11.08.2016, 6:04
Қараулар: 230
“Стройкомбинат” сенімді серіктес

“Стройкомбинат” сенімді серіктес

IMG_6660


Қазақта “Өз ісінің білгірі” деген әдемі сөз тіркесі бар. Бұл тегінде мамандығын терең меңгерген, өз кәсібіне адал, жан-жүрегімен шын берілген адамға қатысты айтылса керек. Оралдағы “Стройкомбинат” ЖШС-ын 32 жылдан бері табан аудармай, басқарып келе жатқан Бақытжан Нұрбаев осындай азаматтардың қатарына жатады. Шындап келсек, Бәкең аталмыш кәсіпорында 43 жыл еңбек етіп отыр. Кәсіпорынның өзі сонау 1956 жылы құрылыпты.


Әрине, ол кезде өндіріс ошағының атауы да, жұмыс ауқымы да өзгеше болғаны белгілі. Дейтұрғанмен, Батыс Қазақстан облысындағы құрылыс саласының қарыштап дамуына “Стройкомбинаттың” да қосқан үлесі салмақты. Еңбек жолын қатардағы қарапайым құрылыс шеберлігінен бастаған Бақытжан Аманғалиұлы қысқа уақыттың ішінде цех меңгерушілігі, бас инженер секілді кәсіби лауазым баспалдағымен өрлеп, бас директорлыққа дейін жетті. Өмір осылайша өтіп жатты, өндіріс жылдан-жылға өсті. Алайда мәңгі мызғымастай көрінген Кеңес одағының құлауы, онымен бірге қалыптасқан экономикалық қатынастар жүйесінің күйреуі, мемлекеттік тапсырыстың тоқтауы кәсіпорынды күйретіп жібермегенмен, кәдімгідей тізерлетіп тастағаны ешкімге де жасырын емес. Тәжірибелі ұжым мүшелері “балапан басына, тұрымтай тұсына” деп әркім өзіне жайлы жағдай, жалақылы жұмыс іздеп, жан-жаққа тарай бастағанда Бәкең белді бекем буып, “Стройкомбинаттың” қабырғасын қалап кеп жіберді. Бастапқыда сенетін бірді-екілі досымен, тозығы жеткен техникамен жұмыс істеуге мәжбүр болды. Тіпті қажет кезде өзі де сол техниканы ұршықша үйіріп әкете беретін.

Күні бүгін ол қиындықтардың бәрі артта қалған. Серіктестік аяғынан нық тұр, 240 адамға нәпақа тауып беріп отырған өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі. Шығарған өнімдері облысымызды былай қойғанда, іргедегі Ресейге, қала берді, көршілес Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарына жөнелтілуде. Өндіріс ошағының қазіргі тыныс-тіршілігі туралы бас директордың өзінен суыртпақтап сыр тарттық.

— Біз негізінен керамзит кірпіш, темірбетон бұйымдарын, жалпы саны мыңға тарта бұйым түрлерін өндіреміз. Жаз маусымы құрылыс қарқын алатын уақыт болғандықтан, тапсырыс көлемі жаман емес. Қыстыгүні де қарап отырмаймыз, екі ауысымда тәу-лік бойы жұмыс істегендіктен, тапсырыс та, табыс та жаман емес. Күні бүгін Астана, Ақсай қалаларынан өнімдерімізге сұраныс бар. Өзіміздегі Тасқала — Саратов тас жолының құрылысына қатысудамыз. Жақында өнім сапасын анықтайтын жаңа зертхана жабдығын сатып алдық. Өзге құралдар, техникалар да жаңартылуда. Ең бастысы — біз шығарған өнімдердің сапасы өте жоғары, — дейді Бақытжан Аманғалиұлы.

Сапаға баса мән беретін кәсіпорындағы зертхана барлық халықаралық талапқа сай. Зертхана меңгерушісі Қатира Құпниязованың айтуынша, мұнда шығарылатын барлық өнім, келетін шикізат “бүге-шігесіне” дейін мұқият тексеріліп, сапасына әбден көз жеткеннен кейін ғана өндіріске жіберіледі. “Құм, тас, цемент, те-мір толық тексеріледі. Сертификат мәселесіне қатаң қараймыз. Стандарттың толық сақталуын талап етеміз. Зертханада бес адам жұмыс істейді. Тағы бір атап айтатын жағдай — қаладағы өндірістік кәсіпорындардың ішінде жалғыз біздің зертхана ғана арнайы аккредитациядан өткізілуі ұжымымыз үшін үлкен мақтаныш”, — дейді зертхана басшысы.

“Еңбек еткен емеді” демекші, кәсіпорынның толағай табысқа жетуінің бір сыры кәсіби білікті еңбек ұжымының арқасы десек жарасады. Әңгімеміздің әлқиссасында айтқанымыздай, нарықтың атан белін қайыстырған қиындығына сынып кетпей, аяққа тұрған “Стройкомбинатқа” тәжірибелі мамандар ықыластана жұмысқа келген. Енді бір тобы Бәкеңмен баяғыдан бірге келе жатқан әріптестерден тұрады. Олардың қатарында “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Мұрат Қайырбеков, Галина Шмидт, Нүрия Ғұмарова, Роза Ілиясова, Сұңғат Қабышев, Любовь Сушко, Гүлназ Есенғалиева және т.б. бар. Бақытжан Нұрбаевтың өзі де — “Құрмет” орденінің иегері, “Қазақстанның құрметті құрылысшысы” деген мәртебелі атақты иеленген азамат.

«Стройкомбинат» ЖШС – жас мамандарды тартумен табанды түрде айналысып отырған кәсіпорындардың бірі. Соның ішінде Батыс Қазақстан индустриалды колледжімен тығыз байланыста.

– Бұл колледжбен көп жылдан бері әріптестік байланыстамыз. Еліміздің болашағы үшін бізге сапалы мамандар қажет. Олардың өз ісін жетік меңгерген майталман маман болып қалыптасуына өндіріс орны ретінде біз де атсалысуымыз керек. Сондықтан өзімнің орынбасарларыма тәжірибеден өтуге келген студенттерге бейжай қарамай, маман ретінде қарап, әрқайсысына білмегенін үйретіп, қатаң қадағалауды тапсырдым. Оған қоса оларға жа-лақы төлеу керек деп шештім. Өз еңбегінің нәтижесін сезініп, жалақы алған студент өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Әрі жас маманның осы жерде жұмысқа қалып, көп ақша табамын деген сенімділігі күшейеді. Біздің кәсіпорында тәжірибеде көзге түсіп, кейіннен жұмысқа қалған мамандар жетерлік. Сондықтан біз жұмыс берушілер жас мамандарды кеудеден итермей, жанашырлықпен қарауымыз керек, – дейді кәсіпорын жетекшісі Бақытжан Аманғалиұлы.

Кәсіпорын цехтарында керамзит кірпіш, іргетас блоктары, темірбетон жабындар, маңдайшалар, құдық сақиналары, тіреулер, жаяужол жабыны, баспалдақ белдеулері өндірілуде.

— Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында республикамызда тұрғын үй салу мен құрылыс индустриясын дамытуды, сөйтіп, қазақстандықтардың баспанаға мұқтаждығын тездетіп шешуді, оның оңтайлы жолдарын қарастыруды басты назарда ұстап келеді. Біздің комбинат жұмысшылары да өздеріне жүктелген міндетті шынайы сезініп, барынша жемісті еңбек етіп, халықтың көңілінен шығуға тырысады, — дейді комбинат жетекшісі Бақытжан Нұрбаев.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар