған Карина бұдан кейін 69 келі салмаққа ауысатынын айтты.

Бүгін түнде олимпиада жүлдесі үшін бәсекеге қазақтың қарагөз қызы, әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл (69 кг) мен әлем чемпионы Нижат Рахимов араласты.

Айта кетейік, бұдан бұрын дзюдодан Елдос Сметов күміс, Отгонцэгэг Галбадрах қола жүлдегер атанған болатын. Қазақстанға енді жетпей тұрғаны – алтынның сыңғыры.

Ғайса БӘЙМЕН


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика