5.07.2016, 6:05
Қараулар: 146
Қымызы тіл үйіреді

Қымызы тіл үйіреді

д-253-2


– Бұл – Жетіжылдық деген Әділжан Ғабдошевтың қонысы. Ағасы Әбілқайыр екеуі мың гектардан астам жер алып, «Атырау» шаруа қожалығын құрған еді, қазір үйірлі жылқысы, бір табын сиыры мен отар қойы бар, — деген Т. Масин ауылдық округі әкімінің сөзін бөліп:

– Олар, не, Атыраудан көшіп келген бе? — дедік.


– Жоға, тәйірі, — деді күліп Мендібай Қитанұлы. – Бөрлінің байырғы тұрғындары. Әкесі Атырау орта мектепте жұмысшы болды. Сонау бір жылдары оқушылардың өндірістік бригадасын басқарып, осы араға бау-бақша отырғызғаны бар.

–  Ә, бәсе, — деп әңгімеге араласты бөрлілік танымал азамат Исатай Сейсенғалиев. – Әділжанның үйі мен құдығының арасы біраз жер. Соған қарамастан, жер қазып, өрге қарай сорғы тартып, мотормен үйіне су айдайтын жасап алды. Жеміс ағаштарымен қоса, көкөніс түрлерін егіп, уақтылы суарып, отбасына жетерлік өнім түсіріп отыр.

Айтылғандардың растығына кешікпей көзіміз жетті. Аман-саулықтан соң, «Қош келдіңіздер!» айтқан үй иесі іргедегі бақшаға көз жүгіртіп тұрған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С. Хайроллинге пісіп қалған қиярлардың бірін жұлып алып, ұсынды.

– Тіске басардың қажеті жоқ. Қымыз болмаса, — деген Сүйінбек Жексенбайұлының әзіліне де:

– Үйге кіріңіздер. Бәрі де бола-ды, — деп жауап қатты.

Иә, олар бие де байлаған екен. Бітеу қорада 5-6, ашық аулада 3-4 бие тұр. Жаңадан үйретіліп жатқандарын алдыңғы аяқтарын байлап, тізерлетіп қойыпты. Қымыздары дәмді, тіл үйіреді. Әділжанның зайыбы Гүлнұр да қонақжайлылық танытып жатыр.

Ғабдошевтар өздерінен ауысқан қымызды Орал қаласындағы апа-жездесіне жібереді екен. Апта сайын округ орталығынан қатынайтын автокөлікпен әр жолы 3-4 құты (канистра) жөнелтетін көрінеді. Емдік қасиетімен көпке танылған осы сусын ауылда өңделіп, аудан тұрғындары қажетіне жаратылса ғой, шіркін?! Әлде кеңестік дәуірде сыраға бой алдырғандардың ұрпақтары ұлттық сусынға әуес емес пе?! Оны дайындаудың технологиясын білетіндер де азайып бара жатқандай.

Міне, «Атырау» шаруа қожалығынан біз осындай оймен аттандық. Ұлттық тағамдарымызды әзірлей алмау – ұлттық тәрбиенің кемдігі ғой. Сіз мұнымен келісесіз бе, оқырман? Қымыз ішуге қалайсыз?

Каримолла ҒАЙСИН,

Бөкей ордасы ауданы