12.07.2016, 6:04
Қараулар: 51
«Ескерткіштің орны композицияға сай таңдалмақ»

«Ескерткіштің орны композицияға сай таңдалмақ»

СЦК Культура трое


Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өңіріміздегі халықтық дәстүрлі өнердің дамуы туралы баспасөз мәслихаты өтті.


Шарада облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов және облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетов тақырыпқа сай баяндама жасады. Дәулеткерей Атауұлы облысымыздағы халық өнерпаздарының осыған дейінгі айтулы жетістіктеріне жан-жақты тоқтала келіп, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.

– Биыл  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл. Бұл жылы да дәстүрлі өнер, қазақ халқының біртуар тұлғалары мен өнер дүлдүлдерінің мерейтойлары аталып өтілмек. Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың ІІ жартыжылдығы маңызды шаралармен айшықталады. Оның ішінде жыр-терме өнерінің ардақтылары – Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова, Қаламқас Орашевалардың есімін ұлықтауға арналған «Термелетіп жырлайын» республикалық дәстүрлі термешілер байқауы, Қаратөбе ауданында халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған «Сары дала сағынышы – сал Мұхит» республикалық әншілер байқауы және Батыс Қазақстан облысының аудан, қала көркемөнерпаздарының «Тұғыры биік тәуелсіздік» халық шығармашылығы фестивалін үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап белгіленген кестеге сәйкес өткізу жоспарлануда. Фестиваль облыстық мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында өтеді. Оған қала, аудан орталықтарындағы халықтық, жанрлық көркемөнер-паздар ұжымдары қатысады және қолөнер шеберлерінің көрмесі облыс жұртшылығының назарына ұсынылады. Фестивальдің қорытынды гала-концертіне үздік деп  танылған өнер ұжымдары қатысады. Ал 2017 жылы атақты күйші-сазгер Мәмен Ерғалиұлының 150 жылдығына арналған «Күй күмбірі – дала дүбірі» аймақтық-республикалық домбырашылар байқауы, Марабай жыраудың 175 жылдығына арналған «Жыр дүлдүлі – Марабай» республикалық жыршылар байқауы, қолбасшы батыр, би, шешен Сырым Датұлының туғанына 275 жылдығына «Сайын дала Сырымы» республикалық ақындар айтысы, 2018 жылы күйші-сазгер, домбырашы, күй өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлының 195 жылдығына арналған «Күй атасы» аймақтық-республикалық домбырашылар байқауы, «Жайық айтысына – 60 жыл» облыстық ақындар айтысын өткізу жоспарлануда. Айтыс өнерін дамытуға үлес қосқан аға-апаларымыз өте көп. Солардың бірі Кенжеғали Балабасов алдымыздағы 15 шілде күні 75 жасқа толады. Елімізге танымал ақын Бауыржан Қалиолла эстафетаны лайықты қабылдап алып, айтыс өнерінің дамуына мұрындық болып келе жатыр. Кеше ғана шәкірті Бауыржан Ширмединов республикалық айтыстың бас жүлдесін жеңіп алды, – деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы  Дәулеткерей  Құсайынов.

Жиын соңында Астана күніне орай өткізілген республикалық айтыстан бас жүлдемен оралған жерлесіміз Бауыржан Ширмединұлы сайыстан алған әсерімен бөлісті.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Алмагүл  ЖАМПЕЙІСОВА, «Қазақстан – Орал» телеарнасы:

– Осыдан бір ай бұрын өңірімізде өткен республикалық күй сайысы қарсаңында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде мәдениет саласындағы, соның ішінде дәстүрлі өнер бағытындағы кадр жетіспеушілігі және оларды дайындау сапасы туралы мәселелер қозғалды. Бүгінгі таңда аталмыш мәселелерді шешу үшін қандай қадамдар жасалуда?

Дәулеткерей  ҚҰСАЙЫНОВ,  облыстық  мәдениет,  мұрағаттар және  құжаттама  басқармасының  басшысы:

– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аудан әкімдерімен сөйлесіліп, мәдениет саласының қызметкерлерін даярлауға грант бөлгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл орайда бір домбырашы маманды даярлауға жылына 400 мың теңгедей қаражат қажет екен. Біздің мұндай ұсынысымызды әзірге төрт ауданның әкімі қабыл алды.

Эльмира  НҰҒМАНОВА, «Жайық үні»   газеті:

– Құрманғазы және Дина – қос күйшіге арналған ескерткіш қаламыздың қай ауданынан бой көтермек және оны жасайтын мүсінші белгілі болды ма?

Дәулеткерей  ҚҰСАЙЫНОВ,  облыстық  мәдениет,  мұрағаттар және  құжаттама  басқармасының  басшысы:

–  Осыған дейін күй алыбы Құрманғазы мен Динаға Қазақстанның бірнеше аймақтарында ескерткіш қойылған. Олардың бәрі – монументальді мүсіндер. Ал бізде композициялық ескерткіш орнатылмақ. Мәселен, онда ұлы күйші Құрманғазының шәкірті Динаға домбырасын ұсынып жатқан сәті бейнеленуі мүмкін. Алдымен осы бағыттағы түрлі жобалар қабылданып, комиссия шешімімен үздігі анықталады. Комиссияның құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен болады деп күтілуде. Ескерткішті сомдайтын мүсінші мемлекеттік сатып алу заңының аясында анықталады. Ал орналасатын жері оның  композициясына  сай  таңдалмақ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар