Той сізден, көмек бізден!

Күні , 432 рет оқылды

IMG_0467


Өткен аптада қаламызда тағы бір шаңырақ бой көтеріп, Манас пен Жазира есімді жас жұбайлардың некесі қиылды. Қазақы дәстүрге сай тойлары дүркіреп өтті. Алайда «бұл той бұрынғы тойдан өзгерек». Өзге болатын себебі қыздың ұзатылу тойының шығынын «100 нақты көмек» бойынша демеушілер көтеріпті.


— Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап облыстық жастар ресурстық орталықтарының көмегімен өңірімізде «100 нақты көмек» жобасы жүзеге асып келеді. Қаражат талап етпейтін бұл жоба қазірге дейін 50-ге жуық көмекке мұқтаж жастың негізгі мәселелерін шешіп берді. Одан бөлек ресурстық орталықтың ықпалымен жетім, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен және толық емес отбасыдан шыққан жастардың тойын тегін өткізіп беруді де қолға алдық. Сөйтіп, бұл идеямызды облыстық газет-журналдар, телеарналар мен әлеуметтік желі арқылы біраз жарнамаладық. Жуырда сондай жарнамаларға көзі түскен 23 жасар Жазира есімді ару орталыққа көмек сұрай келді. Біз де оның ұсынысын қабыл алып, тойды өткізуге демеушілер іздей бастадық. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, өткен аптада Жазираның ұзатылу тойының куәсі болдық. Ең бастысы, екі жас бақытты болсын, — деген аталмыш орталықтың бөлім меңгерушісі Динара Жароева екі қыз тәрбиелеп, үлкенін ұзатқан жалғызбасты ананың алғысы шексіз болғанын айтады.

Иә, Жазираның өтінішін екі етпеген жомарт азамат, қаламыздың қақ ортасынан орын тепкен «Алтын сақа» тойханасының иесі ешқандай пұлсыз, 80 адамға дастарқан жайып, тегін қолдау көрсеткен. Тойдың ойдағыдай өтуіне барынша атсалысқан. Тіпті бұл қызметіне жас жұбайларды қыдырту, сурет пен бейнетаспаға түсіруді қосыңыз. Бұл шығындарды есептесеңіз, қарапайым отбасыға біраз салмақ түсері сөзсіз. Ал Жазира «100 нақты көмектің» шапағатын көріп, анасына салмақ түсірмей, шаңырағынан ұзатылып кетті. Жастардың бәрі Жазирадай ақылды болса ғой, шіркін!

— Өзім Ақсай қаласында аспаздың көмекшісі болып жұмыс жасаймын. Бұл жоба жайында ғаламтордан көргенмін. Алғашында өтірік шығар деп, сенбедім. Той күні жақындап қалды. «Қысқа жіп күрмеуге келмейтіні» белгілі, несие алмасақ, тойды атқара алмайтынымыз анық. Не болса да, тәуекелге бел буып, жарнама бойынша хабарласып көрейін деп шештім. Бос қиялымның шындық екеніне көзім жеткенде, қуанышымда шек болған жоқ. Қарайлап отырған жалғыз анам да бұл жаңалығымды естігенде, қатты қуанды. Сөйтіп, тойдың қамына кірісіп те кеттік. «Талғатов» жеке кәсіпкерлік иесі тойханасын тегін беріп, тойдың қызмет көрсету шығындарын өз мойнына алды. Той қонақтардың бәріне ұнады, дән риза болып тарқасты. Тек бір әттеген-айы, кейбір аз қамтылған отбасыдан шыққан жастар намыстанып, ел-жұрттан ұят санап, тегін көмекке жүгінуден бас тартып жатады. Бұл керісінше қатыгезденіп бара жатқан қоғамда адамдарды қайырымдылыққа тәрбиелеуге, мұқтаж жандарға жәрдем етуге, адамгершілікке баулитын бастама деп білемін. Жоба әлі де жалғасын тауып, талай шаңырақтың шаттығына ортақтаса берсін, — дейді Бөрлі ауданының жас келіні Жазира Дәулеткереева қуаныштан жүзі бал-бұл жанып.

Ал облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Кенесары Нұршинов бұл жобаны мемлекет қаржыландырмайтынын, тек түрлі келісімдер арқылы демеушілердің көмегімен жүзеге асып жатқан жоба екендігін айтады:

— ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық жастар ресурстық орталығының қолға алған «100 нақты көмек» жобасына бюджеттен арнайы ақша бөлінбейді. «Той сізден, көмек бізден» шарасы бойынша жүзеге асқан алғашқы тойымыз сәтті өтті деп айта аламын. Жыл соңына дейін әлі де бірнеше тойға көмек етуге мүмкіндігіміз бар. Жастардың тың бастамаларына қолдау білдіріп, ұсыныстарымызды құп алатын барша демеушілерге, кәсіпкерлерге, жүрегі мен жаны жомарт жандарға алғыс айтамыз. Жақсылық жасауға асығайық, достар! — дейді Кенесары Бекболатұлы.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суретте жас жұбайлар Манас Мұхамбетқалиев пен Жазира Дәулеткереева


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика