19.07.2016, 6:02
Қараулар: 38
Науқан қызып тұр

Науқан қызып тұр

д-229


Аудандық мәдениет үйі тұсында тұрған көк майса шөп тиелген тіркемелі «ЗИЛ»-ді көріп, иесімен тілдесуге бұрылдық. Жәрмеңке ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Оразалы Мұқанов (суретте) екен.


–  Жылдағы дағды бойынша сайқындық Тайыр Сәрсенбаевпен бірігіп, шалғынға орақ салғанбыз. Уақтылы  жинап  ала алсақ, биыл түсім жақсы. Бүгінгі  үшінші сапарымыз – бұл. 100 төк  25 мың теңгеден, соншалықты қымбат та емес қой. Алушылар да табылып жатыр, — деді ол.

Иә, мал ұстайтындар «әліптің артың бақпай», науқан соңында арзандайды деп күтпей, жем-шөп қорын жеткілікті жасақтап алса, қыста қысылмайтыны хақ. Жаздай ұзын арқан, кең тұсаумен жүріп, қыс ұзарып немесе көктем кешіккен тұста, әбігершілікке салынбас үшін қазірден бастап дайын мал азығын жинап алған ләзім.

Кәримолла  ҒАЙСИН,

Бөкей  ордасы  ауданы

***

Шілде айы – шөп  шабатын кезең. Шаруалар «қыстың қамын жазда ойлап», мал азығын жинақтап алуды көздейді.

Аудан бойынша бұл жұмыстар өте қарқынды жүруде. Биыл былтырғыдай жағдай орын алмайтыны белгілі, себебі жауын-шашынның түсуі жақсы болды.

Аудан басшылығы бірде-бір ауылдың жем-шөпсіз қалмауын, табиғи шөптің бағасы қарапайым тұрғындар үшін шекті бағадан аспауын қадағалап отыр.  Мысалы, Аңқаты  ауылдық округі бойынша 26442 гектар шөп шабылады деген жоспар бар. Ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Е. Молдахметовтің айтуынша, жоспарды толық орындау негізгі мақсат болып отыр. Бүгінгі таңда аталмыш аумақтардан 4900 центнер шөп шабылып, үйілген. Округтегі «Айсұлу» шаруа қожалығы (суретте) қазіргі уақытта 1283 центнер табиғи шөп жинаған.

М. Зейнуллин басқаратын қожалық үш «КамАЗ» және алты орақты жүргізу арқылы әлі  де жұмыстарын  жандандырамыз  деп  отыр.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы