5.07.2016, 6:08
Қараулар: 158
Экономика мен әлеуметтік мәселелерге баса мән беріледі

Экономика мен әлеуметтік мәселелерге баса мән беріледі

DMS_4888


Кеше облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Бұл жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытында биылғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың қорытындысы және 2020 жылға дейінгі облыс дамуының негізгі бағыттары жөнінде есеп берді.


Өңір басшысының айтуынша, Қазақстанның «батыс қақпасы» саналатын аймағымыздың республикадағы орны ерекше. Қазіргі кезеңдегі әлемдік өзгерістерді ескеріп, облыс дамуының басым бағыттарын анықтау қажет. Яғни өңірдің инвестицияларға қолайлы, аймақаралық әріптестікке ыңғайлы дамуының негізгі салаларына көңіл бөлінеді.

– Мемлекет басшысы индустриаландыру бағдарламасының 2016 жылғы I жартыжылдықтағы жүзеге асырылу қорытындыларына арналған кеңесте «Біздің қызметіміздің басты мақсаты – халықты лайықты табыс деңгейімен қамтамасыз ете алатын жемісті түрдегі жұмыспен қамту ісі» деп айрықша атап өтті. Бұл мақсатқа біз жаңа сапалы жұмыс орындарын ашу, қолайлы еңбекке жағдай жасау, әрбір жұмысшының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау арқылы жете аламыз.

Алдын ала мәлімет бойынша биылғы жартыжылдықтағы өндірістік өнімнің көлемі өткен жылғы тиісті кезеңнен 5,6 пайызға төмен болып, 534 млрд. теңгені құрады. Көрсеткіштің төмендеуіне жаһандық экономикалық жағдай әсер етті, яғни табиғи газ өндіру 13,4, газ конденсаты  13,6, мұнай 2,4 пайызға төмендеді. Ал өңдеу өнеркәсібінде 13,2 пайызға өсім бар. Ол мұнай, металлургия, химия, құрылыс материалдары мен машина жасау салаларындағы өндіріс көлемінің артуына байланысты. Аудандар арасында өсім көрсеткішін облыс орталығы (70%), Бөрлі, Зеленов және Теректі аудандары (26%) қамтамасыз етуде. Негізгі капиталға 126,1 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың салыстырмалы кезеңінен 38,6%-ға көп. Шағын және орта бизнестің де қосып отырған үлесі зор. Мұнда қазір 105 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған 46 мың субъект тіркелген. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 3 мыңнан артық жан жұмысқа тұрды. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Нұрлы жол» сынды  мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы өңірдің дамуына үлкен демеу болуда. Мәселен, бір  ғана индустриаландыру картасы аясында облыста жалпы сомасы 330 млрд. теңгені құрайтын, 2300 жұмыс орнын ашуды көздейтін 42 жоба іске асуда. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» шеңберінде тұрғындар 920 млн. теңге көлемінде шағын несие алды, — деді Алтай Сейдірұлы.

Одан кейін облыс басшысы бүгінгі жағдайға талдау жасай отырып, өңірдің алдағы даму барысына кеңінен тоқталды. Әкімнің сөзіне қарағанда, қазіргідей мұнай бағасы төмендеген уақытта экономиканың өсім қалыптастыратын жаңа жолдар іздеу керек. Соған орай облыстың  әлеуетін ескере отырып, экономиканың түрлі саласының даму, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мұнай химиясы саласындағы машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, кеме индустриясы, шағын және орта бизнес, көлік-логистика салаларына басымдық берілетін болады. Бұған облыстың географиялық жағынан қолайлы орналасуы  да  оң  ықпал  етпек.

– Машина  жасау мен  мұнай химия салаларының дамуына облыс аумағында Қарашығанақ, Шынар (Чинарев) кеніштерінің орналасуы, Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы, «Зенит» зауыты, «КазАрмапром», «Оралагрореммаш», «Орал трасформатор зауыты», «Гидроприбор», «Орал механикалық зауыты» сынды өндіріс орындарының жұмыс істеуі толық мүмкіндік береді. Осы жерде айта кету керек, өңіріміз Атырау, Маңғыстау облыстарымен бірге Ұлттық деңгейдегі мұнай кластеріне кіруі де оң ықпалын тигізбек.

Келесі басым бағыттың бірі – экспортқа бағытталған агроөндірістік кешен. Батыс Қазақстан облысы – агроиндустриалды өңір.

Аталған сала бойынша сапалы өнімдер шығаруға барлық мүмкіндігіміз бар. Қазір біз, өкінішке орай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көп бөлігін импорттап келеміз. Оның көлемі бүгінде 40%-ды құрайды. Сондықтан бірінші кезекте алдымызда тұрған міндет – импорттың орнын алмастыру. Өңірімізде ет және ет өнімдері, сүт өнімдері, жеміс-жидек, көкөністерді өңдеудің түрлі мүмкіндіктері бар. Екінші кезеңінде өнімдерді экспорттауға бағытталу қажет. Бұл жерде кластер құрудағы бағыттар бойынша өнімнің шығынын барынша азайту жағын ойластыру керек. Биыл көктемгі егіс жұмыстары уақтылы жүргізілді. Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылған жердің көлемі ағымдағы жылы 464 мың гектарды құрады. Соңғы кездегі ауа райы мен климаттық жағдай егістік жұмыстарына кері әсерін тигізіп отыр. Әрине, біз климатты өзгерте алмаспыз, бірақ қандай ауа райы болмасын, оған бейімделе білуіміз керек. Алдымен егін шаруашылығындағы басым бағыттарды айқындап алу, содан кейін біртіндеп ылғалдандыру технологияларын, астықтың жаңа сорттарын пайдалануды, тамшылатып суаруды ендіре отырып, климатымызға бейімделуіміз қажет. Сонымен қатар бізге тиісті инфрақұрылымды дамытып, жерді суландыру жүйесін құру қажет.  Сол себепті алдағы уақытта егістікті әртараптандыру, яғни күздік бидай мен майлы дәнді-дақылдардың үлесін көбейту жұмыстары жалғасады. Мал шаруашылығының қажеттілігі үшін жем-шөп өнімдерінің көлемі де ұлғаятын болады.  Егін шаруашылығындағы алқаптардың көлемін алдағы уақытта 617 мың гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Халықты қысқы мерзімде көкөніспен қамтамасыз етуде аса маңызды жылыжайлар мен көкөніс сақтайтын қоймалар салу бойынша жобаларды іске асыру жалғасады, – деген облыс басшысы құрылыс индустриясы, шағын және орта кә-сіпкерлік, көлік-логистикалық жүйе салаларын және облыс орталығын дамыту, инвестиция мен халықаралық байланысты жетілдіру бағытындағы   іс-шараларға  да  тоқталды.

Алдағы уақытта экономикалық ахуалды оңалтумен қатар әлеуметтік мәселелерге де жете мән берілетін болады. Соның бірі – білім беру саласы. Қазіргі уақытта әкімдік мектептердің заманауи интерактивті құрал-жабдықпен қамтылуына баса назар аударып отыр. «BilimMediaGroup» компаниясымен бірлесіп ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде өңірдегі 100 мектептің электронды оқу жүйесі енуіне мүмкіндік туғызылмақ. Аталмыш жүйеге қосылатын мектептер саны жыл өткен сайын көбейе бермекші. Бұл жүйе заман талабы әрі оның пайдасы көп. Мәселен, мектептерде лабораториялық жұмыстар жүргізу үшін арнайы класс керек, кейде қаражатқа байланысты білім ұяларында ол бола бермейді. Ал сандық электронды лабораторияның мүмкіндігі бөлек әрі қолжетімді. Ол баланың ғылыми ұғымдар мен құбылыстарды түсінуіне көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, интерактивті сабақтар баланың жаңа талапқа сай білім алуына көмектеседі. Ендігі мәселе мұғалімде, яғни бүгінгі күннің баласының, нақтылап айтқанда, «сандық дәуірдің перзентінің» сұраныстарына сай мұғалім болу керек. Қазір «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік инвестициясы аясында Бөрлі ауданында балабақша, Орал қаласында жастар мен оқушылар сарайы, Ақсай қаласы мен Аралтал ауылдарында үйлер, Ақсайда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Орал қаласында көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1500 жұмыс орнын ашу мақсатында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында қосымша 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінуде. Биылғы екінші жартыжылдықта 177 нысан жаңармақшы. Сонымен бірге 76 әлеуметтік нысанды жөндеп, абаттандыру көзделуде, оның 38-і – білім, 19-ы – мәдениет, 11-і – әлеуметтік қамту, 8-і – спорт нысаны.

– Баяндамамда алдағы уақыттағы облыс дамуының негізгі бағыттарын атап өттім. Әрине, уақыт өте келе бағдарларымыздың жүзеге асыру тәсілдерін және механизмдерін жетілдіріп отырамыз. Атқарылатын бұл жұмыстар мемлекеттік органдардың, коммуналдық ұйымдардың, әр түрлі деңгейдегі депутаттардың, қоғамдық кеңес мүшелерінің және облысымызға жаны ашитын барша азаматтың ортақ еңбегі арқылы жүзеге асады. Сол себепті бәріміз бірігіп, алдағы мақсат-міндеттерді ойдағыдай орындаймыз деп сенемін, – деп сөзін қорытындылады Алтай Көлгінов.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Мұрат СДЫҚОВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, облыстық тарихи және археология орталығының директоры:

– Өңір басшысының бүгінгі баяндамасында облыс орталығын дамытуға мән берілетіні айтылды. Оралды дамытуда оның тарихы мен тарихи келбеті де назарда болса екен деймін. Өздеріңіз білесіздер, келесі жылы Алаш орданың құрылғанына 100 жыл толмақ. 1905 жылы Оралда қазақ зиялыларының І сиезі өтті. Орал қаласын дамытуда ұлт тарихына қатысты осындай жайттар ескерілсе екен деймін. Яғни жаңадан ашылатын алаң, саябақ, көшелерге Алаштың, ұлт зиялыларының есімдерін берсек. Сондай-ақ Жайық қалашығының жанынан өңіріміздегі тарихи әсем жерлер туралы жан-жақты мәлімет беретін «Ақ Жайықтың алтын алқасы» деген кешен ашу туралы ұсыныс айтқым келеді. Бұл  туризмнің  дамуына  ықпал  етер  еді.

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Сіздің ұсыныстарыңызды біз қабылдаймыз. Орал қаласын дамытуда оның тарихи келбеті ескерілетін болады. Қазірдің өзінде тиісті шаралар алынуда. Жайық қалашығына келсек, қазіргі уақытта оны дамытуға мүмкіндігіміз болмай отыр. Бірақ аталған жобаларды жүзеге асыруға бар  мүмкіндікті  қарастыратын  боламыз.

Бақытжан ҚОСПАЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Ақжайық агротехникалық колледждің директоры:

– Алтай Сейдірұлы, сіз баяндамаңызда өңіріміздегі суландыру жүйелерін қалпына келтіру жөнінде айттыңыз. Тайпақтағы көлтабандар жүйесі бұл жобаға  кіре  ме?

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Алдағы уақытта Ақжайық ауданында «Азынабай – Тайпақ» суару жүйесін, «Солянка – Азынабай – Тайпақ» каналын қалпына келтіру жоспарда бар. Соның арқасында 145 мың гектар жердің сулануына мүмкіндік туады. Ол өз кезегінде мал шаруашылығының дамуына жағдай жасайды. Тайпақтағы су жайылмаларына (лимандарға) байланысты аудан әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар жүруде. Бүгінде лимандар теңгерімге алынды. Сол айналадағы шаруа қожалықтармен бірлесіп, оларды тазалау, суландыру бағытында жұмыстар жүруде.

Залдан  қойылған  сұрақ:

– Қазіргі уақытта қалада жол жөндеу жұмыстары кең көлемде жүруде. Жол жөндеп жатқан кейбір кәсіпорындардың бұл бағыттағы жұмыстары жөнді ұйымдастырылмаған сияқты. Екі айдан соң күз келеді, жауын-шашын жиілейді, жолды жөндеп үлгере алмай қалатын сияқты. Екіншісі, Шалқар көліне қатысты. Оны туризм аймағы ретінде дамыту  бағытында  қандай  жоспарларыңыз  бар?

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Кей уақыттарда жол жөндеудегі олқы тұстарға қатысты жайттарға өзім де куә болып жүрмін. Соған орай мердігер компания басшыларына күннің ысуына орай жұмысты таңғы сағат 7-де бастап, ыссылық қайтқан соң ымырт үйірілгенше жалғастыру туралы ұсыныс жасадық. Бірақ оны түсінетіндер де бар, түсінбейтіндер де бар, адамдар әр түрлі ғой. Соған қарамастан олармен жұмыс жүріп жатыр. Жол жөндеу жұмыстары өз мерзімінде аяқталатын болады. Ал екінші сұрағыңызға қатысты айтсам, өңіріміздегі туризмді дамытатын басым бағыттың бірі – бұл Шалқар. Оған қазір жол тартылды. Егер кәсіпкерлердің бұл бағытта жобалары болса,  біз  әрқашан да  қолдауға  дайынбыз.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар