28.07.2016, 6:07
Қараулар: 170
Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, Орал қаласының әкімі: «Білегі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағандармен әңгіме қысқа»

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, Орал қаласының әкімі: «Білегі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағандармен әңгіме қысқа»

аким фото


— Нариман Төреғалиұлы, бүгіндері Орал қаласында біраз көшенің жөнделіп жатқанын көріп жүрміз. Дегенмен осы бағыттағы нақты статистикалық мәліметтерді өзіңізден естісек дейміз. Яғни биыл жазда неше көшенің қанша шақырым жолы «адам қалпына» келмек?


— Иә, байырғы әрі әсем қала Оралдың ең осал жері – көшелік жолдар екені баршаға белгілі. Облыс орталығындағы жолдардың жалпы ұзындығы 581 шақырым болса, соның жартысына ғана асфальт төселген. Сол асфальт төселді деген жолдардың өзінің қазіргі күйі сын көтермейді. Еліміздің батыс қақпасы боп есепте-летін шаһарға, бұл әрине, абырой әперер жайт емес. Тура осы мәселеге осыдан екі жарым жыл бұрын облысқа жұмыс сапарымен келген Елбасы да айрықша назар аударып, нақты тапсырмалар берген болатын. Содан бері Президенттің өңірлердегі инфрақұрылымдық жүйені дамыту жөнінде берген тапсырмасына сәйкес біздің қалада да біраз шаруа атқарыл-ды. Мысалы, соңғы үш жылда 11 миллиард теңгеге жалпы ұзындығы 84 шақырым қала жолдары күрделі жөнделіп-жаңғыртылды. Бұл Оралға қатысты жол атаулының 14 пайызын құрайды. Алайда алда кезек күткен жұмыс әлі ұшан-теңіз. Шаһар көшелерін тақтайдай тегіс қылу үшін бізге әлі 130 шақырым көше жолдарын өзіңіз айтпақшы «адам қалпына» келтіру қажет. Жуырда қалалық мәслихаттың сессиясында қаралып бекітілген Орал қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, таяудағы бес жылда 80 көше мен екі көлік өткеліне қатысты 116 шақырым жолды жаңғырту және жөндеу көзделген. Осынау қарайған құрылыс жұмыстарының жоспарлы құны 19,5 млрд. теңге. Сонымен қатар мамандардың есептеуінше, қалаға жалпы құны 3 млрд. теңгені құрайтын, ұзындығы 300 шақырым жиекжол (тротуар) салу керек. Алғашқы кезекте 66 шақырым жиекжол салу жұмысын бастаймыз. Осының өзіне 850 млн. теңге жұмсалмақ.

Ал енді биылғы жұмыстарға келсек, ағымдағы жылы 14 көшеде 20 шақырымға жуық жолға асфальт төселмек. Осы мақсатқа барлық қаржы көздерінен 2,4 млрд. теңге бөлінді. Оның негізгі бөлігі Қарашығанақ кен орнын игеруші «ҚПО б.в» компаниясы-ның облыстың әлеуметтік жобаларына бөлетін қаржысы есебінен қаралған. Бұл қаржыға Достық даңғылының Мәметова көшесінен Пугачев көшесіне дейінгі 3,5 шақырымдық бөлігі (625 млн. теңге) күрделі жөнделуде. Бұл шаруа қазан айының аяғына дейін толық аяқталуы тиіс. М. Ықсанов атындағы көшенің жолы Шаған жағалауы көшесінен Рубеж көшесіне дейінгі аралықта (ұзындығы 2,7 шақырым, құны 511 млн. теңге) қайта жаңғыртылуда. Бұл екі көшедегі құрылыс жұмыстары былтыр басталған, ауыспалы нысандар болып табылады. Сонымен қатар Еуразия даңғылында ауқымды жұмыс жалғасын тапты.

Өткен жылдары аталмыш даңғылдың Шаған жағалауы көшесінен Мұхит көшесіне дейінгі 1,8 шақырымдық бөлігі күрделі жөндеуден өтті. Биыл Екінші база ауданындағы көлік өткелінен бастап Мұхит көшесіне дейінгі аралығы жөнделуде. Бұл аралықтың жалпы ұзындығы 2,7 шақырым, ал қаралған қаржы 665 млн. теңге. Әлгі аралықтың тек жолы ғана емес, жолдың астындағы 1,4 шақырым кәріз коллекторы, төрт шақырымнан астам су құбыры толықтай жаңартылуда. Жарық бағаналары оң жағынан сол жағына ауыстырылып, жарық желілері жер астымен тартылуда. Сондай-ақ биыл «ҚПО» бөлетін қаржыға Циолковский көшесінің Әбілқайыр хан мен Шолохов көшелерінің аралығын (ұзындығы — 766 метр, 77 млн. теңге), Жымпиты, Чкалов көшелерінің Шубин мен Қазталов көшелері аралығын (ұзындығы — 780 метр, жобалық құны 66 млн. теңге) орташа жөндеу, 7-9-шағынаудандарда көшеішілік жолдардың (№1 көше) құрылысы жоспарланған. Ұзын-дығы — 761 метр, жұмыс құны 215 млн. теңге тұратын соңғы нысанда жұмыстар басталып кетті. Бұл шаруаны мердігер мекеме ретінде «ОралЖолдары» АҚ өз жауапкершілігіне алды. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен құрылысы өткен жылдары басталған бірнеше көшеде қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Зашаған кентіндегі Ахмет Байтұрсынов атындағы көшеде жұмыстар аяқтала келді. Есқалиев көшесі және 7-9-шағынаудандардың арасындағы Желаев трассасын Мәскеу көшесіне қосатын (№3 көше) жолдың құрылысы жалғасуда.

Бұдан бөлек бюджет есебінен 6-шағынаудандағы Әбілқайыр хан мен Желаев тас жолын қосатын, ұзындығы 759 метрді құрайтын жол да биыл жөнделеді. Құрылыс барысында №28 мектепке кірер жолды салу да ескерілген. Шұрқ тесік осы көшенің жай-күйіне тұрғындар тарапынан арыз-шағым аз емес-ті.

— Қалаішілік жол жөндеу жұмыстарын тендер негізінде мойнына алып, бекітілген жұмыс кестесінен кешеуілдеген мекеме-кәсіпорындар бар ма?

— Өкінішке қарай, сіз тілге тиек етіп отырғандай фактілер бар. Мәселен, Есқалиев және Байтұрсынов көшелерінің құрылы-сын тендерде жеңіп алған «Нұржолстрой» серіктестігінің тірлігі көңілден шықпады. Аталған көшелердегі жұмыстар 2014 жылы басталып, былтыр бітуі тиіс еді. Мойнына алған міндеттемесін уақтылы орындамауына байланысты бұл серіктестік сотқа берілді, міндетін жауапсыз орындаушылар тізіміне енгізіп, қалған жұмыс ауқымына қайтадан байқау жарияланды. Биыл Байтұрсынов көшесіндегі жұмыстарды «ДСК Приоритет» ЖШС жүргізуде. Қазір құрылыс аяқтала келді. Есқалиев көшесінде «PIRAMYD» ЖШС-ы жұмыс істеуде. Бұл кәсіпорындардың жұмыс қарқыны әзірге жаман емес.

Биыл да кестеден кешеуілдеген мердігер мекемелер баршылық. Мәселен, Достық даңғылының жолын жаңғыртып жатқан «Азия техстрой» ЖШС кесімді уақыттан жұмыс ауқымын 12 пайызға кешеуілдетуде. Тапсырыс беруші «ҚПО» компаниясы тарапынан оларға айыппұл салынды. Олар өздерінің шабандығын кейбір құрылыс материалдарының болмауымен түсіндіреді. Бірақ ондай орынсыз сылтаулар қала әкімі ретінде менің көңіліме қонбайды. Жөндеу жұмыстары былтыр басталды. Дайындалуға, алдын ала барлығын ойластыруға олардың уақыты жеткілікті болды деп санаймын.

7-ші және 9-шағынаудандардың арасындағы Мәскеу көшесі мен Желаев трассасын қосатын жолды салып жатқан «Балтемен» ЖШС-ы да жайбасарлықтан алдына «жан салмай тұр». Аталған нысан күзге дейін тапсырылуы тиіс. Сөйте тұра, құрылысшылар табиғаттың қолайлы уақытын пайдалануға асығар емес. Қазір ТҮКШ бөлімі аталған серіктестікті сотқа беруде.

Сөздің турасын айтқанда, білегі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап алып, тастап кетуге көзі қимай, ұруға күші жетпей жүргендермен әңгіме қысқа. Жуырда қалалық әкімдікте өткен кеңесте де айттым, оларға заң аясында тиісті шаралар қолданылатын болады.

— Нариман Төреғалиұлы, қаланың алдағы қысқа дайындығы жөнінде не айтар едіңіз?

— Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, көктем келісімен қысқа дайындық жұмыстарын уақтылы жүргізу туралы тиісті мекеме-кәсіпорындарға тапсырмалар берілді. Бүгіндері облыс орталығындағы 105 пәтер иелері кооперативі тұрғын үйлердің жылу жүйесін қысыммен тексеруде. Күні бүгін көп пәтерлі баспаналардың 52 пайызында осындай жұмыс атқарылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің дайындық паспорты қыркүйектің 30-на дейін әзір болуы тиіс.

Дегенмен кооператив құрамына кірмейтін иесіз үйлердің қысқа дайындығы көңіл көншітпейді. Бұл жерде тұрғындардың өздері «Менің меншігімдегі үйді әкімдік немесе басқа да тиісті мекемелер келіп, қысқы маусымға әзірлеп берсін» деген жайбарақаттықтан арылып, белсенділік танытуы қажет.

Ал инженерлік желілердің жайына келсек, қалада 6 мың шақырымнан астам инженерлік желі бар. Оның 2848 шақырымының, яғни 47 пайызының тозығы жеткен. Соңғы үш жылда 7 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралып, 483 шақырымдай инженерлік желі атаулы жөндеуден өтті. Биыл да бұл бағытта ауқымды жұмыс жүруде. 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жалпы құны 1,34 млрд. теңге, ұзындығы 13 шақырымды құрайтын 183 мың адам қосылған су құбырлары мен кәріз (канализация) жүйесін жөндеу жоспарлануда. Қалалық сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – 428 шақырым, ал тозу көрсеткіші – 67%. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстарды да үнемі назарда ұстап, барынша ілгерілетудеміз. Мәселен, «ҚПО б.в.» арқылы жұмыс құны 430 млн. теңге құрайтын 4 шақырымнан астам су құбырларын, сондай-ақ 207 млн. теңгеге ұзындығы 1,3 шақырым жеке сарқынды кәріздік (канализациялық) коллекторды жөндеу жоспарлануда.

Инженерлік желілердің техникалық жағдайын жоқ дегенде қазіргі деңгейде сақтау үшін жыл сайын 10-12% жөндеу жүргізу қажет. Қазіргі таңда тез арада жөндеуді талап ететін әр түрлі диаметрлі 52 шақырымдық кәріздік желілер бар.

«Батыс су арнасы» ЖШС-ның инвестициялық жобасы арқылы 2016-2020 жылдары 33 шақырым су құбыры мен 6,5 шақырым кәріздік желіні жаңалап-жаңғырту қарастырылуда. Ал Орал қаласына тиесілі жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 240 шақырым, тозу көрсеткіші – 52,7%.

«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыра отырып, 2016 жылы ұзындығы 1,2 шақырымдық 31 мың адамды, яғни жеті әлеуметтік және 96 тұрғын үй нысанын жылумен қамтитын жылу магистралін жөндеу жоспарлануда. Бұл шаруа үшін 375 млн. теңге бөлінді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалпы алғанда тоғыз нысанға 1,9 млрд. теңге бөлінген болатын. Қазір барлық нысандар бойынша жаңғырту, жөндеу жұмыстары кестеге сай жүруде. Бұған қоса «ҚПО б.в» компаниясынан қаралған қаржыға жоғарыда атап өткеніміздей, Еуразия даңғылы бойынша 637 млн. теңгеге 4,3 шақырым су құбыры мен 1,3 шақырым кәріз коллекторы жаңартылды. Демек, қаһарлы қысты қаламыз сақадай сай қарсы алады деуге негіз бар.

— Орал қаласы бойынша тұрғын үй қорын жаңғыртудың жай-жапсары сізді қанағаттандыра ма?

— Орал қаласында 1164 көпқабатты тұрғын үй болса, соның жартысынан астамы 1960-70 жылдары салынған баспаналар. Осы үйлердің 37-сі күні бүгін апатты жағдайда деп танылып отыр.

Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Орал қаласында апатты үйлердің тұрғындарын баспанамен қамтуға бағытталған қанатқақты жоба қолға алынды. Өзекті мәселенің түйіні мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасы аясында тарқатылады. Жобаға «Болашақ Т» және «СВ+» құрылыс компаниялары қатысуда. Бүгінде Депо көшесіндегі №18 және 2-ші шақырым көшесіндегі №20, 21, 22 апатты үйлердің орнына көпқабатты үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс аяқталған соң сүріліп тасталған үйлерден 48 отбасына жаңа пәтер берілмек. Бұл жобаны болашақта да жалғастырып, басқа апатты үй-лерге қатысты мәселелерді де осы үлгіде кезең-кезеңмен шешпек ойдамыз.

Ал салынғанына біраз жыл болған басқа үйлерді апатты жағдайға жеткізбеудің кілті «ТҮКШ жаңғырту» бағдарламасында жатыр. Бағдарлама басталған 2011 жылдан бері 76 үйге 651 млн. теңгеге жөндеу жүргізілді. 3877 отбасы өз мекенжайын жақсартуға мүмкіндік алды. Былтырдың өзінде қаламызда тоғыз көпқабатты тұрғын үй жөнделді. Бұл мақсатқа 82, 6 млн. теңге жұмсалды.

Жұмыс сапасын арттыру арқылы тұрғындардың аталмыш бағдарламаға сенімі нығайды. Нәтижесінде 2015 жылы қаржының қайтарылуы 73 пайызға жетті. Осыдан үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 25 пайыз ғана еді.

Бағдарламаның жағымды жақтарын ұғынған тұрғындар қатары жыл сайын көбейіп, бағдарлама аясында күрделі жөндеу өткізуге ықылас танытып отыр. Биыл үш көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар өтініш білдірген тағы көп қабатты 10 үйдің бесеуіне жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Ол үйлердің жөндеу жұмыстары 2017 жылдың жоспарына енгізілмек.

— Ағымдағы оқу жылы аяқталысымен, жаңа оқу жылына дайындық күн тәртібіне қойылатыны белгілі. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, алдағы қыркүйекке дейін Орал қаласындағы қанша білім ошағы жаңарып-жаңғырмақ?

— Орал қаласы бойынша 48 жалпы орта білім беретін мектеп пен 50 балабақша бар. Соңғы бес жылда 15 мектеп, үш балабақша жөнделді. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы №2, 36, 39 мектептерге және №33 «Орленок» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сөйте тұра, облыс орталығындағы әлі де 13 мектеп, 15 балабақша күрделі жөндеуді талап етеді.

Биыл жөндеу басталған №36 мектепке бюджеттен 111 млн. теңге бөлінсе, №39 мектепке 107 млн., №33 балабақшаға 133 млн. теңге бөлінді, ал №2 мектепті жөндеуге «ҚПО б.в.» компаниясы тарапынан 390 млн. теңге қаралып отыр. Аталған білім ордаларындағы құрылыс мерзімі келісімшартқа сәйкес алты ай болғанымен, мектептердегі жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау жөнінде мердігерлерге талап қойып отырмыз. Құрылыс жұмыстарының қазіргі қарқыны көңілден шығады. Бұйырса, Білім күнін жаңарған мектептерде қарсы аламыз деген үміттеміз.

— Жақында еліміздегі ең ірі елді мекен, яки мегаполис Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пәтер иелері кооперативтерінің қызметіне көңілі толмайтындығын айтып, бұл саланың жұмысын өзі қатаң бақылауға алатындығын мәлімдеді. Сіздің назарыңыздан бұл сектор тыс қалған жоқ па?

— Орал қаласында 105 пәтер иелері кооперативі жұмыс жасайды. Олардың жоспарлы жұмыстарын жүргізуі, тұрғындардан жиналған жарналардың мақсатты жұмсалуы, шығындар сметасын келісу, жылына бір рет тұрғындар алдында алдын ала бекітілген кестеге сәйкес есеп беруі қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қадағалауында. Сонымен қатар аталған бөлімнің тұрғындардан түскен өтініштер негізінде техникалық тексерістер жүргізіп, анықталған кемшілік-ақауларды жою туралы ұйғарым береді. Орал қалалық ТҮКШ бөлімі де елдің арыз-шағымы бойынша үйге дейінгі инженерлік желілермен жұмыстанады. Алайда ПИК-тердің жұмысы керемет деуге әлі ерте. Тұрғын үй қорын басқару саласына жасалған талдау халықтың төмен белсенділігі мен көрсетілген қызметтерге қарыздың қордаланып қалуы кооперативтердің жұмысына теріс әсер ететіндігін көрсетті. Мұндай жағдайлар кооператив пен тұрғындар арасында түсініспеушілік туғызады, ал кейбірінде төрағалардың жауапсыздығы жұмыс сапасының төмендеуіне әкеліп соқтырады.

Тұрғын үй қатынастары саласындағы жұмысты жақсарту мақсатында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына бірнеше түзетулер енгізілген болатын. Осы заңның 6-бабына сәйкес, тұрғын үй қоры мен кондоминиум нысанын басқару пәтер иелері таңдап алған құрылым (орган) арқылы жүзеге асырылады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 42-бабының 3-тармағына сәйкес, кондоминиум нысанын басқару органының осы нысанда сервистік және өзге де қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.

Қазіргі таңда тұрғын үй инспекциясы бөлімімен әрбір үйде басқару құрылымын құру бойынша тұрғындармен түсіндіру жұ-мыстары жүргізілуде.

— Нариман Төреғалиұлы, Орал қалалық қоғамдық кеңесінің таяудағы отырысында кеңес мүшелерінің бірі тұр-мыстық қалдықтарды тауарға айналдыру жөнінде әңгіме қозғады. Бұл идеяға сіз өзіңіз де қызығушылық таныттыңыз. Осы бағытта нақты қозғалыс бар ма, әлде әзірше бәрі сөз жүзінде ғана ма?

— Орал қаласының бас жоспарына сәйкес облыс орталығының дамуы солтүстік-шығыс және оңтүстік-батысқа бағыт алмақ. Соңғы бағытта бүгінгі қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигоны орналасқан. Таяу келешекте, тіпті қазірдің өзінде ҚТҚ полигонына таяу маңға тұрғын үйлер, медицина, білім беру және мәдениет нысандары салынуда. Осы факторды әрі полигонның лықа толғанын ескерсек, жаңа полигон салу қажеттілігі айдан айқын. Осыған байланысты Зеленов ауданы аумағында қазіргі полигоннан 7 шақырым қашықтықта қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған жаңа полигон салуға 70 гектар жер бөлінді.

ҚТҚ арналған жаңа полигон құрылысы бойынша техникалықэкономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша жұмыстар басталды. Жаңа полигонның технико-экономикалық негіздемесін жасақтау барысында полигон құрылысының бірнеше нұсқасы қарастырылуда.

— Қоқысты сұрыптау кешенінің құрылысы, қоқыстар сұрыпталып, тығыздалып одан әрі қайтара өңдеуге жіберіледі. Сұрыптаудан қалған қоқыстар тығыздалып полигонда көміледі, ол қалдықтарды болашақта цемент зауыттарында қолданылатын балама отын ретінде қолдануға болады. Бұған қоса биологиялық қалдықтардан компост, яғни биологиялық ты-ңайтқыш өндіретін цех құрылысы да қарастырылған. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды көмуде, қадеге жаратуда заманауи технологияны қолданатын қоршаған ортаны қорғау саласында тәжірибесі бар шетелдік инвесторларды іздеу жұмыстары жүргізілуде.

2015 жылы қазан айында Орал қаласының әкімдігінде Хорватияның «Техникс» компаниясы өкілдерімен кездесу өтті. Атал-ған компания қоқыстарды 100% пайдаға асыру құрылғысын және коммуналдық қалдықтарды қайтадан кәдеге жарату технологиясын ұсынды. Ал биылғы ақпан айында финляндиялық «Doranova» компаниясы өкілдерімен кездесу өтті. Үшбу фин компаниясының суды тазарту мен қоқыс өңдеу бойынша көп жылдық тәжірибесі бар.

«Doranova» компаниясының басшылығы ҚТҚ полигонын басқаруға алуға және Орал қаласының қатты тұрмыстық қалдықтар жүйесін басқарып, жетілдіруге қатысты инвестициялық жобаны жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Финдер ұсынған жоба мынандай негізгі кезеңдерді қамтиды:

Полигонда биогазды өндіру қорын растау бойынша (іздеу жұмыстары) зерттеу жүргізу;

  1. Биогазды жинау жүйесін жобалау;
  2. Биогазды жинау жүйесінің құрылысы мен монтажы;
  3. Сорғы станцияларын орнату;
  4. Биогазды жағу жүйесі;
  5. Жылу электрстанциясы.

Жобаның бірінші кезеңі – іздестіру жұмыстары полигондағы биогаздың мөлшері мен сапасы жайлы Еуропадағы тәуелсіз зертханалардың қажетті мәліметтері мен қорытындысын алуға мүмкіндік береді. Зерттеу құны – 214 мың еуроны құрайды, 1 гектарға орташа есеппен 6,5 мың еуро. Өздеріңізге мәлім, энергия көздерін жаңғыртуды енгізу және қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату жүйесін жетілдіру Қазақстанда «жасыл» экономикаға иек артудың негізгі бағыты болып табылады. Бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, талданғаннан кейін түбегейлі шешім қабылданатын болады.

— Қала маңындағы саяжайларға қатысты жер телімдерінің біразы бүгіндері иесіз қаңырап бос жатыр деп естиміз. Ендеше, саяжайлық жер телімдерін қалалық әкімдік тарапынан қайта қатаң есепке алып, бағбандықпен айналысуға ынталы оралдықтарға ұсынса, қалай болар еді?

— Орал қаласында 165 бау-бақша серіктестігі бар. Оларға тиесілі жалпы жер аумағы 3,8 мың гектарды құрайды.

ҚР Жер кодексінің 14-1-бабының 3-бөліміне сәйкес бос жатқан саяжай телімдерін анықтап, оларды есепке алу жергілікті атқарушы құрылымдардың құзыретінде. Соған сәйкес 2012-2016 жылдары 483 жер телімі иесіз жатқаны анықталып, 84 саяжай иелерінің өтініші бойынша есептен шығарылды. Сот арқылы 250 жер телімі коммуналдық меншікке қайтарылып, саяжаймен айналысуға тілек білдірген азаматтарға берілді.

ҚР Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес меншік иесі жоқ немесе белгісіз, болмаса иесі бас тартқан мүлік иесіз деп танылады. Ондай жылжымайтын мүлік жылжымайтын мүлікті тіркеумен айналысатын мекеменің есебіне алынады. Иесіз ретінде тіркелгеннен кейін бір жыл өткен соң жергілікті атқарушы құрылым сот арқылы ол жерді коммуналдық меншікке алуға құқылы.

Орал қалалық жер қатынастары бөлімі осы бағытта жұмыстар жүргізуде. Қазіргі кезде бөлімде шамамен 500-дей жер теліміне қатысты материал бар, олардың иесі бойынша мәліметтер жинақтау үшін түрлі мемлекеттік құрылымдарға (органдарға) сұрау салынды. Сонымен қатар Орал қаласы әкімінің өкімімен бау-бақша серіктестігінен тыс жерлерді заңсыз иелену мен құрылыс жүргізуін болдырмау мақсатында жедел топ құрылды. Оның құрамына барлық мүдделі мекемелердің өкілдері енді. Күні бүгінге дейін әлгіндей бағыттағы бірде-бір заңбұзушылық анықталған жоқ.

Сұхбаттасқан

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар