28.07.2016, 6:19
Қараулар: 157
«Жергілікті салық жергілікті жұрттың игілігіне жұмсалуы тиіс»

«Жергілікті салық жергілікті жұрттың игілігіне жұмсалуы тиіс»

лавр хайретдинов


Сейсенбіде Қазақстанның орталық коммуникациялық қызметі БҚО филиалында кезекті баспасөз мәслихаты өтті.

Бұл жолы жергілікті БАҚ өкілдерінің басын қосып, Жаңақала ауданының тыныс-тіршілігі жайлы аудан әкімі Лавр Хайретдинов баяндады.


Әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші оның демографиялық дамуы дейтін болсақ, Жаңақала ауданының демографиялық көрсеткішімен мақтануға болады. Бүгінде ауданымызда 24 311 халық бар. Жыл сайын дүниеге келген сәбилер саны артып, түрлі себеппен қайтыс болып жатқандар саны азайып келеді. Ауданның табиғи өсімі 110 пайызды құрайды. Бұл өңірден сонау тоқырау жылдарында жұрт көшпеген, ырыздықтарын атамекендерінен тауып, барға қанағат қылып, малдарын өсіріп отыра берген. Керісінше, Жаңақала секілді құтты өңірге өзге жақтан көшіп келушілер көбейіп, сол жылдары аудандағы халық саны 5-6 мыңға артты.

Келесі негізгі көрсеткіштердің бірі – бұл бюджет көлемі. Ауданымыздың бюджет көлемі жыл өткен сайын өсе түсуде. Мысалы, 2015 жылғы бюджетке түсім мөлшері 528 миллион теңге болса, осы жылдың алты айында 304 млн. теңге бюджетке құйылды. Үш (3) миллиард теңгеге жуық ауданның жылдық бюджетінің 80 пайызын біз мемлекеттік бюджеттен аламыз, ал қалған 20 пайызы жергілікті жерден жиналған салықтан құралады. Сонда аудан бюджетін негізінен мемлекеттік қазынадан бөлінген қаражат толықтырып отыр. Меніңше, бұл дұрыс емес. Біз малды ауданбыз, уақыт өткен сайын мал басы өсіп, онымен айналысатын шаруа қожалықтарының саны көбейе түсуде. Міне, біз осыны пайдаланып, жергілікті бюджетті осы шаруа қожалықтарынан және жеке аулада мал ұстайтындарға салық салу арқылы толықтыруымыз керек. Және жергілікті кәсіпкерлерден жиналған салық түсімі тек сол жердің тұрғындарының игілігіне жұмсалуы тиіс. Сонда ғана біздің бюджетіміз түзеледі. Бұл тәсілмен әжептәуір қаржы көзін жасақтауға болады, біз оны өз тәжірибемізден көріп отырмыз. Мысалы, 2015 жылғы 528 млн. теңге көлеміндегі аудан бюджеті кірісінің 2,5 миллион теңгесін ауданның шаруа қожалықтарына қатысты қаржылай төлем-түсім құрады. Бұл өте мардымсыз салық мөлшері. Яғни барлық түсімнің 0,46 пайызы ғана. Бұл, әрине, өте аз мөлшердегі қаражат, бірақ біз егер осыны заңдастырса, жергілікті шаруа қо-жалықтарынан тәп-тәуір қаражат жинауға болатынын дәлелдедік. Біз осыны үлкен басқосуларда үнемі айтып келеміз. Қазіргі кезде елімізде көптеген заңдарға өзгеріс енгізілуде, соның нәтижесінде ауылдық округтерге дербестік беріліп жатыр. Осы өзгерістерге байланысты ауылдық округтер өз бюджеттерін жасақтауы керек. Жаңағы біздің ұсынысымыз тап осы жерде тиімді. Өйткені тәжірибе көрсеткеніндей, ауылдық округ бюджетін ешқандай айыппұл немесе округ әкімдерінің өкілеттілігі толтыра алмайды. Сондықтан, менің ойымша, жергілікті қауымдастық, соның ішінде ауылдық округтер, жалпы атқарушы билік елдің малының саны көбеюі үшін, оның есебі түзелу үшін осы саладан бюджеттік түсімдерді алу жолын өзгертуі керек сияқты. Қысқасы, Бюджеттік кодекске өзгеріс енгізу керек. Біз ауылдардағы шаруа қожалықтарына 25 жыл бойы көмектестік. Бүгінде олардың барлығы аяқтарынан тұрып, өз беттерінше өмір сүре алатындай, табыс табатындай жағдайға жетті. Енді олар елдің дамуына, экономиканың өркендеуіне қызмет етуі керек. Осы себепті жаңағы айтқан шараға бару қажет деп есептеймін.

Жаңағы бюджеттің сыртында біздің ауданға даму бюджеті бойынша жыл санап, жақсы қаражат бөлініп келе жатқанын айта кеткім келеді. Мысалы, былтырдың өзінде 5 миллиард теңгенің көлемінде құрылыс, жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биылғы алты айда 2 млрд. 560 млн. теңгенің шаруасы жасалып жатыр. Бұл – Чапай – Жаңақала – Сайқын жолының күрделі жөндеуі, коммуналдық 19 тұрғын үйдің құрылысы, Орақбаев атындағы орта мектептің жөндеу және тағы басқа нысандарды жөндеуге, құрылыс жұмыстарына қарастырылған мемлекет қаржысы.

Біздің аудан, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады. 2 млн. гектардың үстінде жеріміз бар, бүгінде соның 60 пайызын пайдаланып отырмыз. Жалпы малдың өсімін білу үшін біз төрт түлікті шартты басқа айналдырып, екі жылмен салыстырдық. Сонда былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда мал басы алты пайызға өскен, яғни ауданымызда 91 мың 294 шартты мал басы бар. Бұлардың 60 пайызы шаруа қожалықтары мен серіктестіктерде, 40 пайызы жеке иелікте. Біздің болашақтағы мақсатымыз – қалай болғанда да ұйымдасқан шаруашылықтардағы мал санын көбейту. Біз қазіргі таңда осы бағыттағы түсіндіру, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізудеміз. Ауданымызда ауылдың бір адамына шаққанда төрт шартты басқа дейін мал бар, бұл – облыстағы Бөкей ордасы ауданынан кейінгі көрсеткіш. Ауданымызда төрт түліктің саны өсу үстінде. Біздің аудан еділбай қойы мен көшім жылқысының отаны болып есептеледі. Кезінде республикамыздың Алтын кітабына жазылған еділбай қойы мен көшім жылқысын өсіру қазір де жалғасуда. Ауданда асыл тұқымды еділбай қойын өсірумен 3 шаруашылық, көшім жылқысын өсірумен үш шаруашылық, асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен 15 шаруашылық айналысады.

Соңғы жылдары аудан шаруалары шетелдерден, алыс-жақын аудан, облыстардан асыл тұқымды ірі қара малын көптеп сатып алуда. Негізінен, біздің аудан ірі қара санын және жылқы санын көбейтуге күш салмақ. ХІХ ғасырдың соңында қазіргі Жаңақала ауданының аумағында 40 мың халық тұрған және жергілікті жұрттың 70 мың ірі қарасы, әрқайсысы 25 мыңнан жылқы мен түйесі, 200 мың қойы болған. Біз қалай болғанда да, ауданды осы көрсеткішке жеткізуіміз керек. Ал кешегі Кеңес дәуірінде совхоз болған кездегі көрсеткішті біз қазірдің өзінде қуып жеттік. Тек қой саны ғана аздап кемшіндеу, қалған көрсеткіштерге біз артығымен жеттік деп мақтанышпен айта аламын.

Енді асыл тұқымды малға келсек, бұл бағыттағы көрсеткішіміз облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда жақсы, тіпті төрт түлік бойынша да. Мысалға айтар болсақ, 2012 жылы ауданға 94 бас асыл тұқымды мал сатып алынса, 2014-2015 жылдары 700 бастың үстінде ірі қара сатып алыппыз. Биылғы алты айда ауданға 450 бас асыл тұқымды ірі қара алынды. Тап осы жағдай қой және жылқы шаруашылығына да тән. Асыл тұқымды мал өсірген соң оны басқа жерлерге сату керек. Былтыр аудан 224 бас ірі қараны өзге аймаққа сатса, биылғы 6 айда 176 бас ірі қара сатыппыз. Жалпы, мал сату науқанының жаңа басталып жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіш жыл аяғына дейін тағы біраз көтеріледі деп ойлаймын. Негізі, мал шаруашылығын дамыту үшін асыл тұқымды мал басының үлесі табында 30 пайыздан кем болмауы керек. Біздің мақсатымыз – болашақта аудандағы асыл тұқымды мал басын осы көрсеткішке жеткізу. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының мал басын өсіруге септігі көп. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасын 132 пайызға, «Алтын асық» бағдарламасын 175 пайызға, «Құлан» бағдарламасын 141 пайызға орындадық. Биыл жоспарды тағы да асыра беріп отырмыз, мұны да орындайтынымызға сенемін. Бірақ, менің ойымша, мұндай қаржыны бізден гөрі мал басы аз аудандарға беру керек, өйткені мал басын өсіруде олар қаржылай қолдауға мұқтаж. Малды тек қана Нарынға ғана толтыра бермей, басқа да аудан-дардың мал басын көбейтуіне мүмкіншілік берген дұрыс.

Ал енді «Агробизнес – 2020» бағдарламасына келер болсақ, бұл бағдарлама бойынша үш шебер жоспар аясында ауданымызда 11 жоба жүзеге асырылуда. Осы жоспарлы жұмыстардың арқасында жыл өткен сайын мемлекеттен алып отырған демеуқаржы (субсидия) көмегін алып отырғандар саны артып келеді. Мысалы, былтыр жарты миллиардқа жуық қаржы алыппыз. Бұл, әрине, шаруашылықтың дамуына үлкен ықпалын тигізуде. Тағы бір айта кететін нәрсе, ауданымыз ауыл шаруашылығы техникасын көптеп сатып алуда. Аталған көрсеткіш бойынша біз облыс бойынша алдыңғы орындамыз. Күні бүгін ауданда 70% техника жаңартылды. Соңғы төрт жылда 270 дана техника сатып алынды. Ауданның ауыл шаруашылығының дамуы жоғарыдан үш өзеннен келетін суға байланысты. Биыл Жайықтан суды жақсы алдық әрі биыл жаңбыр да жақсы жауып тұр. Сондықтан былтырғымен салыстырғанда биыл жағдайымыз әжептәуір жақсы. Шөп шабуды бастағанымызға 1 ай болды, қазірдің өзінде шаруалар шөптің 70 пайызын дайындап алды. Биыл шөптің екі жылдық қорын жинап алу жөнінде үгіт-насихат жұмысын жүргізудеміз. Кез келген шаруашылық суға тәуелді. Сондықтан су мәселесі қашан да басты назарда болуы тиіс. Оның үстіне Елбасының бұрынғы көлтабандарды сумен қамту жөнінде тапсырмасы да бар. Осыған орай жақында ауданымызға келген облыс әкімі Алтай Көлгінов су мәселесін шешуге бағытталған тапсырмалар берді. Осы мақсатқа тиісті қаражат бөлінуде, бұйырса, бұл мәселе жуық арада шешілетін шығар.

Кәсіпкерлік – экономиканы жандандыратын маңызды фактор. Ауданымызда кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік нысандарда жұмыс істейтіндердің саны, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандардан бюджетке түсетін салық көлемі де жыл өткен сайын артып келеді. Мемлекет қолдауының арқасында жаңа нысандар көптеп ашылуда. Соңғы төрт жыл ішінде аудан тұрғындары өздерінің жеке кәсібін жүргізу үшін 2 миллиард 839 миллион теңге несие алды. Бұл да халықтың әлеуетінің жоғары-лағанын көрсетеді. Осы атқарылған шаруалар мен мемлекеттік бағдарламаларды табысты жүзеге асыру нәтижесінде ауданымызда жұмыссыздар саны төмендеп, әлеуметтік жәрдемақы алатындар да азайды, – деген Лавр Рашидұлы бұдан әрі аудандағы білім, денсаулық және мәдениет саласында атқарылып жатқан оңды істер жайлы әңгімеледі.

Жиын соңында аудан басшысы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар