5.07.2016, 6:02
Қараулар: 192
Қош келдің, Астананың миллионыншы тұрғыны!

Қош келдің, Астананың миллионыншы тұрғыны!

5ff7d07de1594710a4336912f1daf90d


«Шілденің үшінен төртіне қараған түні Астана қаласының миллионыншы тұрғыны жарық дүниеге көрінді. Тура сағат түнгі бірде Елордадағы №1 перинаталдық орталықта қыз бала өмір есігін ашты» деген ақпарат таратты кеше khabar.kz. Сәби-періштенің әкесі Олжас Мұхамедияр «Астана-РЭК» мекемесінде электрмонтер болып еңбек етеді, ал анасы Арайлым Мұхамедияр декреттік демалысқа шыққанша Елордадағы №9 «Нұршашу» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет істеген. Астананың миллионыншы тұрғыны – олардың тұңғыш перзенті көрінеді.


Астана қаласының әкімі Әсет Есекешев балбөбектің әке-шешесін сәбилерінің өмірге келуімен құттықтап, пәтер кілтін табыс етті. Ата-аналарымен тұратын жас жұбайларға жаңа баспана тосынсый болғаны кәміл.

Еліміздің бас қаласы мәртебесіне ие болғалы Астанада туу көрсеткіші екі есе артып, ал ана мен бала өлімі бес еседен аса төмендеген. Жалпы, күн сайын Елордада 75-80 сәби өмірге келеді екен. Егер былтыр жыл бойына Астанада 26110 бөбек өмір есігін ашса, ал биылғы алғашқы алты айлықта 13740 ұл мен қыз жарық дүниеге көрінген.

Бас шаһарымыздағы барлық перинаталдық орталықтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Ана мен сәби қауіпсіздігі» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді.

Сонымен, Астананың миллионыншы тұрғынына «Мына жарқын өмір, жарық дүниеге қош келдің!» дейміз.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар