28.07.2016, 6:06
Қараулар: 176
Достық туы мөлдір бұлақ басында

Достық туы мөлдір бұлақ басында

DMS_5688


Дәстүрлі «Жайық – Орал» экспедициясы жиырмасыншы рет жолға шықты.


Ресей Федерациясының Орынбор қаласынан бастау алған сапар барысында экспедиция мүшелері Жайық өзенінің экологиялық ахуалын зерттеп, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне зер салуды көздеп отыр. Орал тауларынан бастау алып, Каспий теңізіне құятын трансшекаралық өзеннің экологиялық ахуалын жақсарту мәселелерін көтерген экспедиция алғаш рет 1996 жылы сапарға шыққан болатын. Содан бергі жиырма жыл ішінде Жайықтың тағдырына билік пен қоғамның назарын аударып, мемлекетаралық деңгейде талқылауға қол жеткізілді. Ортақ мақсат жолындағы істерді тағы да саралауға арналған дәстүрлі экспедицияның жалауы биыл Орынбор қаласында көтерілді.

Қос мемлекет аумағымен ағатын, жалпы ұзындығы екі мың шақырымнан асатын өзен бойында бес миллионнан астам халық тұрады.

— Осы жылдар ішінде, шын мәнінде, көптеген іс тындырылды. Ең бастысы, трансшекаралық өзеннің экожүйесін қалпына келтіру мәселелерін реттейтін заңдық негізі бар құжаттың қажеттігін дәлелдедік. Биылғы сапар да көптеген игі істерге жол ашпақ. Биыл Башқұртстандағы Үшалы ауданына барып, Орынбор облысы, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары арқылы Каспийге жетуді жоспарлап отырмыз, — дейді экспедиция жетекшісі Елена Тарасенко.

Экспедиция мүшелері биыл тұңғыш рет Жайық өзенінің бастауына барып, мөлдір бұлақтың басына достықтың туын тікті. Еу-ропа мен Азияны жалғап жатқан киелі өзен ынтымақ пен бірліктің, достықтың өзені дейді экспедиция мүшелері. Олар экологиялық сұрақтармен қатар мәдени мұраны сақтау, салт-дәстүрді аялау бағытында да танымдық шараларды өткізуге зер салады. Екі елдің тарихын танып білу – дала өркениетінің даму кезеңдерін зерделеуге достық экспедициясының септігі зор дейді тарихшы ғалымдар.

* * *

Кеше оралдықтар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жиырмасыншы рет ұйымдастырылған ҚазақстанРесей тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық, туристік экспедициясының мүшелерін Жайық өзені жағалауынан қарсылады.

Экспедицияға қатысқан облыстық делегация мүшелері мен Ресейдің Орынбор облысынан келген меймандарды Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, қалалық мәслихаттың депутаттары мен студент жастар қарсылап алды. Шараға қатысушылар алдымен Ұлы Отан соғысында құрбан болған боздақтарға арналған мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Бұдан соң шараға қатысушылар қазақ драма театрында өткен экспедицияның тарихынан сыр шертетін суреттер көрмесін тамашалауға бет алды.

Көрменің ашылу салтанатында экспедиция мүшелері мен қатысушыларды облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.

— Жайық өзенінің бойында орналасқан көршілес екі елдің, қала берді екі облыстың арасындағы ынтымақтастықты арттыруға, Жайықтың экологиялық жағдайының жақсаруына, жалпы табиғат қорғауға бағытталған экспедицияға биыл 20 жыл толды. Жайық екі мемлекетті қосып отырғандықтан, бүгінгі шараға Орынбордан келген үлкен делегация қатысып отыр. Жыл сайын осы екі өңірдің басшылары мен тұрғындары, туған еліне жанашыр азаматтарының аталмыш экспедицияға қаты- суының өзіндік нәтижесі бар деп айта аламын. 20 жыл бойы өтіп келе жатқан экспедицияның мақсаты екі облыстың тек бір-біріне барып келуі ғана емес, осы өзеннің мәселесін мемлекеттік дәрежеге көтеруге атсалысу болды. Соның нәтижесі биыл жоспарға сәйкес екі мемлекет басшысының қатысуымен өтетін форумда үкіметаралық келісімге қол қойылады деген жоспар бар. Ал қол қойылған жағдайда ол құжатты әрі қарай іске асыратын – сіз бен біз. Жайық өзенінің өзекті мәселесі жыл сайын көтеріліп келеді. Шын мәнісінде, бұл – қолға алып, қолдау көрсетерлік үлкен мәселе. Жайық бойын бірнеше мыңдаған халық мекендейді. Сон-дықтан өзен суының деңгейін түсірмеу, оның жағасын ластамау сол тұрғындардың ортақ ісі болмақ. Кеше ғана облыстық делегация Орынбор қаласында болып, өңір басшысы Юрий Бергпен кездесіп, осы мәселені талқыладық. Биылғы жылы өзендегі су деңгейінің мол болуы – көршілес облыстағы әріптестеріміздің бізге деген көмегі. Көктем мезгілінде Жайық өзеніне судың жіберілуін Орынбор облысының басшысы өзі қадағалаған екен. Өздеріңіз көріп отырғандай, осы жылғы өзен суының деңгейі жақсы. Осы суды сақтап қалу үшін жұмыстануымыз керек. Бұндағы мақсат – біз келер ұрпаққа Жайықты суы мол әрі таза қалпында жеткізуіміз керек.

Жас ерекшеліктеріне, қызметтеріне қарамастан, осы экспедицияға қатысқан өңір адамдарына зор алғыс айтамын. Сонымен қатар осы шараның басы-қасында болып, жанашырлық танытып жүрген экспедиция жетекшісі Елена Тарасенкоға, Орынбор қаласынан келген делегацияға өз ризашылығымды білдіремін. Батыс өңіріне қош келдіңіздер! — деді Алтай Сейдірұлы.

Көрменің ашылу салтанатында Орынбор облыстық мәдениет және сыртқы байланыстар министрінің орынбасары, халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Александр Калинин, экспедиция жетекшісі Елена Тарасенко сөз сөйлеп, аталмыш шараның мән-маңызына тоқталды.

Мерекелік шара соңында өңір басшысы Алтай Көлгінов экспедицияға қатысушыларды алғысхатпен марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті. Бұдан соң келген қонақтар мен өңір тұрғындары 20 жылдық тарихы бар экспедицияның суреттер көрмесін тамашалады.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар