5.07.2016, 6:03
Қараулар: 232
Ұлттық брендті қалай қалыптастырамыз?

Ұлттық брендті қалай қалыптастырамыз?

IMG_5253


Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының мәжіліс залында «Ұлы дала елі» брендін қалыптастыру және оны насихаттау бағытында пікірсайыс турнирі өтті.


«Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының ұйымдастырумен  өткен «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруға бағытталған шараға жоғары оқу орындарының студенттері, облыстық және республикалық пікірсайыс турнирлерінің жеңімпаздары Сәнді Бекетаева, Оралхан Қажкенов, Ернар Абзалов  және Сәбит Махамбетов қатысты.

Турнирге қатысушылар «Ұлы дала елі» брендін қалай қалыптастыру керек, нақты жолдары мен шешімдері туралы тұшымды ойларын ортаға салды. Жастардың айтуынша, келер жылы Астана қаласында өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне орай миллиондаған саяхатшыларға қазақ елін кеңінен таныстыру үшін «Ұлы дала елі» брендін насихаттау бүгіннен бастап кеңінен қолға алынуы тиіс. Сондай-ақ бұл атау Ұлыбританияны «Тұманды Альбион», Қытайды «Аспан асты елі», Жапонияны «Күншығыс елі» деп атайтындығы секілді Отанымызды әлемге танымал етудің ең тиімді жолдарының бірі болмақ. Аталмыш брендті насихаттауда отандық өнімдердің саны мен сапасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, тарихи мұраларды әлемге таныту, туризм ісін жандандыру, танымал тұлғалардың имиджін көтеру секілді бірқатар жұмыстарды алдын ала жүйелеу қажет. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 87-қадамында ұлттық жобаларды жүзеге асыру қажеттігі көрсетілгендей, «Ұлы дала елі» брендімен түрлі киімдер шығару туралы ойлар да қызу талқыға салынды. Жастардың пікірінше, еліміздің мақтанышына айналған спортшылар Геннадий Головкин, Илья Ильин, ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов,  әнші Роза Рымбаева секілді танымал тұлғалардың есімдері қазақ ұлтын әлемге айшықтайтын әдемі брендтің қалыптасуына сұранып-ақ тұр. «Ол үшін  шетелдік БАҚ-тың тәжірибесіне сүйену артық етпейді» деп атап өтті пікірсайысқа қатысушылар.

Жарыс соңында пікірсайыстың төрешісі болған Саялбек Ғиззатов ойынның жоғары дәрежеде өткенін айтып, қатысушыларға естелік сыйлықтар тарту етті.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар