19.07.2016, 6:10
Қараулар: 70
«Жасыл экономиканың ұлттық жоспарын жасақтау керек»

«Жасыл экономиканың ұлттық жоспарын жасақтау керек»

DMS_0697


Сенбі күні «ҚПО б.в» компаниясының Орал қаласындағы бас кеңсесінде   Батыс Қазақстан  облысының  «AKZHAIYK  INVEST» инновациялық  форумы өтті.  Өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған форумға мемлекеттік орган қызметкерлері мен іскер адамдар және ҚР даму институттарының өкілдері қатысты.


Форумда облыс әкімі Алтай Көлгінов сөз сөйледі.

– Құрметті форумға қатысушылар! Облыста тұңғыш рет өткізіліп отырған бүгінгі форумға қош келдіңіздер! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тоғызыншы Астана Экономикалық форумында «Экономикалық дамудың өзі күрделі өзгеруде. Біз ресурстар экономикасынан білім мен инновациялық экономикаға түпкілікті көшудеміз» деп атап көрсетті. Ерекше инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейтіні түсінікті. Елбасымыз айтқандай, біздің мақсатымыз – жаһандық  технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу. Интернет арқылы ақпарат жер бетіне бір мезетте тарап жатқан заманда өмір сүрудеміз. Күн сайын әр түрлі салада жаңалықтар болып жатады. Біздің облысымыз да сондай жаңалықтардан кенде емес. Біз бүгін форумға өңіріміздегі таза ауаны, экологиялық қауіпсіздікті және өңіріміздің инновациялық-стратегиялық экономикалық дамуы мен инвестициялық саясатының басым бағыттарын талқылауға жиналып отырмыз. Өңіріміздің инвестициялық әлеуеті зор.

Соны өңіріміздің, еліміздің экономикасын көтеруге қалай пайдалануға болады, қандай тың идеялар бар, мұның қандай жаңа жолдары бар? Бүгін біз бәріміз бірігіп, осы мәселені талқылайтын боламыз, осы форумды  сол үшін ұйымдастырып отырмыз.

Баршамызға белгілі, экономиканы көтеру үшін облысқа инвестиция және онымен байланысты технологияны көптеп тартуымыз керек. Осыған орай  біз Еуропалық қайта құру және даму банкі, БҰҰ даму бағдарламасы, «Doranova» фин компаниясы секілді халықаралық ұйымдармен, халықаралық қаржы институттарымен, эксперттермен, қазақстандық және шетелдік ірі  инновациялық компаниялармен кездесіп,  осы бағытта келіссөздер жүргіздік. Биыл маусым айының аяғында Астана қаласында облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің арасында Орал қаласының жылу жүйелерін жаңғырту жөніндегі 7 миллиард теңгенің жобасын қаржыландыру бойынша келісім жасалды. Еуропалық қайта құру және даму банкімен басқа да әлеуметтік маңызды бірқатар жобаларды бірігіп жүзеге асыру жоспарда бар. Мұндай жобалардың қатарында техника паркін жаңарту және қалалық жолаушылар тасымалы басқармасы жүйесі,  коммуналдық қызметті басқару жүйесі, электр қуатын үнемдеу технологиясын енгізу арқылы Орал қаласының жарық жүйесін жаңғырту жұмысы бар.

Жақында біз «SmartCity – ақылды және экологиялық таза қала» бағдарламасы аясында арнайы компания өкілдігімен кездесіп, олармен ынтымақтаса жұмыстану жөнінде келісімге отырдық. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша «Doranova» фин компаниясымен  бірнеше мәрте кездестік, олар бізбен бірігіп жұмыстануға  дайын  екенін  айтты.

«AKZHAIYK  INVEST» инновациялық форумы облыста инновациялық құрылым жасақтап, экологиялық таза әрі қауіпсіз және қазіргі заманға сай дамыған, заманауи қала құру мақсатында, ірі компаниялармен бірігіп жұмыстану үшін ұйымдастырылып отыр. Өңірімізде түрлі сала бойынша инновациялық технологияның даму үлгілері бар. Атап айтар болсақ, облыста 2014 жылдан бастап екі бірдей үй құрылысы комбинаты – «Болашақ-Т» және «СВ плюс» ЖШС жұмыс істейді. Құрылыс материалдарын өздері шығарып, оны өздерінің жұмыстарында күнделікті пайдаланып жүрген бұл комбинаттар жылына 70 000 ш.м. тұрғын үй құрылысын жүргізуде.  Бұдан басқа Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Қызыл кітапқа енген бекіре балығын табиғи емес жолмен өндіру жобасы бар. Сондайақ  облыста машина жасау, ауыл шаруашылығы кешені, құрылыс индустриясы, шағын және орта бизнес, туризм саласын жаңаша дамытуға баса көңіл бөлінуде, – деген өңір басшысы форум қатысушыларына ағымдағы жылдың 8-9 қыркүйегінде халықаралық инвесторлармен экономикалық және іскерлік байланысты арттыру мақсатында Орал қаласында  «WestKazInvest» халықаралық инвестициялық форумын өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Бұл форумның бизнесті жаңаша дамытуға мүмкіндік беретінін айтып, кәсіпкерлерді мұны ұтымды пайдаланып қалуға шақырды.  Әкімнің айтуынша, қыркүйектегі форумға 1000-нан астам іскер адам қатыспақ. Оның ішінде 150-ге жуығы – шетелдік компания өкілдері.

Бұдан соң  сөз алған Қазақстанның қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы М. Әуезов жиналғандарды алдымен қауымдастық жұмысымен таныстырды. Оның сөзінше, қауымдастық 1999 жылы мамыр айында құрылған. Бүгінде құрамында 160 мүшесі бар, олар: 43 банк, 33 сақтандыру, 29 қор, 12 консалтинг пен аудит және 50 шақты басқа да секторлар. Қаржы секторына қарасты ұйымдардан тек өткен жылдың өзінде 138,5 млрд. теңге көлемінде салық түскен. Төраға сөзінің соңында қауымдастықтың әкімдіктермен өңірлердегі инвестиция, салық және жұмыс көздерін көбейту, қаржылық секторды дамыту, сондай-ақ қаржылық қызметтің сапасын арттыру бағытында ынтымақтаса жұмыс істеуге ықыласты екенін жеткізді.

Келесі кезекте сөйлеген Еуропа және Орта Азия елдеріндегі корпоративті басқару бойынша IFC экперті Б. Джанджалия корпоративтік басқарудың тиімділігі жөнінде әңгімелесе,  ҚР Технологиялық дамуы бойынша ұлттық агенттігі төрағасының орынбасары Жұматай Сәлімов еліміздегі инновацияның даму қарқыны жөнінде баяндады. Ол өз сөзінде облыстың инновация бағытындағы белсенді жұмысын атап көрсетті. Оның айтуынша, біздің облыстан 2011-2015 жылдар аралығында инновациялық грантқа 16 өтініш түскен.  Ол сондай-ақ Ұлттық инновация байқауының 2015 жылғы қорытындысына тоқталып, «Үздік журналистік материалдар» бойынша «Орал өңірі» газетінің тілшісі Сәкен Әбілхалықовтың инновациялық бағдарламаны насихаттау бағытындағы бірнеше мақаласы еліміз бойынша үздік деп танылғанын айтты. Жұматай Сәлімов сөзінің соңында бизнесмендердің инновация маңызын түсінетінін, сондықтан да осындай қор құрып, жобаларды жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етіп, ұлттық агенттіктің өңірлер тарапынан түскен ұсыныстарды мейлі заңдық тұрғыдан болсын, мейлі қаржылық немесе әдістемелік тұрғыдан болсын, қолдауға дайын екенін айтты.

«ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли компания жетістігін өз мекемесіндегі корпоративті басқарудың сәтті жүзеге асырылуымен байланыстырды. Және ол компанияның инновациялық әдістемелер тәжірибесін өзгелермен бөлісуге  қашан да дайын екенін жеткізді.

Осыдан кейін  «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Технологиялық дамуы бойынша Ұлттық агенттігі «Алгоритм технопаркі» ЖШС ғимаратында «SmartCity» («Умный город – Ақылды қала») бағдарламасы аясында  кешен құру жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл жоба қала инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ БҚО әкімдігі мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі мәселелерді шешу аясында күш біріктіру жөніндегі меморандумға қол қойды.

Түстен кейін «БҚО инвестициялық мүмкіндігі мен даму әлеуеті» тақырыбындағы сессия басталып, қатысушылардың әрқайсысы өз саласы бойынша баяндама жасады. Мысалы, «БҚО машина құрылысы кәсіпорындарын дамыту және жаңғырту перспективалары» тақырыбында баяндама жасаған «БҚО машина құрылысы консорциумы» қауымдастығының директоры Көшербай Айғожаұлы кәсіпорындардың технологиялық жаңғыртылуы өндірістік үдерістің жаңартылуымен (мысалы, өндіріс орындарын автоматтандыру, робот жұмысын енгізу, сандық моделдеу т.б.) тығыз байланысты екенін айтып, ол үшін кәсіпорындардағы маман-кадрларды жаңашылдыққа үйрету, жұмыс берушілермен бірлесіп, оқыту бағдарламасын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, Атырау,  БҚО және Маңғыстау облысы аума-ғында ұлттық кластер дамып келеді. Өңірімізде машина құрылысы саласын жаңғырту және жетілдіру мақсатында құрылған «Машзавод» консорциумы осы бағытта жұмыстануда.

Сессияда «Батыс Қазақтан облысының мұнай сервисі жобаларының инвестициялық мүмкіндігі» жөнінде әңгімелеген «CentrasiaGroup» одағының төрағасы Алмас Құдайберген қазақстандық компаниялардың құрылыс және мердігерлік жұмыстарға қатысу арқылы ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосып  жүргенін  жеткізді.

– Мысалы, таяуда Теңіз мұнай кенішінде құны 37 миллиард доллар тұратын ірі жоба жүзеге асырылмақ. Осы жобаны жүзеге асыру барысында 20 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Біздің отандық кәсіпорындардың оларға түрлі құрылғылар, мысалы,  мұнай-газ өндіру ісіне  аса қажетті резервуарлар мен кабельдерді ұсынуына болады. Бұл жұмыста мұнай өндіру саласындағы ең озық технологиялар қолданылмақ. Аталмыш жобаны жүзеге асыру кезеңін біздің жергілікті кәсіпорындардың ұтымды  пайдаланып қалғаны жөн, – деді төраға өз сөзінде.

Сессия барысында  Қазақстанның Энергетиканы қалпына келтіру қауымдастығы бас директо-рының орынбасары Арман Қашқынбеков энергия қорларын үнемдеу үшін күн мен жел секілді қайта қалпына келетін жергілікті қуат көздерін тиімді пайдалану керектігін айтты. Оның сөзінше, Жапония, Америка секілді елдер табиғи энергия көздерін қазірдің өзінде ұтымды пайдалануда, біз олардан қалып қоймауымыз керек.

– Еліміз қайта қалпына келетін энергия көздерін дамытуды заңдық тұрғыдан бекітті. Қазіргі уақытта нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінде электр энергиясын тұтынудың жалпы көлеміндегі баламалы энергия көздерінің үлесі 0,6 пайызды құрайды. Шетелдік инвесторларға қай облысқа қанша Күн стансасы, қанша Жел стансасы қажет екенін түсіндіру үшін еліміздің электр қуатын дамыту бойынша Ұлттық жоспарын жасақтау керек, – деді ол.

Форумда бұдан басқа облыстың инфрақұрылымына арналған жоба мен өңірдегі қонақүй бизнесін дамыту перспективалары туралы, сондай-ақ өңіріміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы жөніндегі баяндамалар тыңдалып, аталмыш тақырыптарға байланысты ұсыныстар мен пікірлер талқыланды.

  Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген  Медет  ДОСЫМОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар