30.06.2016, 6:04
Қараулар: 65
«Сол комсомолкалар қайда екен?..» (қаз-қалпында)

«Сол комсомолкалар қайда екен?..» (қаз-қалпында)

282-F


Бүгінде Евразия көшесімен жүре қалсам, осы бір тұстан өткенде, жүрегім сыздап қоя береді.


Олай ететіні – бұл жерде, бір кезде атағы алысқа кеткен Клара Цеткин атындағы тігін фабрикасы тұратын. Бәрін ретімен баяндайыншы. Ол кезде, яғни өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында ҚазГУ қалашығын салып жатқан республикалық комсомолдық екпінді құрылыстың комсомолдары қатарындамын. Университет құрылысын дүрілдетіп жатырмыз. Сол кезде республикалық «Лениншіл жас» жастар газетіне жылтыңдап жиі барамын. Жай бармаймын, комсомолдық екпінді құрылыста көзге түсіп жүрген озат комсомолдар жайлы, яғни өзімнің құрдастарым туралы мақала жазып ала барамын. Ол материалдарды кімге тапсыру жәйі шешілген. Қашан барсам да, мені баласынбай, айрықша жақынырақ тартып тұратын бір жан бар.  Ол  барған сайын «О, о, інім амансың ба! Кел, кел, төрлет!» — деп мені бауырына тарта, қарсы алатын Құрманғазы ағам. Бірнеше кітабы жарық көрген, бүгінде белгілі жазушы, Алматы қаласында тұратын Құрманғазы  Қараманұлы. «Ағам» — деп меншіктеніп отырғанымның себебі Қаратөбенің Егіндікөлінде туып-өскен. Қазақ Мемлекеттік университетінің түлегі Құрекең ол кезде «Лениншіл жастың» жұмысшы жастар бөлімін басқарады. Қарауында Ерғали Сағатов дейтін бізден үлкендеу азамат, сол газетте біраздан бері қызмет жасайтын болуы керек, екеуі бір бөлмеде отырады. Жұмысшы жастар бөлімі болғасын, оған біз сияқты құрылысшылар да кіреді екен.  Айналасы халықтан қайнап жататын Көкбазардың қасында орналасқан тоғыз қабатты ғимараттың 7-қабатында орналасқан «Лениншіл жастың» редакциясы ол жылдарда біз сияқты журналист болсам деп жүрген талай жастың арманы, жүрегі лүпілдеп кіретін ең бір қадірлі шаңырағы еді.

* * *

Сонымен  жазғы  еңбек демалысын алып, ауылға жинала бастадым. Аттанардың алдында қоштасып кетейін деп «Лениншіл жасқа», ондағы Құрекеме келдім. Мән-жәйді білгеннен кейін Құрекең өзінің асықпайтын әдетімен, қоңыр даусымен былай деді:

— Сен елге барғасын, уақыт тауып, Оралдағы К. Цеткин атындағы тігін фабрикасына соқсайшы.

– Аға, онда не істеймін? — дедім таңданғанымды жасыра алмай.

— Ол өзі атағы алысқа кеткен кәсіпорын ғой… Онда комсомолдар, әсіресе, қазақтың қыздары көп көрінеді деп естимін. Солардың арасынан озат бригада бола ма немесе екпінді еңбек етіп жүрген жекелеген тігінші комсомол қыздар бола ма, солар туралы мақала дайындап келсең бе  деп едім. Тіпті газеттің бетіне тартатындай топтама материалдар дайындай алсаң, түгел бір бет берейік, — деді. Алғашында сасып қалдым. Мен ол кезде Алматының өзінде, ҚазГУ қалашығынан, өзім ортасында жүрген, өзіме таныс саладан комсомолдық құрылыстан жазып жүр едім ғой. Мынау тігін фабрикасы. Әрі ылғи қыздар жұмыс жасайтын көрінеді. Шынында, ол фабриканың атын естігенім болмаса, ішіне кіріп көрмеппін. Қиналып тұрсам да: — Мақұл, аға, — дедім. Одан әрі Құрекем нендей нәрселерге көңіл бөлу керектігін, кімдермен сөйлесу қажеттігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Бұл менің «Лениншіл жастан» Алматыдан тыс жерге алған алғашқы тапсырмам еді. Содан «Алматы — Мәскеу» жүрдек пойызымен екі тәулік тербеліп, Оралға жеткенше, уайымым Құрекеңнің тапсырмасы болды. «Орындай аламын ба?..»

Оралға келген бойда, осы күнгі «Орал» қонақүйіне орналасып, фабрикаға бардым. Шынында да, сол кездегі Дзержинский көшесінде әйнек терезелері айлапат, жалт-жұлт етіп тұрған қаладағы әсем ғимараттардың бірі екен. Іргесінен өткенде-ақ, жаз күні болғандықтан, жартылай ашық тұрған терезелерінен тігін машиналарының бірқалыпты зырылы құлаққа келеді. Фабрика комсомол ұйымының хатшысы өзіміз шамалас қазақтың бойжеткен қызы болып шықты. Қалада өсіп, орысша оқығандықтан, қазақшаға шорқақтау. Жастар газетінің атынан, «Лениншіл жастан» келгенімді білгенде керім қуанды. «Республикалық жастар газетінен келіп тұрған тілшіні бірінші рет көріп тұрмын» — деп барлық жұмыстарын жиып қойып, менің қасымнан бір елі ұзамады. Ұзындығы атшаптырым цехтарды асықпай аралатты. Шағын үстелдердегі бір-бір машинканы иеленген қыздар төңіректі ұмытқан. Кейбір цехтарда 30-40 тігінші отыратын көрінеді. Шұқшиып, қолдары қолдарына жұқпайды. Олардың жұмыс барысымен таныса келе, таңғалған сәтім де болмай қалған жоқ. Бұрын ойлаушы едім, мысалы, тігінші шалбар тігетін болса, оны бастан-аяқ тігіп шығатын болар деп. Сөйтсек, олай емес екен. Мектеп шәкірттеріндей ұзыннан-шұбақ отырған қыздардың бірі шалбардың балағын пішсе, екіншісі оны тігеді, үшіншісі белін пішеді, төртіншісі тігеді, бесіншісі ілгегін қадайды, алтыншысы қалтасын тігеді, жетіншісі өтектейді дегендей, бәленбай операциядан кейін шалбар дайын болады. Фабриканың асханасынан хатшы бойжеткен екеуміз бірге түстеніп, түс қайта цехтарды тағы араладық. Тігіншілер отырған қатарды линия деп атайды екен. Жағалап келе жатқанымызда, қызығып кетіп, шалбардың балағын ұзына бойы тігіп жатқан бір бойжеткеннің машинкісіне отыруға сұрандым. Еш қиындығы жоқ сияқты, белгілі бір өлшеммен пішілген, машинка өтетін жер бормен сызылған, содан ауытқымасаң болды емес пе? Комсомол хатшысы біздің қасымыздан бір елі қалмай, еріп жүрген техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженер келіншекке қарап еді, ол келіспеді. Бірақ «Сіз шалбар өтектеуді білетін шығарсыз, өнімді қоймаға жөнелтердің алдындағы соңғы операция, соны орындап көріңіз» — деді күліп. Адамның абыройы төгілейін десе, аяқ астынан емес пе? Өтекті ұстай беріп байқадым, өзіміз үйреніп қалған кәдуілгі өтектердей лыпып тұрған жоқ, қара тастай, зілдей екен. Дегенмен көрейік! Быж ете қалған дымқылдау дәке жиырылып кетті де, өтек балақ матаны тістеп алғандай,  қарысып қалды. Соның арасынша осы операцияны орындап тұратын қыз қолымның сыртынан шап беріп, өтекті жұлқи көтерді. Бірақ кешігіпті, балаққа өтектің таңбасы түсіп қалыпты… Осы мезетте күміс легенге күміс теңгелер сау ете қалғандай қырық қыздың күміс күлкісі цех ішін кернеп кетті. Олар өтекті қолға алған тілшінің қимылын сырттай бақылап отырған ғой. Сөйтіп, алыстағы Алматыдан, «Лениншіл жастан» келген штаттан тыс тілшінің абыройы айрандай төгілді. Ұялған тек тұрмас деп, «Шалбардың құнын төлейін» — деп қалтамнан шиланымды суырып, абдырадым. Күміс легенге төгілген күміс теңгелердей  сыңғырлаған күміс күлкілер бағанағыдан да қатты шықты. «Ладно, в честь молодежной газеты одни брюки спишем» — деп линия бригадирі, орыс келіншегі мені жұбатып жатыр, тәңір жарылқағыр…

Комсомол хатшысы өндіріс озаттары деп екі қызды маған арнайы таныстырды. Екеуі де ауылдан келген, ұяң-ақ. Біреуі Оралдың пединститутына, екіншісі дәрігерлік училищеге әлденеше рет құжат тапсырып, жолдары болмаған. Мақсаттары – қалайда оқуға түсу. Олармен жұмыс сәтінде, цехта, кейін фабриканың айналасында жәй қыдырып жүріп әңгімелестік. Сұрағыңа ғана жауап қайтарып, көпке дейін шешіле қойған жоқ. Бір есімде қалғаны, фабриканың көше жақ бетінде жас қайыңдар қаздай тізіліп тұрды. Кезінде оларды жас шыбық күйінде еккен ғой, енді жапырақтарын желге таратып, кәдімгідей бой түзеп қалыпты. Озат комсомолдардың есімдері қателеспесем – Бақытжамал мен Сағира болуы керек. Бақытжамал әлгі жас қайыңдардың қасына келгенде, біреуіне жүгіріп барып, діңгегін еркелей сипап, «Сенбілікте менің еккен терегім» — деп әрі мақтанып, әрі қуанғаны есімде. Сол Бақытжамал былайырақ барғасын бізді елең еткізді. Ауылдасы ма, жақын ағайы ма, біреу туристік жолдамамен шетелге барады. Дүкендерді аралап жүріп, бір шалбар сатып алады. Шет тілінде жазылған әдемі жапсырма қағазын кейін елге келіп, бажайлап оқыса шалбар осы К. Цеткин атындағы фабрикадан шыққан екен. «Біздің өніміміз шетелге, экспортқа кетіп жатыр» — деп мақтанып еді, сонда тігінші комсомол.

Фабрика туралы, ондағы комсомол қыздар жайындағы мақалалар тұтас бір бет болмағанмен, «Лениншіл жаста» кейін үздік-создық жарияланды, (әрине, Құрекеңнің бас-көз болып, қырнап-сырлап, өңдеуімен шыққанын жасырмауымыз керек). Хатшы бойжеткен оларды оқығанын, риза болғанын айтып, арнайы хат жазып жіберіпті. Фабриканың жаңалықтарын айтып кейін де хат жазып тұрды. Олары әлі күнге менде сақтаулы, қараған сайын «Сол комсомолкалар қайда жүр екен?» деп қоямын…

* * *

Бүгінде Евразия көшесімен жүре қалсам, осы бір тұстан өткенде, жүрегім сыздап қоя береді. Олай ететіні – бұл жерде бір кезде атағы алысқа кеткен Клара Цеткин атындағы тігін фабрикасы болған. Қазір ол неше түрлі электрондық бұйымдар сататын әйдік сауда орталығына айналған. Түгелдей, жаңадан салынбаған. Бұрынғы айналасы атшаптырым ғимараттың ішісыртын евроүлгіге лайықтап, жарқырата  жөндеп, қас бет қабырғасын түгел әйнектеп, сауда орталығы қыла қойған. Бірі кіріп — бірі шыққан адамдар легі күні бойы үзілмейді. Бір кездегі Бақытжамалдар еккен, жапырақтарын желге таратқан ақ қайыңдар түгелдей қырқылып, орнына шыршалар егілген…

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар