30.06.2016, 6:10
Қараулар: 35
Электрмашина жасау саласындағы сәтті жоба

Электрмашина жасау саласындағы сәтті жоба

03


«Орал трансформатор зауыты» ЖШС өткен жылы 1200 дана трансформаторға тапсырыс алып, оны орындап шықты. Кәсіпорын өнімінің 90 пайызын экспортқа шығарды. Өндіріс ошағының түтіні биыл да түзу «ұшуда». Биылғы жылдың аяғында  зауыт жобалық қуатына толықтай шығады. Сонымен қатар «құтты» жобаның негізі осы өндірістік базада «Uralelectro» ЖШС қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны құрылып, жаңа жоба жүзеге асырылуда.


Қазақстандағы электрмашина жасау саласының көшбасшысы ««Alageum Electric» холдингтік компаниясы 2014 жылы «Орал трансформатор зауыты» жобасын іске қосты. Ресейдің нарығына бағыт ұстаған жаңа кәсіпорын өткен жылдан бастап  өнім өндіре бастады.

– Біздің зауытта өңірімізге іссапармен келген Елбасымыз да болып, жұмыс үрдісімен танысып, жақсы бағасын берді. Қазіргі уақытта кәсіпорын қуаты 25-2500 кВт болатын үш фазалы күштік және майлы трансформаторлар шығаруда. Зауыт енді ғана өндірістік күшіне еніп келеді. Жобалық қуаты жылына 14000 дана трансформатор өндіруге жарайтын кәсіпорын бүгінде өндіріс орны өзінің өндірістік қуатының 70 пайызына шықты. Аз уақытта бұл жаман көрсеткіш емес, – деді «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның басқарушы директоры Дмитрий Урих.

Басқарушы директордың айтуынша, өндірісшілер өнім өндіру технологиясын тереңдете игеруге кіріскен. Сонымен қатар орнатылған құрал-жабдықты жетілдіру бағытындағы шаруалар да атқарылуда.  Мамандарды тәрбиелеу, оқыту жұмыстары басты назарда. Өйткені бұл – мамандандырылған өндіріс, электр энергетикасынан бейхабар адамның трансформатор өндірісін игеріп кетуі қиын. Сондықтан компания облыс орталығында өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне ұдайы қатысады. «Кәсіпорынға электриктер, электр слесарьлары, дәнекерлеушілер, трансформатор құрастырушылар керек.  Мысалға, трансформаторды құрастырушылар дегенде де оны құрастыру жұмыстары бірінші, екінші және үшінші болып бөлінеді. Әр жұмыс үрдісінің өзіндік ерекшеліктері болады. Сондықтан трансформатор құрастырушыларын, трансформаторға сым ораушыларды, шетелдік құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін операторларды арнайы оқытып аламыз. Жұмысқа қабылданған бірқатар жұмысшы Кентау политехникалық колледжінде білім-білігін шыңдады», – деді Дмитрий Викторұлы. Айтқандай, зауытта 170 адам жұмыс істейді. Олардың 80 пайызы – жергілікті тұрғындар.

Әлемдік экономикалық дағдарыс жаңадан ашылған өндіріс орнының «тәй-тәй» басқан қадамына «тұсау» бола алмаған. Бүгінгі таңда кәсіпорын өнімінің 85-90 пайызы экспортқа шығарылуда.  Басаяғы жыл жарым уақыттың ішінде оралдық трансформаторлар Ресейдің іргелес облыстарына және одан әрі Свердлов, Мәскеу облыстарынан тұтынушыларын тапты. Енді Мәскеу облысынан әрі қарай кең байтақ нарықты игеру жоспарланған. Одан басқа қазақстандық өнім ел  нарығында да, батыс өңірінде де өтімді. Сондықтан компания алдымен батыс өңірдегі электр желілерін таратушы және мұнайгаз компанияларымен әріптестік байланыстар орнатып отыр. Оралдық өндірісшілер өнім өткізу мәселесімен шұғылданбайды, бұл мәселемен басқарушы компания болып табылатын Алматыдағы «Алагеум электрик» холдингінің өңірлердегі филиалдары айналысады. «Мұның өзі кәсіпорынға  өнім сапасын жақсарту жағына көбірек мән-маңыз беруге жағдай жасайды», – дейді аталмыш компания басшылығы.

Кентау трансформатор зауыты Қазақстанның маңдайына басқан «жалғызы», жарты ғасыр бойы өнім өндіріп келе жатқан байырғы өндіріс орны екені белгілі.  Соңғы 10-15 жыл көлемінде онда да өндіріс орны жаңғыртылып, барлық техника паркі жаңартылған. Ал жаңа оралдық трансформатор зауытына да асқан дәлдікті қажет ететін заманауи еуропалық құрал-жабдықтар орнатылды. Бір холдингке қарайтындықтан, қос бірдей зауытқа технологиялық-конструкторлық база, барлық жоба-жасақтамалар ортақ. Бастысы, екі зауыттың да өнімдерінің сапасы  бір  деңгейде, мұны тұтынушылар да мойындаған. Қазіргі уақытта оралдық кәсіпорын өнім сапасын жоғары деңгейге көтеру, өндірістік шығынды азайту, өнімнің сапалық техникалық сипаттамаларын жақсарту бағытында  жұмыстануда. Тек өсуді, дамуды көздейтін компания үшін мұндай ізденістер қалыпты жағдай болса керек.

Зауыт конвейерінен алты ай ішінде қуаты жағынан әр түрлі 2 мың дана трансформатор шықты. Өнім өндіру осы мерзімде 100 пайызға өсті. Жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда жаз шыға кәсіпорын өніміне сұраныс көбейген.  Ай сайын өнім сату бөлімі өңірлерден түскен сұраныстарды есепке алып, сол өңірлерге барып өнім өткізу жөнінде жұмыстанады. Ресейдің түкпір-түкпірін аралап, өніммен таныстыруда. Өйткені зауыт жаңа, электр жабдықтары нарығындағы жаңа «ойыншы».

Негізі жаңа өндіріске 5,6 млрд. теңге инвестиция құйылды. Соның 50 пайызына жуығын компания «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие ретінде алды. Сондай-ақ бұрынғы «Омега» зауытының бос тұрған ғимараттарын сатып алып орнықты. Енді  «Омеганың» қалған бос аумағын сатып алу жөнінде тиісті орындарға ұсыныс берілгенмен, мәселе әлі шешіле қоймаған.  Жыл өткен сайын бос тұрған ғимараттардың сұрқы қашып, күтімсіз күйге енуде. «Бос ғимараттарды пайдаланып, жаңа өндіріс орындарын ашар едік. Қосымша өндіріс цехтарын ашып,   кейбір қосалқы бөлшектерді зауыт қабырғасында шығаруға болар еді. Қазір оларды Ресейден және қайсыбірін Кентаудан тасымалдаудамыз», – дейді Д. Урих.

Электрмашина жасау саласындағы «құтты» жоба – бұл. Өйткені «Орал трансформатор зауытының өндірістік базасында «Uralelectro» ЖШС қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны биылғы наурыз айында ресми тіркелді. Түрік инвесторлары өндірісті дамытуға 1млрд. теңге инвестиция «құйды».

Кәсіпорында қосалқы стансаларға арналған коммутациялық электр жабдықтары, соның ішінде электр тұстама (щит), төменгі және жоғары кернеулі ұяшықтар, шкафтар шығарылады. Жобаның құны 2 млрд. теңге шамасында. Қазір технологиялық үрдістер жасақталуда. Түрік жағы – бұл салада әлемге танылған өндірісші. Ал біздің тарап бос өндіріс орнын әрі жұмыс күшін ұсынады. Жаңа жоба бойынша технологиялық құралжабдық сатып алынуда. Жабдықтар орнатылып, шаруа бірыңғайланғаннан кейін тамыз айында тәжірибелік үлгілер дайындалады деп жоспарлануда. Жаңа өнімдер несімен тиімді десек, елімізде, өңірлерде жыл санап электр қуатын тұтыну көлемі ұлғайып келеді. Сондықтан ірі қалаларда қуатты реттеп отыратын көп орын алмайтын шағын қосалқы стансаларды орнатқан тиімді. Сондай стансаларға шағын электр жабдықтарын орнатудың өзекті екені сөзсіз, – деді «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның басқарушы директоры Дмитрий Урих.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар