19.07.2016, 6:06
Қараулар: 40
«Аналарыңды жылатпаңдар, айналайындар!»

«Аналарыңды жылатпаңдар, айналайындар!»

DSCF5965-с


Әлдебір арандату­шы­лардың шеңгеліне ілігіп қалып, Сирия ас­пақ болып, ақыры темір тор­­­ға қамал­ған­дар­дың арасында Ақжайық ауданының 1988 жылы туған азаматы бар. Оның және сон­дай ада­су­­­дан қайғыға ұшыра­ған­дар­дың «Қа­лай қателікке тап болдық, неге талтүсте арам пиғыл­ды­ларға арбалып қал­дық?»  деген өкініші жаста­ры­мызға ащы сабақ болуға тиіс.


Ақжайық ауданындағы «Таным» деструктивтік діни ағымдар­дан зардап шеккендерге кө­мек орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрман Бисеғалиев, Оралда­ғы «Тәжиден Батырұлы» мешітінің найб имамы Талғат Есқалиев және ча­паевтық педагог, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәлік Берді Әлі ауылдық округтер орталығы Мерген, Ақсуат, Ілбішін, Алмалы, Тайпақ, сондай-ақ шағын елді мекендер Ті­нәлі, Қабыл, Атамекен, Шабдаржапта тұр­ғын­дармен кездесудегі әңгімеге осы жайт өзек болып тартылды. Дәстүр­лі дінімізді тәрк етіп, бөтен болмысқа бой ұрудың зардабы жайында олар­дың нақты мысалдармен, слайдтар ар­қылы баяндаулары жиналғандарға ой салғаны сөз алғандардың көптігі­нен байқалды. Ауылдарға шыққан бұл топ құрамында жоғарыда атал­ған азаматтың анасы, бүгінде зейнеткер Қ.-ның болып, өз отбасының сол қайғы­сы туралы жасырмай айтқаны жұрт­ты тіпті толқытты, жанарларға жас ал­ғызды. «Ұлым мұндайға тап болаты­нын қайдан білейін. Есеңгіреп қал­дым… Көпшілік сияқты мен де бір ме­кемеде хал-қадірімше еңбек еттім. Жұ­­мысқа шауып жүргенде балама қа­рау­ға мұрша болмай қалды ма екен?.. Бір жаққа жұмысқа барамын деп кеткен, әйтеуір, үйге қолын кісендеп алып кел­генде өз көзіме өзім сенбедім. «Кешір, мама, ке­шір» деді. 3,5 жылға сотталды. Түр­ме­ге, сонау бір қалаға барып тұра­мын. «Осыдан шыққаннан кейін дұрыс дінге бет бұрамын» дейді. Қайтейін, аманды­ғын тілеймін, осы сөзінен үміт­тенемін. Үмітім ақталатынына да сенемін. Ал өзімнің баламдай өрімдей жастарға айтарым, аналарыңды жы­латпаңдар, айналайындар!».

Асыл дініміздің, дәстүріміздің шек­сіз құндылықтары, ұл-қыз тәрбиесіне ең алдымен ата-ананың жауапкерші­лігі туралы жан-жақты сөз болып, сұ­рақтарға жауап қайтарылған осындай дидарласулар алдағы кезде де ұйым­дастырылуын  сұрады  көпшілік.

Бекем  БЕКҰЛЫ,

Ақжайық  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар