12.07.2016, 6:01
Қараулар: 38
41 жыл күткен жеңіс

41 жыл күткен жеңіс

607136815_MH_6809_FB37D92A797290A70E50663878608528_3545


Міне, төрткүл дүниені бір ай бойы теледидарға телмірткен кәрі құрлықтағы футбол тойы да тәмам.


Кез келген байрақты бәсекедегі секілді бұл жарыс басталар сәтте де көпшілік түрлі болжам жасады. Бірі немістер үшінші мәрте чемпион болады десе, екіншілері алаң иелеріне сенім артты, келесілері Испания мен Италияға ешкім тең келмейтінін айтса, енді біреулері Англия мен Уэльстің топ жаратындығына күмән келтірген жоқ. Чемпионат басында бұл болжамдар шамаға соғатындай көрінді. Себебі бұлардың бәрі өз топтарында мықтылығымен көзге түсіп, өз топтарында көш бастады. Ал топтық кездесуде бірде-бір қарсыласын жеңбей, бәрімен тең ойнап, плей-офф бәсекесіне әзер шыққан португалдықтардың EURO — 2016-ның жеңімпазы болатынына сенім білдіргендер қатары жарыстың алғашқы кезеңінде аса көп болмағаны рас.

Пиренейліктер өздерінің осал еместіктерін плей-офф ойындарында дәлелдеді. Мықты деп келген Хорватия, Польша, Уэльсті жарыс жолынан шығарып, үйлеріне қайтарды. Сөйтіп, Португалия Еуропа чемпионатының финалына екінші рет шықты. Бұған дейін олар 2004 жылы өз алаңында финалда Грекиядан 0:1 есебімен жеңіліп қалған болатын. Сол себепті Криштиану Роналду бастаған жігіттер 12 жыл бұрын Руй Жардау, Руй Кошта, Луиш Фигулардың кеткен есесін қайтару үшін аянып қалмайтынын осы ақтық сынның алдында айтқан еді. Сол сөздеріне тұрды. Жарақатының салдарынан матчтың 25-минутында Криштиану Роналдудың ойыннан шыққанына қарамастан, Португалия құрамасы қосымша уақытта Франция командасын 1:0 есебімен жеңді. Айта кетейік, олар француздарды соңғы рет 1975 жылы тізе бүктірген екен.

Одан кейін өткен 10 матчтың барлығында Франция басым түскен. Яғни бұл – Португалияның 41 жылдан кейінгі жеңісі!

— Бұл – менің карьерамдағы ең керемет және бақытты сәттерімнің бірі. Ұлттық құрамамен бас жүлдеге ие болып, тарихта із қалдыруды армандайтынымды әрдайым айтып жүрдім. Бүгін оған қол жеткіздім. Команда сапындағы жолдастарыма, бапкерлерге, біз үшін алаңдаған барша португалиялықтарға алғыс айтқым келеді. Бұл мен үшін және Португалия халқы үшін ерекше сәт. Біз бұл жеңіске лайықпыз, — деген екен кубокты көтеріп тұрып Криштиану Роналду.

Ақтық сындағы жеңіс голының авторы Эдер де бұл жеңіс төгілген сансыз тердің, мемлекет тарапынан жасалған барлық жағдайдың, отандастарының ыстық ықыласының нәтижесінде келгенін жеткізді. «Жарыстың алғашқы күнінен өз мүмкіндігімді күттім, — деді ол журналистерге берген сұхбатында. — Финалдық ойында бапкерім Фернанду Сантуш шақырып, маған сенім білдірді. Қасыма келген Криштиану жеңіс голын соғуыма мүмкіндігімнің бар екенін айтты. Басқалар да сенім білдірді. Мұндай қолдаулар маған қосымша күш берді. Гол соққаныма ризамын. Португалия халқы мұндай қуанышқа лайық».

Осы сәтті пайдаланып Криштиану Роналдуға қатысты мынадай статистикалық мәліметтерді келтіре кетейік. Ол биылғы чемпионатта ең көп соққы жасаған (30 соққы), Еуропа чемпионатында ең көп ойын ойнаған (17 матч), төрт Еуропа чемпионатында қатарынан гол салған жалғыз футболшы атанды. Сондай-ақ Роналду биылғы сайыста алғашқы голын салу үшін 222 минут жұмсапты, пенальти соға алмаған санаулы футболшылардың бірі болды.

EURO – 2016 жарысынан УЕФА ұйымы алдын ала есептеулер бойынша 2,2 млрд. еуро шамасында пайда тапқан. Бұл EURO – 2012 турнирінен екі есеге жуық көп. Bloomberg сарапшыларының айтуынша, биыл чемпионатта 24 құраманың бақ сынауы табыс көзін арттырған. Сол себепті турнирдегі матч, ойын өтетін стадиондар мен көрермендер саны бұрынғыдан көп. 2012 жылғы чемпионатпен салыстырғанда биыл УЕФА билеттер санын 25%-ға арттырған. Демеушілердің қолдауы бұрынғыдан 40%-ға өскен. Қалған ақша матчтардың тікелей көрсетілімінен түскен. Футбол трансляциясының бағасы қымбат болғандықтан, Испания мен Италия телеарналары сатып алудан бас тартыпты. Соған қарамастан, трансляциядан түсетін пайданың төрттен үшін еуропалық арналар өндіріп беріпті. Ал Франция үкіметі турнирге екі миллиард еуродан астам қаржы жұмсапты. Сарапшылардың алдын ала болжауынша, Францияға жарыстан түсетін табыс көп емес. Яғни турнирдің экономикалық әсері 1,3 млрд. теңге шамасында. Мұның басым бөлігі матчты көруге келген туристер жұмсайтын қаржының есебінен екен.

Сонымен, келесі Еуропа чемпионаты 2020 жылы өтеді. Жарысты бірнеше елде, Еуропаның 13 қаласында өткізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Санкт-Петербург, Лондон, Амстердам, Рим бар.

Мәди ЫҚЫЛАС

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар