Еліміз үшін маңызды жоба іске қосылды

Күні , 245 рет оқылды

c7151cdeb2e0e832672ce6433160900e


Кеше Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңес өтті. Телекөпір форматындағы кеңес барысында индустрияландыру бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланды.


Сондай-ақ екінші бесжылдық бағдарламасы бойынша бірқатар жаңа жобалар іске қосылды. Олар: Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы «R.W.S. Wheelset» ЖШС (теміржол білігі мен қос дөңгелек шығаратын зауыт) мен «GreenhouseKZ» ЖШС (голландтық раушандар өсіретін жылыжай кешені), Алматы қаласындағы «Эфко Алматы» ЖШС (май өнімдерін шығару кешені), Астана қаласындағы «Ipek Kagit Central Asia» (санитарлық-гигиеналық және тұрмысқа қажет қағаз өнімдерін өндіру зауыты), «Петропавл трактор зауыты» ЖШС, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Майлыошақ ауылындағы «Lotus Food Company LLC» ЖШС (тез әзірленетін тағам өндіру зауыты), Ақтау қаласындағы «Kazakhstan Pipe Traders» ЖШС (мұнай құбырларын өндіру зауыты) және Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы «Конденсат» АҚ (мотор майлары өндірісі).

– Баршамызға белгілі, біз былтыр жыл аяғында индустриалдық-инновациялық бағдарламаның бесжылдық жоспарын тәмамдап, қойылған мәселелердің орындалғанын жұртшылыққа жарияладық. Бұл экономикадағы тұрақсыздық ахуалы кезеңінде елімізге, Қазақстанға үлкен көмек, қолдау болды. Сыртқы фактордағы жағдайдың терістігін азайту үшін экономиканы әртараптандыру қажет екенін біз білдік. Сондықтан индустриалдық бағдарламаларды жүзеге асыруды белсенді түрде жалғастыруымыз керек. Мұның қажет екенін біз білеміз. Бізден көріп, басқа елдер де осылай жасап жатыр. Оның үстіне дағдарыс кезеңінде бұл шаруаның қажеттігі одан әрі дәлелденді. Осы индустриалдық-инновациялық бағдарлама арқылы кәсіпкерлер өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алды. Бүгін 2016 жылдың ІІ жартыжылдығының қорытындысын шығарамыз. Қалыптасқан дәстүр бойынша Астана күні қарсаңында жартыжылдықты қорытындылап, жыл аяғында тұтас бір жылда атқарылған жұмыстар жөнінде айтатын боламыз. Сондай-ақ бүгінгі кеңесте индустриалдық-инновациялық бағдарламалардың орындалуын талқылаймыз. Осы бағдарламаның нәтижесінде қандай нәтижеге қол жеткіздік, қандай кемшіліктер болды және болашақта не істеуіміз керек, міне, осы жөнінде айтылады. Бұған қоса осы телекөпір арқылы жер-жерде жаңадан іске қосылып жатқан объектілерді көретін боламыз, – деді Елбасы өз сөзінде.

Кеңес барысында Мемлекет басшысы бұрынғы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешовтің индустриализация бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы еңбегін жоғары бағалап, оған ризашылығын білдірді. Ол сондай-ақ «Қазақстанда жасалған» белгісі бойынша өндірілген отандық өнімдер мен моноқалаларды дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Елбасының сөзінше, индустриаландыру жылдарында елімізде бұрын-соңды болмаған 500 түрлі өнім өндіріле бастаған.

Бұдан соң Елбасы жаңа министр Жеңіс Қасымбектің өңдеу өнеркәсібі туралы баяндамасын тыңдады. Инвестициялар және даму министрінің мәлімдеуінше, өткен жылдар ішінде өңдеу өнеркәсібі нығайып, экономиканың драйверіне айналған.

– Егер біз дағдарыс алдындағы 2008 жылды базалық деп айтсақ, өңдеу өнеркәсібі 4,1-ге өсті.

Бұл тау-кен өнеркәсібін қоса есептегенде өнеркәсіптің барлық секторынан артық. Өңдеу өнеркәсібінің жыл сайынғы көлемі артып келеді. Нәтижесінде 2008 жылмен салыстырсақ, бұл сектордың өнеркәсіптегі жалпы үлесі 7 пайызға артты, – деген министр Қазақстанның ЕЭО елдері арасындағы өңдеу саласындағы өсімді сақтап отырған бірден-бір ел екенін атап көрсетті.

Бұдан басқа Елбасы Ұлттық банк пен Үкіметке инфляция деңгейін қадағалап отыруды тапсырды. Өйткені бұған халықтың кірісінің өсуі тікелей байланысты. Құрылып жатқан жұмыс орындары халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етуі тиіс. Мемлекет жұмыссыздарға жәрдемақы төлеумен шектеліп қалмауы тиіс. Мұның орнына тұрғындарға шағын несие беріп, олардың жақсы табыс табуына көмектесуі керек.

Шара барысында индустриаландыру нәтижесінде әлеуметтік дамуын нығайтқан үш өңір көрсетіліп, индустриаландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асырудың жаңа қадамдары таныстырылды.  Осыдан кейін «Әлеуметтік индустриализация» атты фильм көрсетіліп, Мемлекет басшысы жаңа жобаларды іске қосуға рұқсат берді. Солардың қатарында Ақсай қаласындағы түбегейлі жаңғыртудан өткен мотор майлары өндірісі бар.

Телекөпір барысында «Конденсат» АҚ басқарма төрағасы Валерий  Жүнісов  сөйледі.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Біз 1997 жылы сіздің қатысуыңызбен елімізде алғашқылардың бірі болып жанар-жағармай өндіретін өндіріс орнын іске қостық.  Бүгін біз К-5 экологиялық класты жоғары стандартқа сай жанар-жағармай өндіру жобасын жүзеге асырмақпыз. Бұл жоба АҚШ пен Франция технологиясы бойынша заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жоба Қазақстанның Даму банкісінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Біз 200 мың тоннадан астам жоғары сапалы отын өндіреміз және аймақтың жанар-жағармай импортына тәуелділігін жоямыз, – деді ол сөзінде.

Осы телекөпірде зауыттың байырғы қызметкері Сырым Қожантаев та сөйледі.

Нысанды іске қосуға рұқсат берген Мемлекет басшысы бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.

– Бұл жоба – өңір үшін де, еліміз үшін де өте маңызды, аса қажетті жоба. «Конденсат» АҚ маған алғашқы ашылған күннен таныс. Кәсіпорын жедел дамып келеді. Қазір бастарына ақ каска киген жұмысшы формасындағы жастарға қарап толқып тұрмын. Елімізде осындай жас мамандар қатарының көбейіп келе жатқанына қуаныштымын. Мен де, Үкімет те сіздердің жақсы жалақы алып, молшылықта өмір сүрулеріңізге қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз. Барлығыңызды ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын, — деген Мемлекет басшысы жоба жұмысына сәттілік тіледі.

Осы шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов жаңа жобаның маңызына тоқталды.

– Бүгінде облыс бойынша 330 млрд. теңгенің 42 жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобалардың ішінде тек осы «Конденсат» АҚ-ның жобасы ғана республикалық  Индустриализация картасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның құны 45 300 млн. теңге, осы қаражаттың 40 пайызын кәсіпорынның өзі төлесе, қалған 60 пайызын «Қазақстанның Даму Банкісі» қаржыландырды. Бұл жоба 2012 жылдан бастап қолға алынды.  Осы жобаның аясында 28 жаңа жұмыс орны ашылмақ. «Конденсат» АҚ елімізде тұңғыш рет экокласты К5 бензин өндірісін іске қосады. Өндіріс Кеден одағының техникалық регламент талаптарына сай жоғары октанды этильденбеген бензин шығаруға бағытталған. Бұл жобаның артықшылығы сол, ендігі жерде облыс пен көршілес өңірлер Ресейдің жоғары сапалы жанармайына тәуелді болмайды. Жобаның заттай қуаттылығы жылына  200 мың тонна экокласты К5 бензинін өндіруге және 380 мың тонна өзге де өнімдер өндіруге қажетті 600 мың тонна шикізатты құрайды. Кәсіпорын өнімі нарықтағы баға-дан қымбат болмайды. Бәрі алынатын шикізат құнына байланысты, егер зауыт өнім өндіруге  қажетті шикізатты мол әрі тиімді бағамен алса, әрине, оның бағасы да қолжетімді болмақ, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Конденсат» АҚ басқарма төрағасы Валерий Жүнісовтің сөзінше, кәсіпорынның жоғары сапалы жанар-жағармайына қазірдің өзінде қызығушылар көп. Өңірімізді былай қойғанда, көршілес аймақтың   жанар-жағармай операторлары да келісімшартқа отыруда. Көп ұзамай жергілікті жанар-жағармай өнімдері саттыққа шығарылмақ.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»,

Бөрлі  ауданы


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика