30.06.2016, 6:03
Қараулар: 86
Еңбек қатынастарына арналған комиссия отырысы

Еңбек қатынастарына арналған комиссия отырысы

IMG_8470


Таяуда облыс әкімдігінде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Басқосуға жекелеген мекеме-кәсіпорын басшылары, кәсіподақ  жетекшілері және өзге де мүдделі тұлғалар қатысты.


Алқалы басқосуды аталмыш комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ашып жүргізді. Отырыстың күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Еңбек қақтығыстарының алдын алу жұмыстары туралы» облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарманың басшысы Жанат Асантаев пен «Жайықмұнай» ЖШС-ның әкімшілік директоры Жомарт Дәркеев хабарлама жасады. Жанат Асылханұлының пайымдауынша, өзі басшылық ететін басқарма жүргізіп отырған жүйелі мониторингке сәйкес, өңірде қазір әлеуметтік шиеленістің туындау ықтималдығы елеусіз. Алайда сол ахуалға кері әсері бар кейбір жағдаяттар орын алып отыр. Мәселен, құрдым (банкрот) ретінде танылған алты кәсіпорынның 129 қызметкеріне тиесілі 154,8 млн. теңге жалақыдан берешек қордалану жағдайында. Бұдан басқа сот орындаушылары атқару өндірісіне кіріскен үш кәсіпорында 235 адамға жалақы бережағы 14,962 млн. теңгені құрайды. Жалпы, 12 кәсіпорындағы 561 қызметкерге бережақ 181,212 млн. теңгеге жетті. Сонымен бірге ағымдағы жылдың  басынан бері 124 ұжымдағы 1892 қызметкерге 234, 345 млн. теңге жалақы қарызы өтелген. Заңбұзушылықты жою мақсатында 50 нұсқама беріліп,  38 жұмыс берушіге 7,147 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған.

Ал Ж. Дәркеев әлемдік дағдарыстың салдарынан «Жайықмұнай» ЖШС-ның кейбір ішкі шығындарды азайтуға мәжбүр болғанын айта келіп, сегіз адамның зейнет жасына келуіне байланысты және 21 қызметкердің келісім бойынша еңбек кодексіне сәйкес өтемақы төленуі арқылы жұмыстан босатылатынын айтты. Ол әрі қарай келешекте мүмкіндігінше жұмыс орындарын сақтап қалуға күш жұмсалатынын мәлімдеді.

Содан кейін Ақжайық және Бөкей ордасы аудандық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың жұмысы туралы мәселе қаралып, онда аталмыш аудан әкімдерінің орынбасарлары М. Жұматова мен Л. Қайырғалиева есеп берді. Лауазым иелерінің сөздеріне қарағанда, мәселен, Ақжайық ауданында былтыр аталмыш комиссияның төрт отырысы оздырылған. Отырыстарда «Еңбек кодексінің», «Жұмыспен қамту туралы» заңнамаларының және ұжымдық шарт, еңбек шарттарының талабын орындау барысы және басқасы қаралды. Қызметкерлердің  еңбек құқығын және әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде аудан мекемелерімен 117 ұйғарым жасалып, 459 адам қамтылған.  Бөкей ордасы ауданында да тындырымды істер аз емес. Аудан бойынша 67 кәсіпорынмен ұжымдық шарт жасалды. Өндірістік үдерімді тұрақтандыру, қызметкердің еңбек құқығы мен кепілдігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі ұйғарымға 46 кәсіпорын  қол қойды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» сайысына «Аққу» шаруа қожалығы мен «Санди» ЖШС қатысты. Биыл «Парыз» республикалық конкурсына қатысу үшін үміткерлер анықталып, оған «Нарын» мен  «А. Кәукешов» шаруа қожалығы ұсынылды.

«Кәсіптік одақтар» туралы» Қазақстан  Республикасының заңын және Жаңа еңбек кодексінің нормаларын түсіндіру жұмысы жөнінде облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов пен Ж. Асантаев хабарлама жасады. Ербол Ғұмарұлы өңірде 852 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар екенін айта келіп, олардың  58301 адамды қамтып отырғанын көрсетті. Кәсіподақ қозғалысы жыл өткен сайын ауқымын кеңейтіп, еңбек адамдарының заңды құқықтарын қорғауда белгілі бір жұмыстар тындырып келеді. Келешекте де кәсіподақ ұйымдарының саны мен сапасын арттыру мәселесі  күн тәртібінен түспек  емес. Облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма ұжымы «Еңбек кодексін» түсіндіру мақсатында былтыр Бөрлі, Зеленов, Теректі аудандары мен Орал қаласының жекелеген ұжымдарында кездесу өткізді. Оған 600-ден астам адам қатысқан. Биыл ұжымдарда еңбек заңнамасының негіздері бойынша құқықтық жалпы оқыту ұйымдастырылып, инспекция қызметкерлері 25 дәріс беріп, жалпы 1544 адамды қамтыған. Еңбек заңнамасын түсіндіруде облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері, «Қазақстан-Орал» және «ТДК-42» телеарналары, аудандық газеттер нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.

Соңғы мәселе «Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде» облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереевтің хабарламасы тыңдалып бекітілді.

Барлық мәселелер бойынша тиісінше шешімдер қабылданды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиында қаралған мәселелер бойынша нақты  ұсыныстар айтып, жиынды қорытындылады.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТOВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар