30.06.2016, 6:02
Қараулар: 18
«Тұтынушы құқығын таптауға болмайды»

«Тұтынушы құқығын таптауға болмайды»


Жақында облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің қызметкерлері аталмыш саланың өзекті мәселелерін талқылады.


«Даму» қорының аймақтық филиалының мәжіліс залында өткен бұл шараға облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Сапарғалиев,  «Қазақстан метрология институты» РМК БҚФ директорының орынбасары Решат Сабырғалиев және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Салтанат Қамешева техникалық регламенттердің маңызы жөнінде айтып, оны дайындау жоспары жөнінде баяндады.

— Техникалық регламент – өнiмдерге  және  олардың өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын мiндеттi талаптарды белгiлейтiн, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес әзiрленетiн және қолданылатын нормативтiк-құқықтық акт. Бұрын елімізде 97 техникалық регламент болса, бүгінде соның 87-сі қалды. Мұның себебі еліміз Кеден одағы, содан кейін Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кіргенде одақтың шартына сәйкес бірін-бірі қайталайтын 10 техникалық регламент алынып тасталды. Бұдан басқа тағы 62 техрегламент күшін жоюдың алдында тұр. Сонда бүгінгі таңда еліміз бойынша 25 техрегламент бар деп айтуға болады. Бұл  техрегламенттерді 2016 жылғы шілдеде әзірлеуші  мемлекеттік органдар техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органға сараптамадан өту үшін ұсыну қажет. Одан кейін бекітілген мерзімдерге сәйкес ағымдағы жылдың қазан айында салалық министрліктердің бұйрығымен бекітілетін болады, – деген Салтанат Қамешева Кеден одағының күшіне енген 35 техрегламенті жөнінде айтты.

Бұдан соң сөйлеген «Қазақстан метрология институты» РМК БҚФ директорының орынбасары Решат Сабырғалиев «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» ҚР  Заңына енгізілген өзгертулер туралы әңгімеледі. Оның сөзінше, енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік метрологиялық бақылау саласы кішірейіп, елімізде негізгі екпін калибрлеудің дамуына бағытталмақ. Осы жиында «Golden Rill Trad» ЖШС директоры Шолпан Өтербаева өңіріміздегі тұтынушылар құқын қорғау органдарының жұмысына өкпе артты.  Оның сөзінше, бүгінде қаланың әр түкпірінде таза суды бөлшектеп сатып отырғандар көп. Оларды ешкім тексермейді, оның сапасы қандай, суды қайдан алып жатыр, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ.

— Қит етсе, жеке кәсіппен айналысып жүргендер «Кәсіпкерлікті қолдауға сәйкес заң бойынша жеке кәсіппен айналысып отырғандарды тексеруге болмайды» деп өзеуреп шыға келеді. Кәсіпкерлікті дамытқан дұрыс, бірақ тұтынушы құқын осыншама таптауға болмайды ғой. Күні ертең дерегі белгісіз суды ішіп, біреу уланып қалса, кім жауап береді? Егер осылай кез келген жерден су тасып, оны сата беруге болатын болса, онда біз секілді серіктестіктер несіне несиеге қаражат алып, таза су өндірумен айналысып жүр?

Сондай-ақ көп қабатты үйлердің арасында өндірістік жұмыспен айналысып жатқандарды да көріп жүрміз. Бұл жерде де ешқандай тәртіп, ереже, заңдылық дегендер сақталып тұрған жоқ. Кәсіпкерлікті дамытамыз деп, адамдардың өміріне қауіп төндіріп жүрген жоқпыз ба? — деді ол күнделікті өмірде көрген-білгенін ортаға салып. Бұған жауап ретінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин жиналғандарға облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша департамент қызметкерлерінен түскен ақпаратты жеткізді. Аталған департамент қызметкерлерінің мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың қыркүйек айында ҚР Ұлттық экономика министрінің (2015 жылғы 16 наурыздағы) №209 бұйрығымен бекітілген суды мәдени-тұрмыстық пайдалану және су объектілерінің қауіпсіздігіне қатысты санитариялық ережелерге өзгерістер енгізілмек. Одан кейін іле-шала сөйлеген «Кублей» ЖШС бас технологы Гүлжаз Кенжеғалиева 2015-2017 жылдарға арналған мемлекеттік стандарттау бойынша жоспарға қосу үшін ҚР СТ «Хамса балық  және ұсақ майшабақ балықтар» ұлттық стандартын дайындауға өтінім жасады.

Жиын барысында кәсіпкерлер техникалық реттеулерден басқа да өзекті мәселелерді қозғап, түйткілді түйіндерді шешудің түрлі жолдарын қарастырды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар