11.08.2016, 6:00
Қараулар: 141
Фин инвесторлары жаңа өндірісті қолға алмақ

Фин инвесторлары жаңа өндірісті қолға алмақ

DMS_9108


Фин инвесторлары біздің өңірімізде жаңа технология арқылы өндірілетін энергия сақтаушы есік пен терезелерді өңдейтін болады. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлермен бірлескен кәсіпорын құрмақ. Финляндия елінің бір топ өкілдері бұл туралы ойларын сейсенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгіновпен кездесуінде мәлім етті.


Өңірімізге іссапармен келген делегация құрамында финляндиялық «General Finland» компаниясының аймақтық директоры Калвер Каппер, «Lammin» компаниясының өкілдері Тапани Тайсто Койвула, Якко Маркку Хоппания, Олави Ханну Сааринен облыс әкімдігімен жаңа бизнес-жобаны іске асыруға келісімге келді. Енді дүние жүзіне жылу сақтағыш есік-терезе шығарумен танымал «General Finland» компаниясы біздің өңірде өндіріс ашып, жаңа жұмысты жолға қоймақшы. Әлемнің бірнеше елінде филиалдары бар кәсіпорын Қазақстанға даму мүмкіндігі зор ел ретінде қарайды. Осы ретте облыс әкімі шетелдік инвестор барынша жағдай жасалатынын атап өтті. Мұның өзі бизнестің тез қарқын алуына септеседі.

– Құрметті қонақтар, өңірімізге қош келдіңіздер! Біздің облысымызда бизнесті дамыту үшін инвестиция тартуға және жергілікті тауар өндіруші кәсіпорынмен ортақ жұмыс көзін ашуға мүдделі болғандарыңыз үшін қуаныштымын. Инвестиция көлемінің артуы біздің жұмысымыздың басты жетістігі болып табылады. Өйткені Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым ауқымды инвестициялық ахуалдың жақсаруына зор көңіл бөліп келеді. Фин елінде құрылыс индустриясы өте жақсы дамығандығын білеміз. Сіздердің жұмыс тәжірибелеріңізден жаңа технологияны меңгеру біздің мамандар үшін өте маңызды. Қазақстан мен Финляндия арасындағы бизнесті дамыту үшін барлық күшті жұмылдырамыз, әріптестік байланыс орнатуға әзірміз, — деп атап өтті Алтай Сейдірұлы.

Құрылыс индустриясындағы фин технологиялары бүгінде сапасы жөнінде әлемді мойындатып отыр.

Бұған бір жағынан қатаң климаттың да әсері бар. Жылу сақтағыш өнімдер Қазақстанмен қатар көрші елдерде де үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз. Сондықтан шетелдік инвесторлар облыс нарығына енуді көздеп отыр. Жыл соңына дейін барлық құжаттар рәсімделіп, бірлескен кәсіпорынның тұжырымдамасы бекітілмек.

– Біздің ұйым бірнеше фин компаниясын біріктіреді, бүгінде компанияның жалпы айналымы 600 млн. евроны құрап отыр. Азия елдерінің ішінен Батыс Қазақстан облысын арнайы таңдадық. Бүгін өндірісті дамыту туралы консепцияға қол жеткізсек, ағымдағы жылдың соңына дейін жұмыстың алғашқы кезеңін бастаймыз. Біз дамудың үш бағытын белгілеп отырмыз. Біріншісі – экологиялық қуат өндіргіш өнімдер дайындау, екіншісі – машина жасау, оның ішіне мұнай-газ саласы да кіреді. Үшінші бағыт – тамақ өнеркәсібі. Аталған салаларды дамыту үшін мұнда барлық жағдайлар жасалған. Бұдан бөлек түрлі саладағы жобаларды қолға аламыз. Батыс Қазақстанда энергия сақтаушы әрі экологиялық тұрғыдан тиімді, климаттық жағдайға төзімді құрылыс материалдары мен есік-терезелерді шығару ойдағыдай іске асатынына сенімдіміз, – дейді «General Finland» компаниясының бас директоры Тапани Койвула.

– Мен Финляндиядағы «Lammin» компаниясында болып, есік-терезе шығаруды көзбен көріп, ерекше әсер алғаным рас. Өнімдерінің сапасы өте жоғары. Осы жоба негізінде бірлескен кәсіпорын құрып, оларды әйнек өнімдерімен қамтитын боламыз. Нәтижесінде қуат үнемдегіш есік-терезелер пайда болмақ, – дейді «Стекло-Сервис» ЖШС директоры Аркадий Рубцов.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар