11.08.2016, 6:05
Қараулар: 168
Сүт өңдеу зауыты ашылмақ

Сүт өңдеу зауыты ашылмақ

_DSC0008


Зеленов ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы ауқымында тұрғындарды жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өндіру, жайын талқылаған кеңес өтті. Оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Берік Ниғмашев қатысты.


— Елімізде 675 мыңнан астам адам жеке қосалқы шаруашылық жүргізумен айналысады. Сүт және еттің 70-80 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Алайда мал шаруашылығы өнімдерін дайындау және өткізу мәселелерінің шешілмеуіне байланысты өңдеуші кәсіпорындардың 60 пайызы ғана шикізатпен қамтылған. Осыған орай біз ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылымындағы шаруашылықты жүргізудің шағын үлгілерін дамытуды ұсынамыз. Олардың біріншісі сүт қабылдау пункттерінің желісін құру, екіншісі, отбасылық бордақылау алаңдарын құру, — деді Берік Болатұлы.

Оның айтуынша, жеке қосалқы шаруашылықтар сүт зауыттарына 1,3 миллион тоннадан астам сүт жеткізуге дайын. Сауалнама нәтижесінде еліміздегі 152 сүт өңдеуші кәсіпорынның 93-і жеке қосалқы шаруашылықтардан 380 мың тонна сүт қабылдай алатыны белгілі болған. Ал 59 кәсіпорын құрғақ сүт дайындаумен айналысатындықтан, таза шикізат сатып алуға қызығушылық танытпаған.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, сүт қабылдау пункттерін ашқандарға «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ тарапынан несие және лизинг ұсынылады. Осы іске тікелей жауапты болатын ауылдық округ әкімдеріне отбасылық бордақылау алаңын құрудың тиімді екені де түсіндірілді. Жиында бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Мәселен, өңіріміздегі шағын сүт өңдеуші цехтар кейде екі тоннадан артық сүт қабылдамайды. Ал аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Виктор Баштавенконың пікірінше, ауданға сүт сақтаушы қосындар емес, сүт өңдеуші цехтар мен зауыттар керек. Мемлекеттен берілер несиелер мен жеңілдіктерді өңдеуші кәсіпорындардың пайдаланғаны жөн. Жиында кей кәсіпкерлер қасапханаларда сойылған малдың көк еті мен майын іремей, терісінде қалатындығын және өлшеу кезінде салмақ жейтін жайттардың кездесетіндігін айтты.

Барлық пікірді мұқият тыңдаған Берік Ниғмашев жиынды қорытындылай келе, облысымызда үлкен сүт өңдеу зауытын ашу жоспарланып жатқанын жеткізді.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы