28.07.2016, 6:07
Қараулар: 149
Жаңақала – шырайлы Шыңғырлауда

Жаңақала – шырайлы Шыңғырлауда

IMG_1508


Жақында Шыңғырлау ауданына қазақ даласының күй ордасы атанған киелі Жаңақала ауданының делегациясы ат басын бұрды.


«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында достық пен татулық, мәдени-танымдық бағытта қолға алынған ізгі сапарда жаңақалалықтар Шыңғырлау ауданының шаруашылық құрылымдарын аралап, кәсіпкерлік қанат жайған орталығында болып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Делегация алдымен күн мен жел энергиясын қуат көзіне айналдырып, шаруашылығын өркендетіп отырған «Ғайни» шаруа қожалығында болды. Жоспарлы межесін алдағы жылдарға белгілеген шаруашылық басшысы Жасқайрат Айсиев бүгінгі таңда қолданып отырған гибридті, күн мен жел энергиясынан қуат беретін қондырғысымен таныстырып, алдағы құс өсіру жұмысын ұлғайту, мал шаруашылығындағы жоспарларын жүзеге асыру бағытындағы бірқатар жоспарларымен бөлісті.

Бұдан соң жаңақалалық қонақтар орталықта орналасқан «Даңқ» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, соғыс боздақтарының рухына тағзым етті.

Сондай-ақ делегация аудан орталығындағы «АкРам» мейрамханасы, «Астана» сауда орталығы, «Теща» супермаркеті нысандарын аралап көрді.

«Нұр Отан» ғимаратының мәжіліс залында жалғасын тапқан «Бейбітшілік пен келісім – мәңгілік ел тұғыры» атты дөңгелек үстелде ұлтаралық татулық, конфессиялар түсіністігі, бүгінгі қоғамдағы ұлттық ерекшеліктер мен олардың бір мақсат, бір мүддеге жұмылуы барысында тақырыптар талқыға түсті.

Мегажоба сапарының түйіні аудандық мәдениет үйінде Жаңақала ауданы өнерпаздарының сазды, әуезді концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Сәні мен көркі келіскен кештің соңында Жаңақала ауданының басшысы Лавр Хайретдинов Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есаливке «Тілек кітабын», мегажоба эстафетасын салтанатты түрде табыс етті. Өз кезегінде мұндай ізгі шаралардың аудандарға қолайлы мүмкіндіктері, тәжірибе алмасу, өнер мен таным тақырыбы, экономикалық қолдау мен серіктестік бағытында берері мол екенін атап өткен аудан басшысы Альберт Темірболатұлы қонақтарға аудан халқы атынан алғыс білдіріп, ықылас гүлін ұсынды.

Адақ ШОТПАНОВ,

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау ауданы