30.06.2016, 6:05
Қараулар: 68
Журналистер тәжірибе алмасты

Журналистер тәжірибе алмасты

IMG_8582


Бұқаралық ақпарат құралдары күніне орай «Аймақтық журналистиканың бүгіні мен ертеңі» атты облыстық журналистер форумы өтті.


Форумға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысып, журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Құрметті журналистер, сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Мерекеге орай ұйымдастырылған бүгінгі форум тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Оған Астанадағы «Bilim Mediа Group» ЖШС жетекшісі Нартай Әшім және журналистер Максим Рожин, Артур Нығметов қатысып, өңірлік БАҚ мамандарымен тәжірибе алмасуда. Бұл журналистің кәсіби біліктілігін арттыру үшін игі іс деп есептеймін. Журналистер әлеуметтік деңгейде болсын, экономикалық тақырыпта болсын, халыққа түсінікті, шынайы, нақты ақпарат таратып келеді. Осы бағыттарыңыздан таймаңыздар. Еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Марат Лұқпанұлы.

Астана қаласынан шақырылған тәжірибелі мамандармен қатар «Қазақстан – Орал» телеарнасының редакторы Жидегүл Аманғалиева, «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы ақпарат орталығының меңгерушісі Нұрлыбек Рахманов өңір журналистері алдында тақырыпқа сай әңгіме өрбітті.

– Бұл форумға журналистиканың түрлі салаларының мамандары жиналды. Визуалды контент туралы жоба қорғамақпын. Өзге әріптестерім жаңа медиа, интернет ресурстары туралы дәріс оқиды. Мұндай форумдар – журналистер арасындағы тәжірибе, пікір алмасудың мықты құралы, — деді журналист Максим Рожин. Ол қазақ фотожурналистикасының тарихы, авторлық құқық, әлеуметтік желілер, сапалы контент туралы баяндама жасады.

Журналист Артур Нығметов интернет ресурстары арқылы ақпарат тарату жөнінде сөйледі. Ол өзінің жобасында ғаламтордың көмегімен конвергенттік редакция жұмысын құру жөнінде айтты. Түрлі мысалдар келтіріп, тақырыпты аша түсті.

– Облысымызда маман журналистер өте аз. Сондықтан әрбір журналиске қалыптағыдан екі-үш есе көп тапсырмалар жүктеледі. Олар үшін кәсіби журналистикадан ақпарат алуға, тәжірибе алмасуға көмектесетін бүгінгідей форумдардың маңызы зор, – дейді облыстық «Қазақстан – Орал» телеарнасының редакторы Жидегүл Аманғалиева.

– Өңірімізде блогерлер аз. Олардың қызметі туралы кеңінен насихаттау үшін осындай кездесулерді жиі ұйымдастыруды ұсынамын, – деді «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы ақпарат орталығының меңгерушісі Нұрлыбек Рахманов.

Суреттерді  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар