11.08.2016, 6:06
Қараулар: 230
Құрылысшылар сайысты

Құрылысшылар сайысты

IMG_8944


Құрылысшылар күніне орай Орал қаласында аталмыш кәсіп иелерінің кәсіби шеберліктерін анықтаған байқау ұйымдастырылды.


Облыстық құрылыс басқармасы ұйытқы болған шара Орал-Саратов, Орал-Атырау тас жолдары арасындағы аумақта орналасқан бес қабатты тоқсан пәтерлік тұрғын үй құрылысы алаңында өтті.

— Бірінші кезекте бүгінгі байқауға қатысушыларға алғысымды білдіріп, сәттілік тілеймін. Елбасымыз өзінің «Нұрлы жол» атты Жолдауында құрылыс саласының алдында тұрған маңызды мақсаттарды атап көрсеткен болатын. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақтылы орындалуы сіздердің біліктіліктеріңізбен тікелей байланысты. Соңғы кездері шаһарымызда тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар көптеп салынып, құрылыс саласы дамып келеді. Бұл мақсаттарға өздеріңіздің кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында жетіп отырмыз, — деді облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев сайыскерлерді құттықтау сөзінде.

Байқауға қатысушы құрылысшылардың жұмысына аталмыш саланың ардагерлері және құрметті құрылысшылардан жасақталған арнайы топ қазылық етті.

Жарты сағатқа созылған сайыстың қорытындысында «Үздік тасшы» аталымы бойынша «СКФ Отделстрой» ЖШС-ның кафель қаптаушылары Ерген Балахметов және Өнербек Жұмағалиев же-ңімпаз атанса, «Альтаир» ЖШС-нан Валерий Киричков пен Александр Разумец екінші, ал «СВ плюс» ЖШС-ның жұмысшылары Асхат Әдиетов және Асхат Ғабдолов үшінші орынға ие болды. «Үздік тас қалаушы» аталымы бойынша Ербол Сағынғалиев және Асланбек Ғұмаров («Альтаир» ЖШС), Арман Молдағалиев және Жасұлан Бақтыбаев («СВ плюс» ЖШС), Зердебек Есқалиев және Бекжас Бекенов («Жиенбай» ЖШС) сәйкесінше бірінші, екінші, үшінші орындардан көрінді. Сондай-ақ «Үздік сылақшы» аталымы бойынша Эльхан Абдурахманов және Яхиа Насибов («СВ плюс» ЖШС) бірінші, Нұрғайша Есентемірова және Райгүл Ахметова («СКФ Отделстрой» ЖШС) екінші, Раушан Айдамиров және Асиф Ибрагимов («Альтаир» ЖШС) үшінші орын алды.

Жүлдегерлер облыс әкімінің дипломдарымен, ақшалай, өзге де бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар