30.06.2016, 6:08
Қараулар: 18
Өңіраралық интеграция – аймақтың бағы

Өңіраралық интеграция – аймақтың бағы

DSC_0269


Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен отандық тауар өндірушілерді қолдау, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту, ел экономикасын әртараптандыру мақсатында өткен облысаралық кездесу Атырау облысы әкімдігінде қос өңір делегацияларының басқосуынан басталды. Осы жиында сөз алған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев батысқазақстандық делегация мүшелеріне Қош келдіңіздер айтып, Атырау облысының бүгінгі таңдағы өндірістік әлеуетіне тоқталып өтті.


Ел экономикасының локомативі атанған Атырау жері — шикізатқа бай, өндірісі өркендеген өлке. Атырау өңірінде мұнай мен газдан өзге гипс, әк тасы, құрылыс құмы, калий тұзы, кірпіш өнеркәсібі үшін саз, тағы да басқа пайдалы қазбалар бар. Мақсатымыз – шикізатқа деген тәуелділіктен айырылып, өнеркәсіпті сапалы дамыту. Сол мақсатта Батыс Қазақстан облысымен өнеркәсіп саласын дамыту, ел экономикасын арттыру жолында бірқатар қоян-қолтық жұмыс атқарып келеміз. Бүгінгі басқосу-да мұнай өңдеу, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу секілді маңызды салада бірқатар жұмысты бірлесіп атқаруға бағытталған меморандумға қол қойдық, — деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов көршілес жатқан қос өңірдің бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста екендігіне тоқталып, бұдан әрі де өңіраралық ынтымақтастықты бұрынғыдан да арттырып, ел экономикасын дамытуда бірлесе атсалысуға шақырды.

Мәжіліске қатысқан қос өңірдің кәсіпкерлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, түйінді мәселелерге тоқталды. Кездесу соңында екі облыстың басшылары өңіраралық ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Сонымен бірге Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының бірқатар өндіруші кәсіпорын басшылары мен кәсіпкерлер де екі жақты меморандумға қол қойды.

Өңір басшысы Алтай Көлгінов бастаған батысқазақстандық делегация Атырау қаласындағы жүн өңдеу және жүн өнімдерін шығарушы “Caspiy Lana Atyray” ЖШС-да болып, кәсіпорын жұмысымен танысты.

Назгүл Есмаханова басшылық ететін кәсіпорын өткен жылы пайдалануға берілген. Елімізде баламасы жоқ өндірістің құрылысына 2 315,4 млн. теңге қаражат жұмсалған. Бүгінде серіктестік 70 адамды қамтамасыз етуде. Кәсіпорын қой және түйе жүнін алғашқы өңдеуден бастап бірнеше дайын өнім түрлерін шығаруға қауқарлы.

Батысқазақстандықтардың Атырау өңіріне сапары оралдық көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

* * *

Сәрсенбі күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған делегация Маңғыстау өңіріне келіп жетті.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау, өңіраралық ынтымақтастықты жетілдіру, ел экономикасын әртараптандыруды мақсат еткен жұмыс сапары қос өңір делегацияларының басқосуынан басталды.

Дөңгелек үстелге қос облыстың басшылары, мекеме-кәсіпорын өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Басқосуда сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев облыстың тыныс-тіршілігі мен бүгінгі таңдағы өндірістік әлеуетіне тоқталды. Сонымен қатар өңір басшысы бұрыннан да жақсы қарым-қатынас орнаған Батыс Қазақстан облысымен бұдан әрі де өңіраралық ынтымақтастықты арттырып, ел экономикасын дамытуға бірлесе қызмет етуге әзір екендігін айтты.

— Бүгін Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат -бойынша әрі қарай қарым-қатынасымызды ұлғайтатын боламыз. Мен болашақта Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облысының қарым-қатынасы барлық жағынан нығая түсетініне сенемін, — деді Алик Айдарбаев.

Кездесуде БҚО әкімі Алтай Көлгінов соңғы жылдардағы батыс өңірінің экономикалық жағдайын дамыту мақсатында атқарылған тың істерге тоқталып өтті. Сонымен қатар Маңғыстау өңірімен екеуара ұзақ жылдық әріптестікті үзбей, одан әрі дамыту мақсатында да жұмыстар жүргізілетіндігін айтты.

Дөңгелек үстелде батысқазақстандық тағам өндіру, машина құрау салалары және құрылыс тауарларын өндіруші кәсіпорын басшылары өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, маңғыстаулық кәсіпкерлерді екеуара ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Өңір өкілдерінің басқосуында облыс басшылары мен өнім өндіруші кәсіпорын жетекшілері ынтымақтастықты дамыту мақсатындағы өзара меморандумға қол қойды.

— Атырау және Маңғыстау өңірлерінде болған басқосуларда өңір экономикасын қарқынды дамытуды көздеген меморандумдарға қол қойылды. Оған біздің облыстың машина жасау мекемелері, өндіріс саласы мен ірі зауыттардың басшылары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпорын басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Біздің өңір мен аталған екі облыс арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Қай саланы алып қарасақ та, осындай келісіп атқарған істердің нәтижесі де зор болады деп сенемін. Ауыл шаруашылығы туралы айтсам, бұл салада да мүмкіндіктер өте көп. Біз облыстан тері өңдеу цехын ашу мақсатында жұмыстанып жатырмыз. Ал Атырауда жүнді алғашқы өңдеп, жүн өнімдерін дайындайтын, мүмкіндігі зор цех жұмыс жасай бастапты. Болашақта екі өңір осы цехтарды шикізатпен қамтитын болады. Біздер оларға жүн әкелсек, керісінше олар мал терілерін біздің аймақтан өңдетеді. Сонымен қатар облысымызда жаңадан ашылып жатқан ет және ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар бар. Болашақта солардың тауарларын тиімді өткізу мақсатында қос өңірдегі әріптестермен жақсы қарым-қатынас жасауға қол алысып, келістік. Осындағы бұқара халыққа және мұнай компаниясына сапалы ет өнімін жеткізуге уағдаластық. Сондай-ақ бұл екі өңірде мұнай саласымен айналысатын ірі мекемелер бар. Соларға қажетті өнімдерді өңдеу немесе қайта жасақтауға қажетті құрал-жабдықтарды біздің өңірдегі ірі  машина жасау зауыттарынан жасауға болатындығы айтылды. Атырау облысында өткен басқосуда  сол өңірге қарасты Құрманғазы ауылына сумен қатынайтын екі жеңіл кеме керектігін айтты. Ол кемелерді жасау – біздің «Гидроприбор» мекемесіне тамаша мүмкіндік. Сонымен қатар мұнай-газ саласына қажетті құрал-жабдықтарды «Зенит» зауыты дайындайтын болды. Осындай әріптестік кездесулердің арқасында бұрынғы ынтымақтастығымыз одан әрі жақсаратынына сенімдімін, — деді Алтай Көлгінов журналистерге берген сұхбатында.

Осыдан соң қос өңірдің әкімдері бастаған ресми топ Ақтау қаласындағы арнайы экономикалық аймақта еңбек етіп жатқан бірқатар кәсіпорындарға барып, олардың қызметімен танысты. Жол құрылысы саласына пайдаланылатын битум өндіруші және құрылыс саласына қажетті пластикалық құбыр өндіруші зауыттарда болған Алтай Көлгінов егер осы өнімдердің сапасы стандарттарға сай болса, болашақта серіктестік танытуға мүдделі екендігін айтты.

Батыс Қазақстан облысының Маңғыстаудағы күндері мәдени шараларға жалғасып, Абай атындағы мәдениет үйіне жиналған көпшілік қазақтың белгілі ақыны Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылық кеші мен  оралдық өнерпаздардың гала-концертін тамашалады.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»,

Орал – Атырау – Ақтау – Орал

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар