25.06.2016, 6:01
Қараулар: 73
«Домбыраның қос ішегі»

«Домбыраның қос ішегі»

13516408_289869181402277_2784988638333592329_n


Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының концерт залында танымал домбырашылар, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев пен оның ұлы, ҚР мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы республикалық домбырашылар байқауының бас жүлдегері Асылхан Қазиевпен «Домбыраның қос ішегі» атты кездесу кеші өтті.


Шара мақсаты әкелі-балалы күйшілердің өнерлерін көпшілікке үлгі етіп, күй өнерін жас ұрпаққа насихаттау болды.

Кешке келушілер алдымен күйшілер әулетіне арналған «Көкірегі – күй шежіре» атты көрмемен танысты.

Кездесу барысында Дәулеткерей, Құрманғазы, Дина, Сейтек секілді белгілі күйшілердің шығармалары орындалды. Әкелі-балалы күйшілер сахна төрінде күй сайысын жасады. Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің домбырашылар ансамблі, «Ақжайық» халықтық би ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ Ермек Қазиевтің кішкене немерелері Айару мен Айзере әсем билерімен көптің көңілінен шықты.

— Мектепте оқып жүрген кезімде Сәкен Батыров есімді ұстазымыз болды. Сол кісі ашқан домбыра үйірмесіне аздап қатыстым. Бір кездері домбыраны қойып, спортқа кеттім. Әскерден келгесін мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болдым. Аудандық спорт комитетінің төрағасы болып қызмет еттім. Сөйтіп жүргенімде,  бір күні мені Орданың атақты халық оркестріне шақырды. Мен «Онда барып не бітіремін, көп ештеңе білмеймін ғой» деп едім, «Жоқ, сенің әкең күйші, түбі үйренесің» деп апарып, оркестрге отырғызып қойды. Бүгінгідей өнер иесі болып қалыптасуыма сол оркестрдің көп көмегі тиді. Жыл жарым уақыттың ішінде оркестр шығармаларының  барлығын құймақұлақтықпен үйреніп шықтым. 1972 жылы Орданың халық оркестрі Алматыға барды. Оркестр іште жатқан қарым-қабілетті оятқан болса керек, мен сол жолы Алматыға бас домбырашы болып бардым. Талай конкурстарға қатысып, лауреат атандық. Содан кейін ғана әкемнен ескі күйлерді үйрендім. Осылайша күйшілік жолға түстім, — деп жауап берді Ермек Еселұлы өнерге келу жолына қатысты қойылған сұраққа.

Ермек Еселұлының замандасы Шайхолла Елемесов, ардагер Тихон Әліпқали, ақын Айсұлу Қадырбаева, Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры Нұржан Сертеков, күйшінің қарындасы Асылғаным Қазиева кеш иелерін құттықтап, күй өнері туралы әңгіме өрбітті. Әсіресе, «Алтын қорға» қазақтың 28 күйін табыс еткен Ермек Қазиевтің әкесі Есел күйші туралы оның көзін көре қалғандардың естеліктері көпшілікті әдемі әсерге бөледі.

— Бабадан қалған өнерді алып жүру дәл қазіргі уақытта маған қиынға соғып жүрмеген сияқты. Өйткені өнердегі әріптестерімнің, ұстаздарымның ортасында жүрмін. Бірақ «Өзім игерген өнерді әрі қарай ұрпағыма тиісті деңгейде аманаттай аламын ба?» деп алаңдаймын, — дейді Асылхан Қазиев кеш жүргізушісінің сұрағына берген жауабында.

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла кеш иелеріне облыстық  мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының алғысхатын табыс етті.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар