6.08.2016, 6:05
Қараулар: 68
Үміттер тоғысқан Рио

Үміттер тоғысқан Рио

Колик 13


Кеше төрт жылда бір рет төрткүл дүниенің назарын өзіне аударатын жазғы олимпиада ойындары басталды.


Бұған дейін бес жазғы олимпиадаға қатысқан еліміз ешқайсысынан жүлдесіз қайтқан емес. Сол ойындардағы жетістіктерімізді еске түсіріп көрейік. Тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет жазғы ойындарға 1996 жылы қатысыппыз. Америка жерінде үш алтын, төрт күміс, төрт қола медаль иеленген спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте 24-орыннан көрінді. Ол кезде алтын медальдарды бессайысшы Александр Парыгин, грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко мен боксшы Василий Жиров иеленген болатын. Айта кетейік, Балқаштың барысы Василий Жиров олимпиада ойындарының үздік боксшысына берілер Вэл Баркер кубогын да елге алып келген-ді сол жылы. Одан кейін Сиднейде өткен ойындар қорытындысында үш алтын, төрт күміс еншілеп, командалық есепте 22-орынға көтерілдік. Осы 2000 жылы өткен ойындар елімізді әлемдегі бокс державасы ретінде танытқан еді. Бірден төрт боксшымыз финалға шығып, олардың екеуі алтын алғанда, қуанбаған қазақ болмады десем, артық айтқаным емес. Оған дейін де, одан кейін де боксшыларымыз Австралиядағы жетістігін қайталап көрмеді. Австралия төрінде алтынды Ольга Шишигина, Бекзат Саттарханов пен Атлантадағы қоласын алтынға айналдырған Ермахан Ыбрайымов мойындарына тақты. Жасыл құрлық ойындарына аттанар алдында Елбасының қолынан көк Туды алып тұрып, міндетті түрде алтын медальмен ораламын деген уәдесін орындаған Ермахан ағамыздың ерлігі әр қазақтың есінде. Сиднейден соң Грекия астанасы Афинада өткен ойындарда медаль санын көбейткен спортшыларымыз алтын алуға «асықпады». Ол жылы асыға күткен алтынымызды сол олимпиаданың соңғы күні боксшымыз Бақтияр Артаев алып берді. Онымен қоса Вэл Баркер кубогын тағы да біздің боксшы еншіледі. Афина ойындарында бір алтын, төрт күміс, үш қоламен жалпы есепте 40-орынға табан тіредік. Кейін олимпиада алауын шығыстағы көршіміз тұтатты. Бейжің ойын-дарында екі алтын, төрт күміс, жеті қола еншілеп, 29-орыннан көріндік. Осы ойындарда еліміздің ауыр атлеттері өздерін жақсы қырынан танытты. Бұл үлкен жетістіктің басы ғана болатын.

Бейжің төрінде Әнұранымызды Илья Ильин мен Бақыт Сәрсекбаев шырқатты. Бұл ойындар қазақ есінде тағы бір жайтпен қалады. Ол – бірден екі қазақ баласының мінберде тұруы, бірі Қытай намысын қорғаған Қанат Ислам болса, бірі – біздің Бақыт. Араға төрт жыл салып Лондонға аттанған спортшыларымыз жеті алтын, бір күміс, бес қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте отандық олимпиадашылар 12-орынға тұрақтады.

Ойындардың алғашқы күнінен-ақ алтын медальдарды қанжығасына баса бастаған қазақ елінің спортшылары әлем назарын өздеріне аударды.  Александр Винокуров (велошабандоз), Ольга Рыпакова (жеңіл атлет), Илья Ильин, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедова (бәрі ауыр атлет) және Серік Сәпиев (боксшы) сияқты спортшыларымыздың жеңіс тұғырынан қол бұлғаған сәттерін жанкүйер қауым әлі ұмытқан жоқ. Араға жеті жыл салып, Серік Сәпиевтің Вэл Баркер кубогы қазақ еліне қайта оралды. Әзірге Лондон ойындары еліміз үшін ең нәтижелі олимпиада болып тұр. Енді Риода осы жетістігімізді қайталай  аламыз  ба?

Еліміздің атынан аттанған 104 спортшымыздың қайсысы қуантуы мүмкін? Әрине, ең басты үміт боксшыларымызда. Алғаш рет толық құрамда аттанған былғары қолғап шеберлеріміздің ішінде Біржан Жақыпов сияқты тәжірибесі толысқан шеберлер мен ересектер сынына енді қосылған Абылайхан Жүсіпов сияқты жас перілер де бар. Бабы келіскен әр боксшымыз олимпиада жүлдесіне таласа алады. Ал негізгі үміт аса ауыр салмақтағы Иван Дычко, 69 келідегі Данияр Елеусінов пен 81 келіде шаршы алаңға шығатын Әділбек Ниязымбетовке артылады. Бұдан бөлек бүкіләлемдік бокс сериясында қарсылас шыдатпаған Василий Левит пен әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына да сенім артсақ болады. Сондай-ақ грек-рим күресінен әлем біріншіліктерінде қола алудың шебері (дүниежүзілік доданың үш мәрте қола жүлдегері) Нұрмұхан Тінәлиев пен еркін күресте өзін көрсете білген Дәулет Шабанбай да алысқа баруы мүмкін. Алмас Кебісбаев пен Досжан Қатықов, Гюзель Манюрова мен жерлесіміз Екатерина Ларионова сияқты палуандарымыз бен жүзуден Азия ойындарының чемпионы Дмитрий Баландин де «өліспей беріспейтіні» анық. Жеңіл атлетикаға келер болсақ, үмітті Ольга Рыпаковаға артамыз. Дзюдо күресінде Максим Раков пен Елдос Сметов те барын салатын болады.

Бұған дейінгі ойындарда алтыннан тау тұрғызған толағайларымыз да өз сөзін айтуы мүмкін. Иә, қазақ елінің жанкүйерлері Жазира Жапарқұл мен Нижад Рахимов және Маргарита Елисеевадан да жақсы нәтиже күтеді.

Үлкен спорттық жарыстарда күтпеген нәтиже де тіркеліп жатады. Ондай кереметті біздің спортшылар да көрсеткен. Ғасырлар тоғысында әлі таныла қоймаған 20 жасар Бекзат Саттарханов әлемді аузына қаратқаны ел спорты тарихында қалды емес пе? Сол сияқты жас талант Абылайхан Жүсіпов те алтыннан алқа тағып жатса, тақиямызға тар келмесі анық. Көркем гимнасшымыз Сәбина Әшірбаева жүлде салса, Әлия Жүсіпованың ғана емес, барша қазақ елінің арманы орындалған болар еді. Ауыр атлет Жазира Жапарқұл мен жеңіл атлет Гүлжанат Жанатбек қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы атануына кім қарсы?!? Қалай десек те, біздің қолымыздан келетіні – үміттену. Жақсы нәтижені тек спортшылардың өздері көрсетеді.

«Ал өңірімізден олимпиадаға кімдер барады?» деген сұрақ тууы мүмкін. Оның да жауабы бар. Биыл облысымыздан бес спортшы Пеленің Отанына барады. Олар байдарка және каноэ есушілер Андрей Ергучев пен Алексей Дергунов, спорттық жүрісте бақ сынайтын ерлі-зайыпты Григорий Шейко мен Полина Репина, әйелдер күресінде бақ сынайтын Екатерина Ларионова. Бұл бестіктің ішінде жүлдеге Екатерина ғана таласуы мүмкін. Бірақ басқалары да турист емес. Бұған дейінгі олимпиадаларда облыс спортшылары арасында еркін күрес шебері Таймураз Тигиев 2008 жылы күміс медаль алып берсе, 2012 жылы тағы бір палуанымыз Даниял Гаджиев қола еншіледі. Өңірімізге алтын ғана жетпей тұр. Иншалла, ол да болып қалар.

Баласы атқа шапса, үйде отырып тақым қысатын халықпыз ғой. Ел намысын арқалап, мұхит асқан спортшыларымызға жаппай қолдау білдірейік, ағайын!

Түгелбай  БИСЕН,

Зеленов  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар