28.07.2016, 6:10
Қараулар: 219
Қаршыға – шың

Қаршыға – шың

eITV-WFu_mc


Биылғы жылы күй өнерінің қайталанбас шебері, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 70 жыл толды.


Дүниеге аса сирек келер ғажайып құбылыс, дарабоз домбырашы, ұлағатты ұстаз, адамгершілігі зор азаматпен әлденеше рет дәмдес болып, бірге жүріп, тіпті сырлас болғанымызды өзімізге Тәңірдің берген сыйы деп санаймыз.

Қазақтың тағы бір ұлы перзенті Әбіш Кекілбаев «Күй Астанасы – Жаңақала» деп баға берген, өмірге Құрманғазы, Дина, Мәмен, Қали, Оқап, Шамғон, Тұяқберді сынды тұлғаларды әкелген киелі өңірімізге Қаршекең де талай рет ат басын бұрып, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жұртшылықты қара домбырасынан төгілген күйімен тәнті еткен болатын.

Қаршекең әр сапарында өзін насихаттап қана қоймай, аудандық мәдениет үйі жанындағы халық оркестрінде, күні кеше халық әртісі Тұяқберді Шәмеловтің атын алған халықтық фольклорлық ансамбльде шеберлік сыныбын өткізетін.

Өзінің ұлы ұстазы Қали Жантілеуовтің көзінің тірісінде 90 жылдық тойына қатысып, одан бері Дина, Қали, Оқаптың мерейлі мерекелеріне орай өткізілген республикалық домбырашылар сайысында қазылар алқасына жетекшілік еткен еді.

Қаршекең достыққа адал, жолдастыққа берік жан еді ғой. Ұзақ жыл бойы Жаңақала ауданын басқарған Төлеген Мерғалиевпен арадағы достығы адам қызы-ғарлықтай еді-ау.

Қаршекеңнің өлкемізге жаса-ған соңғы сапары да көз алдымызда.

Атырау бетінен келе жатқан Қаршекеңді ауыл сыртынан қарсылап алған соң, ол қашанғы дағдысы бойынша ұстазы Қали бабаның тура басына барып, аруағына Құран бағыштады.

Орнынан көтерілген соң айналаға ойлана көз салып тұрған Қаршекең кенет осы аймаққа алғаш рет концерттік сапармен келген кезін еске түсірді. Ауыл маңындағы қыраттарды, жастық дәуреніне куә болған, қазір сиреңкіреп қалған тал-теректерді иегімен меңзеп, кеудесінен сағыныш сазын төкті дерсің. Амал не, Қаршекеңе қайран қалып қарап, әңгімесіне елітіп тұрғандардың бірде-бірі қазақтың маңдайына біткен дара тұлғасының туған жерімізбен қоштасып тұрғанын білмеппіз.

Қашанғы әдетінше аудандық емдеу-сауықтыру орталығында ем алып жатқан досы Төлеген Тастайұлына барып, хал-жағдайын біліп, сол жерде демалушылардың өтінішімен бірнеше күй орындап, олардың ыстық-ықыласына бөленді.

Көп ұзамай Алматы қаласына жолым түсті. Келетінімнен хабардар Қаршекең ұлы Ерболатпен орналасқан пәтеріме келіп, таудың етегіндегі үйіне апарып қонақ жасады.

– Закария, көріп отырсың, ешкімді шақырған жоқпын, екеуденекеу отырып, еркін әңгімелесейікші, – деді қайран Қаршекең.

Төсекті маған өзінің жұмыс кабинетіндегі диванға салғызып, жарықты өшіргеннен кейін де Қаршекең жаныма отырып, ұзақ-сонар сырларын ағытты.

Көкейімде ұмытылмастай болып қалған бір сөзі әлі күнге есімнен кетпейді.

– Аңғарсаңыздар, – деп еді-ау сонда Қаршекең, – Құрманғазының қайсыбір күйлерінде орыс халқының саз-әуені бар. Нарынның құмында жүрген Құрекеңе ол әуендер қалай жетті? Осы жұмбақтың шешуін іздесем бе деймін. Анау Мәмен атамыз жатыр зерттелместен. Ол да бір тылсым дүние, іздеушісін күтуде…

Қаршекең екеуміз терезеден мұнарланып тау сұлбасы елес бере бастағанда жастыққа қисайдық.

Қоштасарда Қаршекең Ахмет Жұбановтың, белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбековтің (өзіне арналған қолтаңбасымен) кітаптарын сыйлады.

Бір айта кетерлік жәй, аңғармай қалды ма әлде арнайы берді ме, Ақселеудің кітабының ішінде Қаршекеңнің Мәменге арналған «Шілде», «Мәмен толғау» деген күйі жүр екен. Бұйырса, осы дүниелердің бәрін ұлы күйшінің шәкірті Досым Мақсотовқа тапсырсам ба деген ойдамын.

Амал не, сол жазда Қаршекеңмен мәңгіге қоштастық.

Қарбалас істер қабаттасып қимастай, сырластай болып кеткен аяулы ағаммен алыстағы ауылымда отырып өлеңмен қоштастым. Енді шағын мақаламды Қаршекеңе арнаған қоштасу өлеңіммен аяқтасам ба деймін.

Тербетіп күймен қазақтың сахи даласын,

Жұбатқан, шіркін, бесікте жатқан баласын.

Домбыра-дәурен жылаулы мына жұртыңның,

Басынан енді дүние-ай, ауып барасың.

Өмір-ай, өмір… опасыз ба едің осылай,

Кенеттен жетер хабардың сұмдық, жосыны-ай.

Қаршекең жапты дегенде пәни есігін,

Сұп-суық қанжар жүректі кетті осып-ай.

Көмкеріп күймен Жайықтың жасыл жағасын,

Пір тұтқан әр кез Қалидай баба-данасын.

Шың емес пе едің таласқан көкпен Қаршекем,

Қалайша енді төмпешік болып қаласың.

Жан далам менің, Жаңғалам деуші ең-ей, менің,

Той еді-ау елге сағынтып дәйім келгенің.

«Достарым менің аман ба?» деуші ең үздігіп,

Достыққа сына қағатын әсте сен бе едің.

Айналып кетті айналам түгел сағымға,

Ойпыр-ай, от па санамда әлде жалын ба?

Аясаң етті пендеңді сәл-сәл Құдай-ау,

Құшағын жайып кім келер енді Нарынға.

Сен аштың және Махамбет – күйдің бұлағын,

Дәлелдеп беріп, қалдырмай артқа күмәнін.

Соңғы рет тыңдап отырып баба сарынын,

Кеттің бе қалғып тұғырда тұрған қыраным.

Қазақтың өткен жаманы, сірә, болсын ба,

Жақсы деп айтпас тіріңде алыс, қоңсың да.

Ұлылар санын сол күні сен де бір жанға,

Көбейттің енді өзің біл, қомсын-қомсын ба?

Үзіліп кетті-ау ертерек тіпті жолың да,

Шүкір, Аллаға қалмадың шүршіт қолында.

Өлді деп өксіп айтуға ауыз бара ма,

Өлместей істі қалдырған жанды соңында.

Жазар-ау уақыт жүректің әлі жарасын,

Өрлейді көкке Қаршыға атты дара – шың.

Қоңыр күйіңмен мәңгілік атты мәреге,

Қаршекем, сен де халқыңмен бірге барасың.

Сөз соңында айтарым, қайталанбас Қаршекеңнің мерейлі жасына орай өзінің туған өлкесінде, Алматы, Астана қалаларында күй қағанын есте қалдырарлықтай шаралар атқарылса деймін.

Закария СИСЕНҒАЛИ,

ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы,

Жаңақала ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар