19.07.2016, 6:09
Қараулар: 2
Жемқорлық пен парақорлық айылын жимай тұр…

Жемқорлық пен парақорлық айылын жимай тұр…

00112


Таяуда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметкерлері баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.


Бұған департаментке қарасты тергеу басқармасының басшысы Ахмед Абакаров, тергеу басқармасының бақылау-әдістемелік бөлімінің басшысы Нұркен Нәбиев, тергеу бөлімінің басшысы Талғат Нұржанов қатысты. Жиынды тергеу басқармасының басшысы Ахмед Абакаров жүргізіп, департаменттің ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмысы жөнінде баяндады.

— 2016 жылдың алты айы бойынша өндірісте болған 287 қылмыстық істің 107-сі сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жатады. Осы 107 қылмыстық істің үштен бірі, яғни 34-і ауыр қылмыс ретінде тіркелген. Қылмыс жасауда 33 кісі күдікті болып танылып, жыл басынан бері олардың 20-сы сотталды. Талдау қорытындысына сүйенсек, ең көп сыбайлас жемқорлық қылмыстары лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану (34) және пара алу (14) фактілері бойынша жасалады. Департамент жұмысындағы негізгі басым бағыттардың бірі – лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке араласу фактілерінің жолын кесу. Жыл басынан бері төрт лауазымды тұлға жасаған осындай сегіз жағдаят (факт) анықталды. Атап айтқанда, Орал қалалық сотының үкімімен «Орал қалалық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасы» РММ басшысының орынбасары Д. Қазиева қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылды. Ол «Атаба Орал» ЖШС-ның директорынан әкімшілік жауапкершілікке тартпау және жалпы қамқорлық үшін пара алған.

Д. Қазиеваға мүлкін тәркілей отырып, жергілікті басқару және мемлекеттік құрылымдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Және 2 450 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ қазіргі уақытта бір мемлекеттік мекеменің басшысына қатысты қылмыстық істер сотта қаралуда. Ол өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан. Д. Қазиева қызмет бабы бойынша өзі қадағалауы тиіс кәсіпкерлік нысандарына қысым көрсету арқылы тегін материалдық құндылықтар алып отырған.

Бұдан басқа департаментпен ағымдағы жылдың І жартысында Ұлттық экономика министрлігінің төрт қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың үшеуі бойынша соттың айыптау қорытындысы шықты. Атап айтқанда, Орал қалалық сотының 2016 жылғы 14 маусымдағы үкімімен «ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» ММ-ның басшысы В. Разов айыпты деп танылды. Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, «АқсайГазПромЭнерго» АҚ-ның бас директоры А. Абзалиловтан (табиғи монополия субъектісі) жаңа кеңселік жиһаз бен техника талап еткен және бұларды алған. В. Разовтың заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде акционерлік қоғамның және заңмен қорғалатын қоғам мен мемлекет мүддесіне едәуір зиян келтірілді. Сондай-ақ В. Разов өзінің қызметтiк өкiлеттiгін өзiне және «Жайықжылуқуат» АҚ үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында қызмет мүдделерiне қайшы пайдаланған. «Жайықжылуқуат» АҚ өзінің басым жағдайын теріс пайдаланып, «А. М. Ткалун» ЖК-ға және «Кублей» ЖШС-на электр қуатын сатудан негізсіз бас тартып, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне электр қуатын өндіруші кәсіпорын тарапынан монополияға қарсы заңнаманың бұзылуы анықталған жоқ деп жалған ақпарат берген. Разовтың осындай әрекетінің нәтижесінде «А.М.Ткалун» ЖК-ға жалпы мөлшері 17 150 010,78 теңге және «Кублей» ЖШС-на 30 919, 764, 19 теңге шығын келтірілген.

Жоғарыдағыдай заңбұзушылықтары үшін В. Разовтың мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Және 3500 айлық есептік көрсеткіш (6 937 000 теңге) көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды.

Қазіргі уақытта аталған министрліктің тағы бір департаментінің басшы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс білім саласында да тіркелді. Жыл басынан бері осы саланың аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директорынан бастап білім беру мекемелерінің есепшілеріне дейінгі бес қызметкер жауапкершілікке тартылды. Бұған мысал келтірер болсақ, Орал қалалық сотының ағымдағы жылдың 9 наурызындағы үкімімен қаладағы №45 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Ф. Даумова қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылды. Ол лауазымды тұлға бола тұра, 1-4-сыныптардың кірісі аз және көп балалы отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қойып, қаражатты шотқа аудару үшін өзі жеке кәсіпкерден бұдан бұрын мемлекеттік мекемемен аударылған қаражаттың 10%-ы көлеміндегі ақша түрінде пара алған. Ф. Даумоваға мүлкін тәркілей отырып, жергілікті басқару және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Және 3 550 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ «№20 мектепке дейінгі ұйымы» МКҚК директоры А. Төлегенова өзінің еңбек міндеттемелерін орындамаған тұлғаларға еңбекақы аударып отырғаны үшін айыпты деп танылып, Орал қалалық сотының 2016 жылғы 12 мамырдағы үкімімен оның мүлкі тәркіленді. Оған жергілікті басқару және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынып, 9 910 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Келтірілген шығын 716 700 теңге қайтарылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар басқаны былай қойғанда, құқық қорғау құрылымдарында да орын алуда. Мысалға айтар болсақ, ағымдағы жылдың алты айында құқық қорғау құрылымдарының сегіз қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бесеуі сотталды. Атап айтқанда, Орал қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны А. Қуанышқалиев азаматтарды тұрғылықты орны бойынша жедел әрі кедергісіз тіркеу үшін 5000 теңгеден екі рет пара алғаны үшін Орал қалалық сотының 2016 жылғы 25 мамырдағы үкімімен айыпты деп танылды. Бұл қылмысы үшін А. Қуанышқалиевтің мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметтен шеттетілді және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Бұған қоса оған 820 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Және ҚР ҚК-ның 49-бабының 1-бөліміне сәйкес А. Қуанышқалиев полиция капитаны шенінен айырылды. Сондай-ақ жыл басынан бері жол-патрульдік полициясының үш қызметкері пара алғаны үшін айыпталып, олардың мүлкі тәркіленді. Және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Бұған қоса қылмыскерлерге параның еселенген сомасы көлемінде айыппұл төлеу түрінде жаза тағайындалды.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында да жемқорлық фактілері анықталып, 11 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінген бюджеттік қаражаттарды қадағалау барысында департаментпен сыбайлас жемқорлық санатына жатпайтын қылмыстық істер қозғалды. Мұндай істер соңынан тараптардың татуласуына және келтірілген шығынды өтеуіне байланысты тоқтатылды. Атап айтар болсақ, «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Зеленов ауданына қарасты Факел ауылындағы көпірді жөндеу жұмысын артық бағалаған «Анаконда» ЖШС директоры А. Зинченко мемлекетке мүліктік зиян келтіргені үшін айыпталды. 1 890 800 теңге көлеміндегі шығын қайтарылып, Н. Зинченкоға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Сондай-ақ «Зеленов аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ-ның басшысы А. Жұмабеков те 2012 жылы лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланған. Ол «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы шеңбе-рінде тұрғызылған «Зеленов ауданының Достық ауылын электрлендіру» объектісі бойынша бағасы артық жұмыс көлемін қабылдаған. Осы іске қатысты анықталған 12 236 100 теңге шығын қайтарылып, бүгінде А. Жұмабековке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар құрылыс саласында да жиі кездеседі. Бұған да мысал келтіріп көрелік. «Теректі ауданының сәулет басқармасы» ММ басшысы А. Шукеев «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңды бұзып, «Теректі ауданы Подстепный ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы» мемлекеттік сатып алуын жүзеге асыру барысында жеткізуші ұсынған бағадан артық сомаға келісімшарт жасаған. Айыпты адамның 1 369 400 теңге шығынды бюджетке қайтаруына байланысты қылмыстық іс ақталмайтын негізде тоқтатылды (шынайы өкінуіне және келтірілген шығынды өтеуіне байланысты).

Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, пара алу жағдаяттары да азаймай отыр. Жыл басынан бері 24 пара алу фактісі анықталды. Бұл жөнінде нақты айтар болсақ, «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Орал қалалық аумақтық инспекциясы» ММ басшысының міндетін атқарушы С. Самарханов 2016 жылдың 7 маусымы күні ветеринарлық сертификатты жедел дайындау үшін 5000 теңге пара алғаны үшін айыпталды. Сот үкімімен С. Самарханов айыпты деп танылып, оның мүлкі тәркіленді. Ол енді мемлекеттік қызметтен шеттетіліп, лауазымды қызметті өмір бойы атқара алмайтын болды. Және оған параның 50 еселенген сомасы, яғни 250 000 теңге айыппұл салынды. Қорыта айтқанда, 137 қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, 63 қылмыстық іс сотқа жолданды, — деген Ахмед Абакаров жиналғандарға сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған жағдайда, департаментке арызбен келуге болатынын немесе 98-47-20 телефоны арқылы жүгінуге болатынын айтты. Оның сөзінше, департаменттің және Бөрлі аймағы бойынша ауданаралық басқармасының әкімшілік ғимаратында азаматтардан арыз-шағымдарды қабылдау жәшіктері орнатылған. Сондай-ақ департамент басшылығы азаматтарды алдын ала жазылу бойынша да күнделікті қабылдайды. Бұдан басқа сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 1424 телефоны арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығына тегін хабарласуға болады.

Департамент қызметкерлерінің айтуынша, ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1131 қаулысына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жағдаяттары туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидалары бекітілген. Осыған орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда көмектескен адамдарға мынандай тәртіппен біржолғы сыйақы беріледі:

  1. Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК;
  2. Онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК;
  3. Ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК;
  4. Ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК;
  5. Аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК.

Осы қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайларда, грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау түріндегі көтермелеулер де белгіленуі мүмкін. Көтермелеу, қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар