30.06.2016, 6:09
Қараулар: 17
Күн тәртібінде мүмкіндігі шектеулілер мәселесі

Күн тәртібінде мүмкіндігі шектеулілер мәселесі

IMG_8617


Сейсенбі күні облыс әкімі жанындағы мүгедектер істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған  облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов төрағалық етті.


Алдымен облыстағы мүгедектер үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік транспорттық инфрақұрылым нысандарын паспорттау мен бейімдеу тақырыбында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Ысқақова баяндады. Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтар медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселелердің бірі  болып  отыр.

– Биылғы қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша жалпы мүгедектер саны – 24201. Бұл облыстағы халық санының 3,8 пайызын құрайды (өткен жылмен салыстырғанда 552 адамға азайып отыр). Оның ішінде І топ мүгедегі – 2510 адам, ІІ топ мүгедегі – 9965 адам, ІІІ топ мүгедегі – 9181 адам. Облыста 6156 мүмкіндігі шектеулі бала есепте тұрса, оның ішінде 1740 бала мүгедек бала санатына жатады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытының бірі оларға кедергісіз орта құрып, қоғамға етене араластыру болып табылады. Осыған орай 2012 жылдан нысандардың қолжетімділігін паспорттау басталды. Облыс бойынша әлеуметтік және транспорттық инфрақұрылым нысандарының саны 3962 бірлікті құраған. 2015-2016 жылдары 709 нысанға паспорттау жүргізілсе, оның 576-сы бейімдеуді қажет етеді деп анықталды, ал 164 нысан бейімделді. Паспорттау бойынша Тасқала, Бөкей ордасы, Қазталов аудандары жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Ал Теректі, Зеленов, Орал қаласы бойынша паспорттау жұмыстары төмен деңгейді көрсетіп отыр, – деген мекеме басшысы паспортталған 709 нысанның 640 нысаны порталға енгізілгенін атап өтті. Ділдаш Ысқақованың баяндамасынан белгілі болғанындай, 2016 жылға жоспарланған 97 жол белгілері мен жол сілтегішті орнату бойынша 19 белгіні орнату уақытында орындалған. Ал қалғаны ІІ жартыжылдықта жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер өтетін жолдарға сегіз  дыбысты қондырғы орнатылса, жыл аяғына дейін 56 қондырғы орнату іске асырылуда.  Қоғамдық көліктердегі мүгедек жандардың жағдайын ескере отырып, әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үш бағыт бойынша инватакси қызметі жүзеге асуда. Бұл қызметтің 1-бағыты тірек-қимыл аппараты бұзылған және кресло-арбаға таңылған мүгедектер мен мүгедек балаларды тасымалдау, 2-бағыты көзі көрмейтін бірінші топ зағиптарын және көзі көрмейтін балаларды тасымалдау, 3-бағыты психоневрологиялық ауруы бар мүгедек-балаларды  тасымалдауға  арналған.

Баяндамадан кейін Марат Тоқжанов паспорттау мен бейімдеу жұмыстары бойынша төмен көрсеткіш көрсетіп отырған аудандар мен қала басшылығына орын алып отырған олқылықтарды тез арада жойып, қалпына келтіруге тапсырма берді.

Бұдан соң мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дене шынықтыру және спортпен айналысуларына спорт инфрақұрылымдарының қолжетімділігін қамтамасыз ету және мүгедектерге арналған спорттық клубтар ұйымдастыру туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Есенғалиеваның ақпараты тыңдалды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыс бойынша спортпен тұрақты шұғылданатын мүгедектердің саны 1799 адамға жеткен. Өңірімізде мүгедек-спортшылар арасында 11 спорт түрін (жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы, үстел теннисі, футбол, волейбол, баскетбол, армрестлинг) дамыту көзделген. Сондай-ақ бүгінгі таңда басқарма қарамағындағы спорт ғимараттарында мүгедектердің спортпен тегін шұғылдануы, білікті мамандардың жетекшілігімен жаттығуы, күнтізбелік жоспарға сәйкес спорттық жарыстарға қатысуы үшін тиісті жағдайлар жасалуда.

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов және «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Қадырбеков мүмкіндігі шектеулі жандардың жай-күйіне тоқталып, әлі де шешімін таба алмай келе жатқан мәселелерді алға тартты.

Жиын соңында Марат Тоқжанов бірқатар мекеме басшылары мен аудан, қала әкімінің орынбасарларына күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тапсырма беріп, олардың уақтылы орындалуын қадағалауды тапсырды.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суреттерді  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар