28.07.2016, 6:08
Қараулар: 220
Шаруасы шалқыған шаруашылық

Шаруасы шалқыған шаруашылық

DSC_0099


Ақпәтер ауылындағы ағайынды Мұрат, Самат Хасановтар 1999 жылы «Қамқор» шаруа қожалығын құрған болатын. Бастапқы жылдары көптеген қиындықтарға тап болды. Шаруаны бастаған жылы иеліктерінде 30 ірі қара, 15 жылқы, 20 қой болған.


— Біздер әкеден алты қыз, екі ұл тарағанбыз. Хамза Хасанов – соғыс ардагері. Қоссартаң деген жерде көп жылдар бойы мал бақты. Бүгінде інім Самат екеуміз әкеміздің еңбек етіп, тер төк-кен жерлерін қайта жаңғыртып, өз пайдамызға жаратып жүрміз. Кеңшар тараған уақытта еншімізге ескі трактор тиді. Сол жыл-дары мал өз төл есебінен өсіп жатты. Ол кезде қазіргідей көмек-қаржы жоқ. 2006 жылы несие алып, мал басын көбейтуге шешім қабылдадық. Сол жылы «Казталовка» несие серіктестігіне мүше болып, 4697000 теңгеге мүйізді ірі қара сатып алып, мал басын әжептәуір көбейттік. 2008 жылы 3697000 теңгеге тағы да мүйізді ірі қара малын алдық. Сонымен қатар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 62 мүйізді ірі қара малын алу үшін 11900000 теңге несие бөлді. Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға да мүмкіншілік болды. Соңғы жылдары мал тұқымын асылдандыру бағытымен шұғылданып келеміз. Асыл тұқымды «Көшім» жылқысын өсіру мәртебесіне қол жеткіздік. 2015 жылы еділбай қойын алу үшін 30 млн. теңге несие алған болатынбыз. Ендігі мақсатымыз – иелігіміздегі ірі қара мен қой тұқымын асылдандыру. Ауыл шетінен мал бордақылау алаңын іске қостық. Бұл алаң бір жылда 1000 басқа дейін мал бордақылап, етке тапсырып отыруға мүмкіндік тудырары сөзсіз, — дейді «Қамқор» шаруа қожалығының басшысы Мұрат Хасанов.

Ағайындылар бордақылау саласын одан әрі дамытып, шағын мал сою цехын салып, ет өнімдерін алыс-жақын шет елдерге шығаруды да көздеп отыр. Қазіргі таңда шаруашылықта 25079 гектар жер, Тақырсуат, Қоссортаң-1, Қоссортаң-2, Ақмамық секілді елді мекендерде қыстақтары бар. Ақпәтер ауылының шетінде мал бордақылау алаңы болса, шаруашылықта түрлі маркалы тракторлар, шөп шабатын, тайлайтын техника, жүк таситын автокөлік жұмыстарына кеңінен пайдаланылуда. Қазіргі уақытта шаруа қожалығында 16 жанұя еңбек етуде.

Тұрарбек АҚМУРЗИН,

Ақпәтер ауылы,

Қазталов ауданы