Іркіліс те, ілгерілеу де бар

Күні , 178 рет оқылды

IMG_8885


Қазақстан орталық телекоммуникациялар қызметінің облыстық бөлімшесінде өткен брифингке Қазталов ауданының әкімі Н. Бекқайыр қатысты. Нұрлан Мағазұлы ағымдағы жарты жылдың қорытындысы туралы әңгімелеп, 2017-2020 жылдары атқарылар істер туралы баяндады. Соңынан БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап қайтарды.


1928 жылы құрылған Қазталов ауданында бүгінде 30512 тұрғын өмір сүреді. Құрамында 16 округ бар. Әкімінің өзі «күрделі аудан» деп атап өткен бұл өңірдің бүгінгі өмір тынысында ілгерілеу басым екен. Әрине, кейбір іркілістен де кенде емес.

Биылға аудан бюджетіне 5 237 973 мың теңге қаралған. Жарты жылда кіріс 489 991 мың теңгені құраған. Өңірде 575 шаруа қожалығы, бес ЖШС болса, өндірістік кооперативтің саны – біреу. Халықтың қолындағы ірі қара 76,8 мың болса, қой мен ешкі 298,5 мыңға жетіпті. Жылқы саны 21 мың бастан асып, жылданжылға өсіп келеді. Қазір аудан басшылығының алдында тұрған міндет – Жайықтың суын Қараөзенге жеткізу. Сөйтіп, мол су қорын жасақтау. Әзірге аталмыш жұмыстың бірінші кезегі аяқталды. Сонан соң Қараөзен бойынан бөгет салынуы тиіс. Сарыөзенді тиімді пайдалану да кезек күтіп тұр.

Ауыл шаруашылығын алға бастырудың бір кепілдігі – техника мен құрал-сайманды ұдайы жаңғырту. Биыл «ҚазАгроқаржы» АҚ арқылы 27 бірлік «МТЗ-82» тракторы сатып алынған. Сондай-ақ екіжылдық мал азығы қорын жасақтау мақсатында жұмыс ойдағыдай атқарылуда. Екіжылдық жоспар бойынша 343,13 мың тонна шөп дайындау қажет болса, бүгінгі көрсеткіш 67 пайызды құрап отыр. Бұдан басқа егіс құрылымын әртараптандыру мақсатында 2020 жылға дейін өңдеудегі жер 690 гектарға дейін өспек. Онда басымдылық мал азықтық дақылдар мен картоп, бау-бақшаға берілуі тиіс. Елбасымыз Н. Назарбаевтың айтқанындай, экономиканың қозғалтқышы – кәсіпкерліктің дамуы да қарқынды. Бүгінде өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 2470 адамды қамтып отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» мембағдарламасы бойынша аудан орталығында үш жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Бір жақсысы, өзгеге емес, тек өзіне сеніп үйренген көптеген қазталовтықтар бүгінмен шектеліп қалмай, ертеңгі күнін де ойлайды. Мәселен, ауданда құс фабрикасын, Қазталов ауылынан балаларға арналған дәмхана ашу ойластырылуда. Мейрамханалар да салынбақ. Шағын клуб, монша салып, ел игілігіне ұсынып жатқандар да кездеседі. Екі мешіт салынып, мүміндер игілігіне берілген. Басқа да әлеуметтік жобалар жоспарлануда.

Қазір аудандағы елді мекендердің газбен қамтылуы 44 пайызды құрайды. Әрине, бұл аздық етеді. Әлі де 29 елді мекен «көгілдір отынға» мұқтаж. Бәріне бірдей газ құбырын тартуға әзірге қаржы тапшылығы кедергі. Сондықтан аудан әкімшілігі мәслихатпен бірлесе отырып, биыл он ауылға газ жеткізу үшін техникалық-экономикалық негіздемеге 10 миллион теңге бөлген. Газ бірінші кезекте Талдыапанға жеткізілуі тиіс. «Ақбұлақ» бағдарламасын әрі қарай жалғастыру ісінде алдағы уақытта сумен қамтудың екі жобасы жүзеге асырылады. Алты елді мекенді тұщы сумен қамтудың жобалық-сметалық құжаттары даяр. Оның ішінде Бостандық, Ақпәтер және басқа елді мекендер бар. Жол салу ісіне келсек, «ҚазАвтожол» АҚ облыстық бөлімшесінің тапсырысымен А-31 «Чапаев – Жалпақтал – Қазталов – РФ шекарасы 97-157 (60 км)» көлік жолының жобасына республикалық бюджеттен бөлінген 9 457 237,434 мың теңге қаржының 2,2 млрд. теңгесіне биыл бас мердігер «Uniserv» ЖШС 127-145 (18 км) аралығына күрделі жөндеу жүргізуде. Білім саласына келсек, аз қамтылған отбасынан шыққан және барлық бастауыш сынып оқушылары үшін күніне бір рет тегін ыстық тамақ беру ұйымдастырылып, ол 3208 оқушыны қамтыды. Аудан оқушылары бүкіл жаз маусымы бойына төрт демалыс лагерінде болып тынықты және денсаулығын түзеді. Бұдан басқа 2017 жылы төрт, 2018 жылы екі, одан арғы жылы тағы да екі білім нысаны күрделі жөндеуден өтеді немесе қайтадан салынады. Денсаулық саласында аудан қазір бес маманға мұқтаж. Олардың жетіспеушілігін дәрігерлерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру жолдарымен шешу көзделген. Биыл ауданға үш жалпы тәжірибелі маман келіп, жұмысқа орналасты. Келесі жылы үш елді мекенде емдеу орындары күрделі жөндеуден өтуі не қайта салынуы тиіс.

Әкімнің айтуынша, халықтың тұрғын үй салуға да ынтасы жақсы. Қазір 113 жер телімі тұрғындарға бөлініп берілді. 15 жер теліміне коммуналдық-жалға беру үйлері салынады. Бүгінде 24 жеке үйдің құрылысы аяқталуы қарсаңында. Бұдан басқа келешекте Қазталов ауылында 100 орындық мектеп-интернат салып, пайдалануға беру көзделген. Әрі қарай аудан әкімі әлеуметтік салаларға тоқталып, атқарылған істер мен қиындықтар жөнінде де айтты. Бүгінде экономикалық белсенді халық – 16721 адам. Есепте тұрған жұмыссыз 92 адам екен. Жұмыссыздық деңгейі 0,5 пайызды құрайды. Жарты жылда 101 жаңа жұмыс орны ашылды. Мәдениет саласында да тындырылған жұмыстар бар. Аудан орталығында «Достық» саябағы, Жалпақтал ауылының «Нұр Отан» саябағында балалар ойын алаңы, тағы басқа нысандар салынды. Бұлардың бәрі – демеушілердің көмегімен атқарылған істер. Сонымен қатар Астана күніне орай Қазталов ауылында шағын футбол алаңы ашылған. Ал аудан орталығында балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі пайдалануға берілді. 2017-2020 жылдары бес елді мекенде мәдениет орындарын жаңғырту көзделуде.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика