28.07.2016, 6:05
Қараулар: 182
Жасай бер, «Жаңа Айқап!..» орынборлық қазақ газетіне – 25 жыл

Жасай бер, «Жаңа Айқап!..» орынборлық қазақ газетіне – 25 жыл

IMG_2691 (Copy)


Ресей Федерациясының Орынбор қаласында жергілікті қазақтардың бастамасымен сонау 1991 жылы «Айқап» (кейін «Жаңа Айқап») газеті ашылған екен. Жергілікті биліктің қаржылай қолдауымен, қазақ және орыс тілдерінде шығатын осы басылымға бүгінде ширек ғасыр толыпты. Қазақстан Республикасы үшін де, шетелдегі қазақтар үшін де маңызы зор бұл жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов бастаған арнайы делегация қатысқан болатын.


Шілденің 24-і күні кешкісін Орынбор облыстық филармониясының ғимаратында «Жаңа Айқап» газетінің 25 жылдығына орай өткен мерекелік шараға Ресейдің түкпір-түкпірінен қазақ ағайындар көп жиналды. Газеттің алғашқы шығарушылары мен тарихынан сыр шертетін деректі фильмнен соң, басылымның құрылтайшысы, «Орынбор қазақтарының ассоциациясы» қоғамдық ұйымының төрағасы Жәнібек Иткөзов ақжарма тілегін жеткізіп, әр жылдары газет редакциясында қызмет еткен әріптестеріне алғысхат табыстады. Одан әрі Орынбор облысы үкіметі төрағасының ішкі саясат бойынша орынбасары — вице-губернатор Вера Баширова құттықтау сөз сөйледі. Қазақстаннан келген ресми делегация жетекшісі, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиналған қауымды Ақ Жайық жұртшылығы атынан құттықтап: «Сіздер арқылы облыстық газет ұжымына және оның орынборлық барлық оқырмандарына ыстық сәлемімізді жеткіземін. Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын Орынбор қазақтарының облыстық газеті жарыққа шығып, ол Орынбор облысы қазақтарының үніне, рухани өзегіне және ұлттық байлығына айналды. Газеттің жарыққа шығуы Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алу жылымен тұспа-тұс келгендігі қуантады. Ақ Жайық өңірімен ежелден тығыз байланысып жатқан Орынборда 1991 жылы облыстық қазақ газетінің дүниеге келуі, ондағы қазақ бауырларымыздың ұйымшылдығына, ұлттық сана-сезімінің асқақтығына нақты дәлел бола алады. Ширек ғасыр уақыт ішінде газет үлкен жолдан жүріп өтті, облыстың барлық қазақтарын өз айналасына топтастырып, өз оқырмандарын тапты. Оларға облыс аудандарында және Қазақстанда болып жатқан жарқын жаңалықтарды жеткізіп, өлкедегі өзгерістер мен оқиғалар туралы материалдарды ана тілінде оқуына мүмкіндік туғызды. Адамның азамат ретінде рухани жағынан қалыптасып, ана тілінде сөйлеп, сол тілде оқуына мүмкіндік туғызу оңай шаруа емес. Арада өткен 25 жыл редакция ұжымына өзінің шеберлігі мен кәсібилігін шыңдауына, оқырмандарының сеніміне ие болуына ақпарат айдынындағы әріптестері арасында құрмет пен беделге жетуіне мүмкіндік берді. Орынбор облыстық қазақ газетінің журналистеріне өздерінің ұлттық тамыр-тарихына деген адалдығы үшін ризашылығымды жолдай отырып, жыл өткен сайын газет оқырмандары мен жанашырларының қатары көбейе түсетіндігіне сенімдімін» — деді. Құттықтау сөзінен соң Марат Лұқпанұлы газет ұжымына сый-сияпат табыстады. Ақтөбе облысынан арнайы келген өнер шеберлері орындаған ән мен күйге жиналған халық ерекше риза болып, бір қанаттанып қалды. Ресей Федерациясының Омбы қаласында 1989 жылы құрылған «Мөлдір» қазақмәдени орталығының жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Алтынай Жүнісова ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Одан әрі «Біздің елдің жігіттері» әнін нақышына келтіріп орындағанда халық сілтідей тынды, ән аяқталғанда қошеметін аямады. Үш сағатқа созылған шара бір деммен өтті. Барша көрермен мерекелік шараны аяғына дейін ерекше ықыласпен тапжылмай тамашалап, соңында бір-бірін құттықтап тарасты.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

Орал – Орынбор – Орал

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар