11.08.2016, 20:08
Қараулар: 1
Таңғажайып “тұрғындар” немесе жас натуралистер бағында

Таңғажайып “тұрғындар” немесе жас натуралистер бағында

IMG_8991115


Табиғат атты ортақ үйде үндестікте, сыйластықта өмір сүргенге не жетсін. Жыбырлаған жәндіктер мен алуан түрлі аңдардан құралған хайуанаттар әлемі де таңғажайып табиғаттың бөлінбес бір бөлшегі іспеттес. Табиғатта тұтас тіршіліктің жүйелі жалғасуы үшін әрбір жан иесінің орны маңызды. Адамдар секілді аңдар да мейірім мен қамқорлыққа мұқтаж.


Шаһар іргесіндегі Шаған өзенінің жағалауында орналасқан, 60 жылға жуық тарихы бар Жас натуралистер саябағына таңғажайып «тұрғындар» туралы білгіміз келіп барған едік. Мұнда алдымен, ерекше табиғатқа көз түседі. Жап-жасыл әлем. Жабайы аңдар. Аталмыш саябақтағы экология бөлімінің жетекшісі Фиягүл Қауымбаева бізді әр мекендеушінің жанына апарып, олар туралы қызықты деректермен бөлісті.

Ең үлкен тордың қасында кішкентай қыз сықылықтай күліп тұр. Ол апасымен бірге Даша есімді кірекей және оның қонжығы Катяға тамақ беріп жүр екен. Сақтық мақсатында келуші мен аюдың арасы екі тормен қоршалыпты. Кішкентай қыз сол екі тордың арасымен алма мен сәбізді кезек-кезек лақтыра береді. Аю да тоймайды екен, біреуін жеп алады да, «Тағы бар ма?» дегендей қарап тұрады.

«Апа, енді сәбізді берші», «Алманы лақтырайыншы», «Жей ғой, Катя» деген кішкентай қыздың есілдерті аюда. Аю алманы күтірлетіп жеген сайын қыз сықылықтап күле береді. Аю да сәбидің жылуын сезгендей, көздерін мөлдіретіп мейіріммен қарайды.

Хайуанаттар бағына келушілердің таңданысын тудыратын алып денелі жануардың бірі – Даша. Ол 2002 жылы екі жасында Семейдегі хайуанаттар үйінен әкелінген екен. Даша 14 жылда бірнеше қонжықты дүниеге әкелген. Қазір оның ұрпақтары Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі зообақтарда жүрген көрінеді. Жабайы табиғатта Солтүстік Америка және Еуразияны мекендейтін аюдың бұл түрі ет, балық және көкөністермен қоректенеді.

– Бұл аюдың дене тұрқы екі метрге жетеді, салмағы 150-200 келі шамасында. Мінезі бейқам, момын. Аюлар үш жасында жұптасуға қабілетті болады. Буаздығы жеті айға созылып, 2-4 қонжық табады. Олардың денесі үлкен болғанымен, жандары өте нәзік келеді. Біреуіне артық көңіл бөлінсе, артық еркелетсе, екіншісі ренжіп, бұртиып қалады. Сондықтан барлығына тең қарауға тырысамыз, — дейді Фиягүл Кубинқызы.

Зообақта Шыңғыс және Шерхан есімді ағайынды қасқырлар өмір сүруде. Оларды бөлтірік кезінде белгісіз адамдар зообаққа әкеліп тапсырыпты. Қастарына жақындағанымызда, басқа жануарлар секілді қуанбады, тамақ та сұрамады. Тіпті өздерімен-өздері жатқан күйі бізге назарларын салмады да. Және келушілер де олардың жанында көп кідірмейді.

– Қасқыр – табиғатынан еркіндікті жақсы көретін аң. Оны қолға үйрету – қиынның қиыны. Циркке барғанда, аң патшасы арыстаннан бастап, қолға үйретілген аңның түр-түрін көруге болады. Ал қасқырды ешбір цирктен кездестіре алмауымыздың себебі – осы. Қасқыр еш қақтығыстан қайтпайды. Не өзі өледі, не жауын өлтіреді. Негізінде қасқырларды дала санитары деп атайды. Өйткені олар әлсіз, аурушаң аң-құстар мен өлекселерді жеп, табиғаттағы тазалықты сақтауға көмектеседі. Ал біздің саябақтағы қасқырлар ветеринарлық тексерістен өткен, таза әрі балғын етпен қоректенуде. Әбден дағдыланып алған. Өлек-сені татып та алмайды. Тіпті майлы етті де жегілері келмейді, ерекше күтімді қажет етеді. Оларды жаздың аптап ыстығында су шашып салқындатамыз. Ал қысқы аяз кезінде тордың арғы жағындағы жасанды індеріне кіргіземіз, — дейді зообақ қызметкері.

Зообаққа әсемдік сыйлап тұрған тауыс құстары да келушілердің таңданысын туғызуда. Паң, тәкаппар, сұлу құстың құйрығының ұзындығы бір метрден асады. Салмағы бес келіге жуықтайды.

– Тауыстардың негізгі мекені Үндістан түбегі мен Шри-Ланка, Суматра аралдары болып табылады. Олар жәндіктер, құрттар және моллюскалармен қоректенеді.

Көбіне жерде жүреді, қауіп төнгенде, ағаш басына шығып кетеді. Жүгіруден алдына жан салмайды, қаласаңыз, торға кіріп, жанына жақындауыңызға болады, — деді зообақ маманы.

Торға кіріп едік, құс бізден алыстай берді. Жылдан-жылға тауыстардың саны азаюда, сондықтан қорғауға алынып, халықаралық табиғатты қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген. Біз көріп жүрген әдемі тауыс – аталығы екен. Ал аналығы сондай сұлу болып көрінбейді. Тіпті көзге бірден іліге қоймады.

Хайуанаттар бағының төрінде Валерик есімді маймыл өмір сүруде. Жай ғана маймыл емес, өте ерке маймыл дегенім дұрыс-ау. Оған жеткенде қолымыздағы тамағымыз біткен еді. Қорек әкелмегенімізді көрген ол теріс қарап жатып қалды.

– Валерик, Валерик! – деп біраз дыбыстап едім, бұрылмай қойды. Тауыс құсы екеуі көрші екен. Біз жанынан алыстап едік, орнынан атып тұрды да, көрші тордағы тауысқа қарап түрлі қимылдар жасай бастады. Торда жалғыз өзі болғандықтан, көршілерімен «көңіл көтереді» екен.

Мамандардың айтуынша, маймылдың көңіл күйін сыртқы көрінісіне қарап жақсы білуге болады. Мәселен, жымию немесе үстіңгі еріндерін шүйіру, я болмаса басты шайқау, иықтарды қозғалту – агрессияның дабылы. Егер маймыл есінесе, бұл оның шаршағандығын білдірмейді. Есінеу оның сізге ашулы екенінен де хабар беруі мүмкін.

Маймылдардың өмір сүру жасы олардың дене көлемдеріне байланысты. Мысалы, ең кішкентай ойнақы маймылдар 10 жылдан артық өмір сүрмейді, ал орангутангтар 57-60 жасқа дейін жасайды. Маймылдар бос уақыттарының көп бөлігін бір-бірлерінің сыртқы келбеттерін жақсартуға, күтіп-баптауға арнайды. Макакалар балаларына тамақ табуды ғана емес, тіс тазалауды да үйретеді. Ал шимпанзе тобында нәзік әрі сенімді қарым-қатынастар қалыптасқан. Ана баласын басқа бір аналыққа тастап кете алады. Мұндай «күтушілер» өз балалары мен өзгенің баласын бөліп-жармайды. Шимпанзелерде қараусыз қалған жетімдерді асырау дәстүрі де кең етек алған. Айтпақшы, тарихта IQ-ге (ағыл.т IQ- intelligence quotient), яғни зияткерлік коэффицентіне тест тапсырған маймыл болған. Ол өзінің қарапайым ересек американдықтың деңгейінде дамығандығын дәлелдеген. Содан да болар, маймылдардан осындай адами қасиеттерді көптеп көруге болады.

– Жыл сайын шығармашылықпен, ғылыми жұмыстармен айналысқысы келетін оқушылар саны көбеюде. Осы уақыт ішінде көптеген оқушылар біздің экологиялық-биологиялық орталыққа келіп, жаратылыстану саласы ғылымдары бойынша қосымша білім алуда, — дейді экология бөлімінің меңгерушісі Фиягүл Кубинқызы.

6-8 жастағы бірнеше балақай өздері терген шөпті понидің астауына салып, қызметкерлерге көмектесіп жүр.

«Тамақты к-ө-ө-п жесең, үлк-е-е-н болып өсесің!» деп кішкентай қыз пониге сөйлеп тұр екен.

– Бұл Әсем деген қыз, ол пониды өспей қалған ат деп ойлап жүр. Күнде понидің астауын шөпке толтырады, жемесе, ұрсып қояды, — деп күлді меңгеруші маман. Жаз бойы теледидар мен планшетке үңілмей, демалыстарын қызықты өткізсін дейтін ата-аналар балаларын әдейі осы баққа жібереді екен.

Бүгінде аталмыш хайуанаттар бағында 60-тан астам жануарлардың түрі өмір сүрсе, олардың жалпы саны 250-ден асады.

– Мекендеушілерді ветеринар маман күніне үш рет тексереді. Түнде олар күзетшінің бақылауында болады. Таңмен жұмысқа келгенде аңдар бізді шуылдасып, қуанып, қарсы алады. Ал жұмыс күні аяқталып, үйге кететін кез келгенде барлығы мұңайып, үнсіз жатып алады, — дейді Фиягүл Кубинқызы.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар