QR-кодтың құпиясын білеміз бе?

Күні , 257 рет оқылды

IMG_8653


Соңғы кезде жарнамалық плакаттар мен афишалар, түрлі заттардың қораптары мен газет-журналдардың шетінен қара түсті шаршыны оңай аңғаруға болады.  Көпшілігі бұл белгіні не үшін қажет деп ойлап, мән бермеуі де  мүмкін. Ал ақпарат айдынында жедел ақпарат алмасу үшін, керек мәліметті молынан алу үшін қара шаршының құпиясын білу сізге артық етпесі анық.


QR-кодты пайдалану және өзге де мәселелер туралы сәрсенбі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында өткен журналистерге арналған оқыту семинарында кеңінен айтылды. Сондай-ақ басқосуда ақпаратты оқырманға жедел әрі сапалы жеткізу,  мақала дайындау кезіндегі журналистік шеберлік, ақпарат беру кезінде әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалану, газет беттерінің құрылуы, стилі мен дизайнерлік көркемдеу, газеттерге  әлемдік бренд қалыптастыру туралы ойлар ортаға салынды.

Семинарда «Қазақпарат» агенттігінде 16 жыл бойы табан аудармастан қызмет атқарып жүрген «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары, ақын Ғайсағали Сейтақ, соңғы кезде баспасөз тарихына арналған ғылыми мақалалар мен кітаптар шығарумен айналысуға бет бұрған, өңірімізге кеңінен танымал журналист Қазбек Құттымұратұлы, блогер Нұрлыбек Рахманов, мекеме дизайнері Арман Дауылбаев журналистерге қызықты ақпараттарын ұсынып, пікірлерімен бөлісті.

Айталық, Ғайсағали Самиғоллаұлы төтенше жағдайлар мен қылмыстық оқиғалар туралы ақпарат дайындағанда,  барынша дәлелденген нақты дереккөздеріне, сондай-ақ сол жердегі жауапты мекеме басшысының сөзіне сүйену керектігін айтты. Дәйексіз, жалған ақпарат берудің соңы журналистерді сотқа сүйрейтін фактілердің орын алуына жол береді. Ал Қазбек Қабжанов журналистің қоғам алдында беделді әрі кең танымалдылыққа ие болуы үшін көп ізденістің, «ішкі бәсекелестіктің» қажет екенін  тілге тиек етті. Сондай-ақ ақпараттың өтімді әрі оқылымды болуы үшін мақалаға тақырыптың дәл  таңдалуы, материалдың барынша қысқа әрі нұсқа, айтар ойды анық жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Бұл турасында шетелдік журналистика тәжірибесіне көбірек сүйену керектігін алға тартты. Ал Арман Дауылбаев газет бетін құруда дизайнерлік шеберліктің, ұтқырлықтың болуына үлкен мән берді. Ол өзіндік бренді қалыптасқан шетелдік баспасөз   құралдарының тәжірибесімен бөлісті.

Сондай-ақ журналистің әмбебаптылығы да заман талабы екенін алға тартты. Оның айтуынша, материалды өзі дайындап, фотоға өзі түсіріп, дизайнды өзі жасай алатын мамандар тапшы. Сондықтан әмбебаптылыққа бет бұратын уақыт жеткен сыңайлы. Жиын барысында Арман Ғинаятұлы QR-кодты пайдаланудың әдіс-тәсілдерімен, оны пайдаланудың тиімді тұстарымен де таныстырды. Тақырып турасында «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин де ойын ортаға салып, соңғы уақытта “Орал өңірі” және “Приуралье” газеттерінің алдыңғы бетіне QR-код орнатылып, оқырманға жол тартып жатқанын жеткізді.

Кез келген адам қолындағы заманауи ұялы байланыс құрылғыларын тиімді пайдаланса, қаптаған «қара жәшіктің» сырын оңай меңгеруге мүмкіндігі мол.  Ол үшін Play market интернет магазині арқылы QR-кодқа арналған мобильді қосымшасын жүктеп аласыз. Содан кейін бағдарламаны іске қосқанда, ұялы телефонның камерасы автоматты түрде жұмыс жасай бастайды. Сол камераның көмегімен кез келген QR-кодтың үстіне барып, камераның тетігін басып суретке түсіресіз. Осыдан кейін жүктелген бағдарлама өздігінен іске қосылып, өзіңізге керекті ақпаратты ұялы байланыс құрылғысының экран бетінен оқи аласыз.

Түстен кейін жиынды қорытындылаған Жантас  Сафуллин жаңа медиа мектепті қалыптастыру жолында жасалып жатқан игі істердің алдағы уақытта да жалғасатындығын айтып, бірқатар аудандық әріптестерге естелік сыйлықтар табыс етті.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика