Дүниетанымы ана тілінде қалыптасқан қазақ баласынан ғана елжанды азамат шығады

Күні , 304 рет оқылды

Мурат Сабыр


«Ұлт жоспары — 100 қадам. Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» құжатында көрсетілген-дей, қазақстандықтардың біртектілігін нығайтып және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру – басты істің бірегейі. Бұл мәселеде Елбасы атап көрсеткеніндей, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Қазақтар жаңа Қазақстанның болмысын қалып-тастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие. Бұл – қазақтың ұлттық сипатын сақтап, дамыту-дың және еліміздің қазақы болмысын нығайтудың басты факторы.


Елбасының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында «Қазіргі заманғы әлемде барлық дамыған мемлекеттер – біртұтас ұлттар. Олар бірыңғай экономикалық, саяси және мәдени рет-тәртіппен өмір сүреді» деп көрсетілген. Ендігі ұлы меже – Қазақстан халқын біртұтас ұлт ретінде қалыптастыру. Адамзат жаралғалы бері талай ұлт қалыптасты, жаугершілік заманда жойылды, өзге ұлтқа сіңіп кетті дегендей, небір жағдайлар болды. Құдайға шүкір, қазақ ұлты өзегін ғасырлар қойнауына тартып, сөзі жоғалмай, өзі жоғалмай, бүгінге жетті. Бүгінде қазақ ұлты — Қазақстан Республикасының негізін құраушы ұлт. Сонымен қатар соңғы ғасырлардағы аумалы-төкпелі замандарда Қазақ елін көптеген ұлт өкілдері қоныстанғаны белгілі. Бұл көптүрлілік еліміздің ерекшелігі деуге болады. Еліміздегі қазақ ұлты мен диаспоралар Қазақстан халқын құрайды. Елдегі халықты қазақ жұрты, қазақ елі деп жалпылай атау қалыптасып келеді. Бірақ та «қазақ елі», «қазақ жұрты» ұғымдары қазақ ұлты парадигмасын алмастыра алмайды. Ұлт ұғымы қазақтың тілдік, этногенетикалық, мәдени, әлеуметтік-экономикалық біртұтастығының белгісі. Әлемдегі дамыған мемлекеттердегі сияқты мемлекет халқын біртұтастандыру үшін Қазақстан азаматы, Қазақстан халқы категорияларын қазақ ұлты маңына топтастыру, біртектілендіру қажеттілігі туындап отыр. Бұл жерде республика халқының 65 пайызын алып отырған этногенетикалық тегі бар, ел иесі, жер иесі қазақ ұлты гегемондық рөл атқарады.

Қазақ тілі, әдебиеті, өнері, мәдениеті, тарихы мемлекеттік біріктіруші идеяларға, ұлттық идеяға айналуы қажет. Барлық халықтар қазақ ұлтының маңына топтасқанда ғана бүгінгі біртұтас ұлт ұғымы этносаяси шындыққа айналады.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» кітабында «Біз өз мемлекеттігімізді ұзақ мерзімге құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» деп атап көрсетті. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың ұлттық мәдениеті Қазақстан Республикасының барлық азаматтарын біріктіруге де, біртектілігімізді нығайтуға да құдіреті жетеді. Өркениет халықаралық ұғым болса, мәдениет — ұлттық категория. Рухани мәдениет ұлттың тіл, тарих, ақыл-ой эстетикасы, құндылықтар жиынтығы. Рухани мәдениеттің басты тірегі – тіл. Қазақ тілі, бүгінгі мемлекеттік тіл — азаматтық және мәдени біртектілік жасауға тікелей апаратын даңғыл жол. Мемлекет — тұрғындар жиынтығы, саяси билік, экономикалық жүйе ғана емес, сонымен бірге тілдік кеңістік те. Қандай да болсын бір тілдің кеңістігі, әлбетте бір мәдениеттің кеңістігін жасайды. Қазақстанда қазақ тілі қазақ мәдениетінің кеңістігін жасап келеді, жасай да береді. «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз», — деп Елбасымыз атап көрсетті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік тілді меңгеру тәуелсіздіктің орасан зор жетістігі деп айрықша атады. Мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 2020 жылға қарай 95 пайызға жеткізу міндетін қойды. ҚХА-ның XXII сессиясында Елбасы нақты айтты: «Кез келген ұлт, мемлекет — бұл, бірінші кезекте, оның бірегей мемлекеттік тілі». Елімізде мемлекеттік тіл саясаты сындарлы жүргізіліп келеді. Дегенмен мемлекеттік тіл барлық салада өз деңгейінде қолданылмай тұрғанын жасыра алмаймыз.

Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы этносаралық және конфессияаралық татулықты қамтамасыз етіп отырған саяси институтқа айналды. Ынтымақ пен жасампаз еңбектің арқасында Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын толағай табыстармен қарсыламақпыз. Несібе бірлікпен артады, ынтымаққа ырыс бітеді деген осы.

Елбасы атап көрсеткеніндей, «Қазақстан халқы ассамблеясы ел халқының мемлекеттік тілді меңгеруге бағытталған жалпы-ұлттық үрдісіне бастаушы болуы тиіс». Қазақстандық біртұтас ұлттың тілі мемлекеттік тіл болу керек. Сонда ғана Мәңгілік ел ұлттық идеясының қанаты беки түседі.

Соңғы жылдар Президентіміз ұсынған «Үш тұғырлы тіл» саясаты қоғамда қызу пікірталас тудырып тұрғаны ақиқат. Еліміздің дамып, өркендеуі үшін болашақ ұрпақтың бірнеше тілді меңгергені құптарлық іс. Мемлекеттік тіл орыс, ағылшын тілдерінің көлеңкесінде қалып қоймай ма деген күдікке Елбасы: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» — деп ескертті.

Дегенмен, Білім және ғылым министрлігі тарапынан ұсынылып жатқан орта білім мен жоғары білім саласындағы реформалар педагог мамандарды да, ата-аналарды да алаңдатып отырғаны шындық. Әсіресе, балабақшадан бастап үш тілді үйретеміз деп кірісіп кеткендер де бар. Меніңше, бұл үлкен қателікке, өкінішке ұрындыруы мүмкін. Үш тілді толық білмейтін, рухани тұрғыдан кемтар, ұлттық тамырдан қол үзген мәңгүрт ұрпақ дайындасақ, ата-бабаның аруағы, келер ұрпақтың қолы біздің жағамызда кетер. Қазақ қоғамында қазақ-орыс қостілділігі жақсы дамыған, керісінше орыс-қазақ қос тілділігі кенжелеп дамуда. Саясаттың ықпалымен жүргізілген екі тілділіктің пайдасын да, зиянында көріп отырған қазақ ұлты. Бір жақты жүргізілген тіл саясатының кесірінен ұлтымыз таза қазақ, шала қазақ, ада қазақ болып бөлініп, бір-бірімізді түсінбей жүрміз. Өткеннің өкінішін ескеріп, тарихтан тағылым алып, тағы кемшіліктер жібермеуді ойлауымыз керек. Елбасы сөзіне жүгінсек: біз тілімізден де, ділімізден де айырылып қала жаздаған ұлт емеспіз бе.

Қазақ баласы ана тілінде оқып, дүниетанымы туған тілінде қалыптасса ғана елім дейтін азамат өсіп шығады. Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден (Ә. Бөкейхан). Мінез, адами болмыс өзекті жанға ана тілмен дариды. Ал екінші, үшінші тілдер қосымша ақпарат көзі, қатынас құралы. Ана тілімен, ана сүтімен кірмеген ақыл ой, білім тана сүтімен кірмейді. Қай тілді қай жастан, қай сыныптан бастап оқытуды психологиялық және педагогикалық тұрғыдан зерделеп барып бастау керек. Бұл мәселеге педагог мамандар өз көзқарастарын білдіруі қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар академик А. Жұмәділдаевтың «Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айырылдық деп есептеңіз» деген сөзі шындық. Бұл әрекет: қазақ тілін ғылым саласынан ығыстырып, отбасы тілі деңгейіне түсіру. Ғылым өз тіліңде болғанда ғана жұғымды, түсінікті болады. Қазақ тілінің әдеби, ғылыми әлеуеті ұшан-теңіз. Өкінішке орай, кезінде В. Радлов, С. Малов сияқты ұлы ғалымдар тамсанған, таңданған бай тілдің мүмкіндігін өзіміз қолдана алмай отырмыз.

«Әдебиет пен өнер ұлы болмай, ұлт ұлы бола алмайды» деп Ғабит Мүсірепов ескерткен. Қазақ әдебиеті әлемдік әдебиетке үлкен үлес қосты. Әдеби тіліміздің 15 томдық түсіндірме сөздігін жарыққа шығардық. Мұндай мол сөздік қоры бар ұлттар әлемде аз. Қазақ тілі — елімізде азаматтық және мәдени біртектілік жасауға тікелей үлес қоса алатын аса зор рухани құбылыс. Тіліміздің орасан мүмкіндігін барынша пайдалана алмасақ, кінә тілден емес, өзімізден, немқұрайлығымыздан және тіл саясатының толыққанды жүргізілмеуінен деп айта аламыз.

Президенттің тікелей басшылығымен әлем елдерінде болмаған ерекше бағдарлама «Мәдени мұра» бағдарламасы дүниеге келді. Көптеген әдеби, мәдени, этнографиялық, тарихи-археологиялық мұраларымыз, жәдігерлеріміз ортаға оралды. Тәуелсіздік тұсында өнер қоғамдық ой-сананы оятушы, бағыттаушы құбылыс дәрежесіне көтерілді. Әсіресе, айтыс өнері қазақ мәдениетінің эстетикалық, этикалық және демократиялық сипатын паш етті. Жыршылар, күйшілер, термешілер байқаулары тарихи тамырдың үнін құлаққа естіртті. «Қазақтың мың әні», «Қазақтың мың күйі» сияқты электрондық нұсқада шығарылған жинақтар қазақ мәдениетінің толыққандылығын көрсетті. Осының бәрі қоғамымызға ұлттық, азаматтық біртектілікті қалыптасты-руға үлес қосуда.

Рухани мәдениеттің тағы бір басты ұстыны – ұлт тарихы, мемлекет тарихы. Белгілі антрополог ғалым, академик Оразақ Смағұлов дәлелдегендей, «Қазақ халқы және оның тегі антропологиялық тұрғыдан 4 мың жыл жасап келе жатқан біртұтас, бөлуге келмейтін антропологиялық ұжым, гомогендік популяция, яғни биологиялық, генетикалық ұлттық бірлікте». Мінекей, ықылым заманнан еншісі бөлінбеген, іргесі ажырамаған, керегесі ыдырамаған қазақ жұртының тарихи тамыры тым тереңде. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. ҚР Президенті Н. Назарбаев «1465 жыл сұлтандар Керей мен Жәнібек алғаш рет хандық құрып, біздің тарихымыз қазақ мемлекеттілігін осы кезден бастайды. Мүмкін, бұл термин біздің қазіргі түсінігіміздегі, бүгінгі шекарамыздағы бүкіл әлемге танымал және беделді болғанымыздай мемлекет бола алмаған да шығар. Бірақ сол замандағы басқа барлық мемлекеттер туралы да осылай айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде мемлекетіміздің негізі қаланғандығы, ал біздердің ата-бабаларымыздың ұлы істерін жалғастырғанымыз» , — деген еді. Бүгінгі Ұлы дала елі болып отырған тәуелсіз Қазақстан — ежелгі заманғы мемлекеттілікті қайта жандандырып отырған жасампаз ел. Қазақ ұлты тарихы мен Қазақстан тарихынан елімізді мекендеп отырған басқа ұлт өкілдері бөліне алмайды. Соңғы 2-3 ғасырда ортақ тарихи кезеңдерді бастан кештік. Патшалық империяның отарлық саясаты, Қазан төңкерісі, Кеңес үкіметі жылдары, Ұлы Отан соғысы, Кеңес одағының ыдырауы, Егемен Қазақстанның нығаю жолындағы саяси күрестер, бұның бәрі — ортақ тарих. «Тарихты құрметтемесең, болашақ сенің маңдайыңа тас лақтырады» — дейді ғалымдар. Қазақстан халқының өкілі өзі мекендеген ел мен жер тарихына немқұрайлы болмасқа тиіс. Ортақ тарих — бізді елдікке, мемлекетшілдікке бастайтын жол.

Әр түрлі көзқарастар мен мүдделерді үйлестіру, мемлекеттің тұрғындарын мемлекеттің азаматына айналдыру, Қазақстан халқын біртекті, біртұтас ұлтқа айналдыру – біздің ең басты мақсатымыз болуы керек. Халық біртұтас ұлт болмай, жер тұтас болмайды. Ендігі жерде қазақ ұлты бас болып өзінің ынтымақ бірлігін көрсетіп, басқа этностарды айналасына топтастырып, шын мәнінде, елдіктің тұтастығын қамтамасыз ететін шараларды жалғастыра беруі тиіс.

ҚР Конституциясының 2-бабында: «Қазақстан Республикасы – Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» делінген. «Қазақстан — 2050» Стратегиясында айтылғанындай, «Қазақстан – бірегей ел… Біз көп ұлтты сипаты бар, біртұтас елміз». Бізде көп ұлттар емес, шын мәнінде, заң тілімен айтсақ, көп ұлт өкілдері ғана тұрады, олардың кейбір мемлекеттердегідей өздерінің жеке құрылымдары мен мәртебелері жоқ. Біз Конституцияда көрсетілгендей, біртұтас елміз. Біз Қазақстанда130 ұлттың өкілдері тұрады деп даурығуды қоюмыз керек. Қазақстан халқы бір этномәдени кеңістік те, бірегей тілдік кеңістікте өмір сүрген де ғана біртекті, біртұтас, бірбүтін ұлтқа айнала алады. Бұл тұрғыда дамыған Түркия, Франция сияқты елдердің тәжірибесі бізге үлгі. Түркия азаматы — ол шыққан тегіне қарамастан түрік ұлты. Түрік тілімен, түрік мәдениетімен өмір сүреді. Ататүріктің мына сөзін жадымызда ұстаған дұрыс: «Мен –түрік ұлтынанмын дейтін адам бәрінен бұрын және міндетті түрде түрік тілінде сөйлеуге тиіс. Түрік тілінде сөйлемейтін адам өзінің түрік қауымына және түрік мәдениетіне жататынын қаншама қайталаса да, бұған сену дұрыс болмайды».

Өкінішке орай, біздің елде ешбір елдің тәжірибесінде жоқ құбылыс — мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер лауазымды қызметтер атқарып жүр. Әбіш Кекілбаевқа сүйенсек, тілсіздік атасыздыққа апарады, атасыздық отансыздық, отансыздық опасыздық, опасыздық имансыздық. Стратегияда «қазақ тілі біздің рухани негізіміз» деп айтылған, яғни мемлекеттік тіл — Қазақстан халқының рухани негізі. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде.

Мұрат САБЫР,

филология ғылымдарының докторы, профессор


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика