5.07.2016, 6:04
Қараулар: 171
«Клара, саған кемпір болуға әлі ерте…»

«Клара, саған кемпір болуға әлі ерте…»

клара


Мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Өйткені мен бұл өмірде нені арман етсем, соның бәріне қол жеткіздім, –  деп бастады бізбен әңгімесін кешегі белсенді комсомол, бүгінде әжелер ауылына дендеп енген Клара әжеміз.


– Мен бүгінгідей жетістікке, отбасылық бақытқа тек адал еңбек пен төзімділіктің арқасында ғана жеттім. Әкем Бақтығали Уәлиев өмір бойы партия қызметінде болды. Ол кісі  басшылық қызметте болғандықтан,  қызмет бабына қарай жиі қоныс аударып тұрдық және үйге қонақ көп келетін. Бұл менің мінезімнің ашық болуына, белсенді болуыма мықты ықпал етті. Қазталов ауданында дүниеге келгеніммен, менің балалық шағым Жаңақала ауданында өтті. 1954 жылы осы ауданның орта мектебін бітіріп, Алматыдағы зооветеринарлық институтқа оқуға түстім. Оны бітірген соң Фурманов аудандық комсомол комитетінің хатшылығы қызметінде болдым. Кейінірек Алматыдағы зооветеринарлық институттың аспирантурасында білімімді жалғастырдым. Сол кездері «престижный» саналған ВЛКСМ Орталық комитетінің мектебінде, Орталық комитеттің жоғары партия мектебінде де оқыдым. Қысқасы, бүкіл саналы ғұмырымды комсомол, партия қызметіне арнадым. Ол кездегі комсомол, партия қызметкерлерінің беделі қандай еді! — деген Клара Бақтығалиқызы  барған сайын алыстап бара жатқан жастық шағын сағына еске алды.

– 1962 жылы мен Орал облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінде едім.  Сол жылы Мәскеудегі Сиездер сарайында өтетін 14-сиезге  облыстан жеті делегатты бастап алып бару маған жүктелді. Сиез жұмысы аяқталған соң ұйымдастырушылар қонақтарға Мәскеу қаласын аралатып, Кеңес Одағының белгілі тұлғаларымен кездестірді. Ол кезде жеті қат көкке тұңғыш рет сапар шегіп,  адамзаттан ғарышқа алғаш жол салған Юрий Гагариннің  атағы жер жарып тұрған болатын. Сиез қатысушыларына сондай атақты кісілермен кездесу бақыты бұйырды. Бір топ жалынды жас Гагаринмен кездесіп, оның  қолынан автограф алдық, ғарышкермен бірге суретке түстік. Айтпақшы, 14-сиезге Қазақстаннан барған делегаттар арасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Ол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының қандай қызметте болғаны есімде жоқ, әйтеуір, оның да белсенді комсомол, партия қызметкері ретінде сол сиезге қатысқаны анық, – деген Клара Бақтығалиқызы маған тұңғыш ғарышкермен және болашақ Мемлекет басшысымен бірге түскен суретін көрсетті.

– Бұл – менің Нұрсұлтан Назарбаевпен екінші рет кездесуім. Ол кісімен бұдан бұрын БЛКЖО Орталық комитетінің мектебінде, Орталық комитеттің жоғары партия мектебінде оқығанда кездескенмін. Сол кездің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының көшбасшылық қабілеті көзге ұрып тұратын, сөзге шешен еді. Бұдан кейін Елбасымен тура 53 жылдан кейін, Оралға іссапармен келгенінде кездестім, – дейді Клара апа әңгімесін  одан  әрі  жалғастырып.

– Елбасының алдында «Ару аналар» ансамблі өнер көрсетті. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы мені бірден танып, «Клара, саған кемпір болуға әлі ерте» деді. Үстімде камзол, басымда кимешек болған соң, оған кәдімгі кинодағы кемпірлер секілді көрінген болуым керек. Қапелімде аузыма сөз түспей, күле беріппін. Бір кездегі белсенді, қолды-аяққа тұрмайтын комсомол қызды Нұрсұлтан Әбішұлы  «кемпірлікке» қимады-ау деймін, шамасы, — дейді күліп Клара Бақтығалиқызы.

Клара апа өзінің ұлттық киім киіп, қазақы салт-дәстүрді насихаттауға бет бұрғанын өмірлік жан жары болған Дабыл Саржановпен тығыз байланыстырады.

– Мен Маңғыстау облысының келінімін. Партия қызметкерінің орысшалау тәрбиеленген қызына қазақы дәстүрді қатаң ұстанатын отбасына келін болу оңайға түскен жоқ. Оның үстіне енем өте қатал кісі болды, осы күні сол қаталдығы үшін оған риза боламын. Өйткені сол кісінің нұсқауымен, тіпті әмірімен деп те айтуға болады, мен қазақтың салт-дәстүрінің  барлығын, оның ішінде келіннің міндеті бар, тамақты қалай пісіру, артық азық-түлікті сақтау, туған-туыспен қарым-қатынас жасау, алыс-беріс мәселесі, бәрін-бәрін  үйрендім. Біздің үйдегі отағасының да мінезі ауыр болды. Үйдің тазалығын, қонақ қарсылауды, олармен қалай сөйлесу керек, бәрін-бәрін назарында ұстап, маған қатаң талап қойып отыратын. Өзім комсомол қызметінде болғандықтан, мен, әрине, ешкімнен сөз сұрамаймын, бірақ ол маған жұртпен «комсомолша» емес, кәдімгі адамдарша қарым-қатынас жасауды талап ететін. Өзім 27 жасқа келіп, тұрмыс құрып едім. Әкемнің үйінде жүргенде оқу, жұмыс, карьера деп көп нәрсеге назар аудармаппын. Сөйтсем, отбасын құрып, бала-шағалы болу, біреудің жұбайы, келіні болу дегеннің өзі де үлкен бір өнер  екен ғой.  Өз дегенін жасайтын, өр мінезді күйеуім қандай қатал болса да, мен оны шын жүрегіммен жақсы көрдім, содан да шығар, оның айтқанын бұлжытпай орындап, жақсы келін болуға тырыстым.  Күйеу баласын менің әкем де жақсы көріп, құрмет тұтты. Дабыл екеуміз үйге кіріп келгенде, «Менің «Айқай Адайым» келіп қапты ғой» деп бірінші Дабылды құшақтайтын. Екеуі бір-бірін қатты сыйлап өтті. Меніңше, нағыз ер-азамат менің Дабылымдай болуы керек. Өз әке-шешемнен оқуды, елге қызмет етуді үйренсем, қайын жұртым маған тума-туыс, ағайынмен қалай қарым-қатынас жасауды, бала тәрбиесін үйретті. Екі жақтың қамқорлығының арқасында осы күнге жеттім, – дейді Клара Бақтығалиқызы.

Жаратылысынан қуатты жан жасы сексенге келсе де, сол баяғы комсомол күніндегідей халыққа қызмет етуін әлі күнге дейін жалғастыруда. Ол жетекшілік ететін «Ару аналар» ансамблі бүгінде облыс көлеміндегі барлық шараларға қатысып, халық шығармашылығын белсенді насихаттауда. Достықты пен ынтымақтастықты,  татулықты насихаттап жүрген Клара бастаған әжелер тобының жұмысы өзгелерге  үлгі  болғандай-ақ.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар