12.07.2016, 6:02
Қараулар: 9
Атқарылған да, атқарылатын да шаруа аз емес

Атқарылған да, атқарылатын да шаруа аз емес

DMS_7612


— Мал шаруашылығын дамыту – басты бағыттарымыздың бірі. Сондықтан сіздермен жүздесіп, осы саланың аудандағы мән-жайымен танысу үшін, өзекті мәселелерді өз ауыздарыңыздан  естіп, одан шығудың жолдарын бірлесе талқылау мақсатымен келдік, — деді Жаңақала ауданына іссапарын шабындық басында қызылобалық шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуден бастаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.


Осыған орай осы округтегі көлтабандардың суландыру жүйесін әңгімелеген Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Дархан Закарин:

— Аудандағы суармалы көлтабандардың жартысына жуығы осы Қызылоба ауылдық округінің аумағында. Биыл су тәуір келді дегеннің өзінде алты көлтабанның үшеуіне ғана су шықты. Су алудағы басты қиындықтар – каналдар мен су қақпаларының тозып, су ұстамауы. Онсыз да аз келген суды ысырапсыз алу мүмкін болмай тұр, — дей келе су қақпаларын жаңартуға қаржы қажеттігін алға тартты.

— Соңғы жылдары бізге суды Жайық тасығанда ғана беріп келеді. Жайық кеш тасиды. Кеш берілген судың пайдасы аз. Бұрын Дөңгелек қоймасына ерте су толтырып, ақпан айының соңынан бастап су бере бастайтын еді. Сол жүйені қалпына келтірсе, — деді «Наурыз» шаруа қожалығының басшысы Наурыз Бекмашев.

— Қанша су қақпасын жөндеу керек, оған қанша қаржы қажет? Нақты есебін шығарып, ауданның даму жоспарына енгізіп, құжаттарын әзірлеңіздер. Бәрін бірден болмаса да, бұл мәселені шешеміз. Өйткені мал шаруашылығын дамыту  мал азығының мол қорына,  суға тәуелді жұмыс, — деді өңір басшысы.

Ал Н. Бекмашевтың ұсынысына  облыстық су шаруашылығының басшылары Дөңгелек су қоймасына ертерек су толтыру жұмысын қалпына келтіру төртінші кезекпен жоспарға енгізілгенін мәлімдеді.

Облыс басшысы шабындықты аралап көріп, осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, биылғы бітік шөпті уақтылы шауып жинап алуды, төрт түлік басын көбейтуді тапсырды.

Қызылобалықтар күні бүгінге дейін 4200 гектар жердің шөбін орып, 7,5 мың тонна мал азығын дайындаған еді.

Ол – округтегі тапсырманың 33,9 пайызы. Өңір басшысы округтегі мал азығын дайындау қарқынына ризалығын білдірді.

Мұнан кейін облыс басшысы Чапаев – Жаңақала – Сайқын аутожолын жөндеп жатқандарға ат басын бұрды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен бұл күрежолды асфальттау өткен жылы аяқталып, ел игілігін көруде еді. Десе де мерзімі келгенде жөнделіп отыратыны да белгілі жай. Биыл жолдың мерзімі келген 51-76 шақырым аралығын күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 1200 млн. теңге қаржы бөлініп, оны жарияланған конкурс жеңімпазы – мердігер «UNISERV» жөндеу жұмысын бастап кеткен-ді.

Облыс басшысы жолшылармен жүздесіп, жұмыс  барысымен танысып,  жөндеуді сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтауды тапсырды.

Мұнан кейін өңір басшысы Алтай Көлгінов «Мадияр» жеке кәсіпкерлігінде жиналып, күтіп тұрған аудан кәсіпкерлерінің ортасынан табылды.

Мұнда да облыс басшысы кәсіпкерлерге өзінің келген мақсатын әңгімелеп, кәсіпкерлікті қолдаудың аудандағы жағдайын, түйінді мәселелерін ашық айтуды өтінді.

— Кіл жастардың ортасында бір қарт неге жүр демеңіз. Мен зейнеткерлікке шыққаннан кейін 17 жылдай кәсіпкерлікпен айналыстым. Жасым келгесін ғана балама тапсырдым.

Үкімет кәсіпкерлікке кең қолдау көрсетіп отыр. Оның игілігін де көріп отырмыз. Әсіресе, соңғы жылдары  біздің ауданда мал басын көбейту, түлік атаулының тұқымын асылдандыру ісі жақсара түсті.

Десе де мені жастардың мал шаруашылығына барғысы келмейтіні көп алаңдатады. Жұмыссыз жастарды қазір тапшылық етіп отырған малшы, механизаторлыққа тартудың бір тетігі жоқ па? — деді зейнеткер Қ. Текебаев.

— Мұның да нақты есебін алып, жұмыс берушілердің қанша еңбекақы төлейтінін біліңіздер. Ойластырып көрейік, — деген облыс басшысы аудандағы жұмыссыздар санын сұрады.

Аудандағы халықты жұмыспен қамту бөлімі басшысының айтуынша, күні бүгін ауданда 89 жұмыссыз бар екен. Оның 44-ін малшылыққа бағыттаған, барғаны аз. Бірі мал баққысы келмейді, бірі жұмыс берушімен келіспейді. Қысқасы, малшы мен механизатор ауданда қат  мамандыққа айналып келеді.

Бұл мәселеге байланысты аудандық кәсіптік лицейге арнайы барған облыс басшысы кадр дайындауды аудан қажетіне орай жүргізуді, жұмыссыздықты осы саламен ұштастыруды тиісті адамдарға тапсырды.

— Ерінбеген адамға жұмыс бар.

Екі рет үкіметтен несие алып, кәсібімді жүргізіп, өзімді-өзім жұмыспен қамтып отырмын. Алғашқыда несие алып, мал өсірдім. Шаруам оңға басып, несие қарызын мерзімінен бұрын қайтардым. Енді екінші рет алып, автокөлікке газ құю стансасын ашумен айналысудамын. Әлеуметтік  жұмыс орнының көмегі көп, соны пайдаланудамын, — деген кәсіпкер Ә. Бөкеновке қолдау білдірген облыс әкімі қалған кәсіпкерлерді де осындай іскерлікпен жұмыс жасауға шақырды.

Мұнан соң Алтай Сейдірұлы рухани орталықта орналасқан кітапханаға кіріп, оқырмандармен тілдесті. Балғын оқырмандардың тақпағын тыңдап, ризашылық танытып, күй студиясындағы өнерпаздардың өнерін тамашалауды да ескерді.

Рухани орталық залында аудан ардагерлерімен, жастар өкілдерімен кездесуде:

— Бүгін аудандарыңызға  халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, мұндағы адамдарды не алаңдатады, не толғандырады, соны білуді, ой бөлісуді мақсат етіп келдік, — деген өңір басшысы қожалық басшыларымен су алу, мал шаруашылығы жайын, кәсіпкерлермен кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылап, пікір алысқанын айтып, көпті көрген қариялардан ашық пікір білдіруді сұрады.

— Ақиық алыптар мен жайсаң жандар еліне қош келдіңіз! — деген соғыс және еңбек ардагері Мәжит Жаданов бұл елде С. Меңдешев бастаған талай қайраткерлер мен ғалымдар шыққанын айтып, қазіргі ауданның дамуына ризашылығын білдіріп, облыс басшысына ақ батасын берді.

— Ендігі батыр еңбектен шығады, — деген аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Н. Өтешова жастарды еңбекке үндей отырып, ашық пікірлесуге жағдай жасаған облыс басшысына аналық тілегін жеткізді. Сонымен қатар аудан орталығына тағы бір балабақша мен спорттық сауықтыру кешені қажеттілігін облыс әкімінің назарына ұсынды.

Ал аудандық мәслихат хатшысы З. Сисенғали аудан халқы үшін маңызды төрт мәселені көтерді.

Біріншісі – Құлшықтан жерасты су құбырын тарту арқылы ауыз су мәселесін шешуге, екіншісі – Сарыкөл, Жуалыой, Мұқыр ауылдарына газ отынын тартуға, үшіншісі – аудан орталығындағы қарқынды құрылысқа ере алмай қалған инфрақұрылым мәселесін шешуге, төртіншісі – аудан орталығындағы көшелерді жөндеуге қаржылық қолдау көрсету еді.

Облыс басшысы бұл мәселелердің бәріне де қанағаттанарлық нақты жауап берді.

Алтай Көлгінов аудандық мешіт пен  діни оқу орталығына кіріп, жұмысымен танысуына да уақыт тапты.

Түстен кейін өңір басшысы Жаңажол ауылдық округіне жол тартып, ондағы Айдархан су жүйесімен танысып, ауылдарды сумен қамтудың тиімді жолдары жайында мамандармен, Мәстексай, Жаңажол ауылдарының  тұрғындарымен ой бөлісті.

Мәстексайда еңбек ардагері Т. Сапарғазиев пен осы округ әкімі С. Мұхамбетжанова су тапшылығын, қазіргі қиын жағдайды қинала әңгімеледі.

Ауданмен арадағы жолды жөндеу керектігін аудандық мәслихаттың депутаты С. Сұлтанова жеткізді.

Облыс басшысы мамандардың пікірін келтіре отырып, сұрақтардың бәріне тұшымды жауап берді.

— Бар мәселені бірден шешу мүмкін емес. Қазір ең бастысы – су мәселесі. Осымен жұмыстанамыз. Қалған мәселелер ретімен, кезегі-кезеңімен шешіледі, — деді өңір басшысы.

Жаңақазан ауылындағы М. Жүнісов атындағы мектепте де мұғалімдермен жылы шырайлы жүздесу өтті. Облыс әкімі еліміздің ертеңі – білімді, тәрбиелі ұрпақ екенін әңгімеледі. Мектеп  музейімен танысты.

Облыс басшысының келерін естіген халық мәдениет үйіне де мол жиналған екен. Мұнда А. Көлгінов модельді кітапхананың ашылуына куә болды. Тұрғындарды Астана күнімен құттықтап, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында атқарылып жатқан істерді сөз етіп, тәуелсіздік тұғырын еңбекпен, ынтымақпен нығайтуға шақырды.

Ауданда алтыншы болып ашылған модельді кітапхананы тамашалап, Ұлттық кітапхана, Орынбор кітапхана басшыларымен байланысқа шықты.

Ел болғасын мұқтажы болатыны белгілі. Мұнда да арнайы келген облыс басшысына ел атынан ауыз су мәселесін шешу, Құлшық құмнан су жеткізу, өткен жылы орта мектеп ашылған Жуалыойға газ тарту, ауданмен арадағы жолды жөндеу, тағы басқа мәселелерді айтып, қолдау сұрағандар қанағаттанарлық жауап алды.

Жаңақала ауданын бір күн бойы аралап, біраз саланың өкілдерімен кездесіп, мұң-мұқтаж, ұсыныс-тілектерін тыңдап, мәселелерді саралап, ой түйген облыс басшысы Алтай Көлгінов бір сөзінде ауданда атқарылған да, атқарылатын да істер аз емес деген-ді. Біз осы сөзді сапар қорытындысына баладық.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы

Суреттерді түсірген Медет ДОСЫМОВ